» » ОҚУ МӘДЕНИЕТІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

ОҚУ МӘДЕНИЕТІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

Кітапханаға келуші көп, бұл нені көрсетеді?
Қазақстандағы ресми статистикаға қарасақ, кітапқа деген сұраныс бар екенін байқауға болады. Бұған дәлел ретінде, Ұлттық статистика бюросының ресми сайтындағы мәліметке назар аударсақ, осы жылдың 1 қаңтарында елімізде 3912 қоғамдық кітапхана жұмыс істеген, ал өткен жылы кітапханаларға келушілер саны 55,2 миллион адамды құраған. Кітапханалар мәдениет саласындағы ең көп келуші қабылдайтын және ең көп мәдени іс-шара өткізетін мекемелердің қатарында болды. Бұл ресми дерек арқылы біз қазақ қоғамында кітапханаға, ақпаратқа және білім алуға деген сұраныстың сақталғанын көреміз.
Барлық кітапхана қызметі де заманға сай цифрландырылып, электронды каталог пен жылдам іздеу мүмкіндіктері енгізілуі қажет. Кітап клубтары, әдеби кездесулер, пікірталастар, балаларға арналған шығармашылық сағаттар, түрлі форматтағы мәдени іс-шаралар оқырманды кітапханаға тартудың заманауи жолдары.
Ұлттық статистика бюросының ресми дерегіне жүгінетін болсақ, былтыр еліміздегі кітапханалар 234,8 мың мәдени іс-шара өткізген. Демек, кітапхана енді тек кітап сақтайтын орын емес, қоғамдық және мәдени коммуникация орталығына айналуда.
Кітап оқитын ұлт мәдениетін қалыптастыру және еліміздің сауаттылық әлеуетін дамыту үшін мемлекет тарапынан инфраструктурадан бастап, мәдени іс-шараларға да қолдау көрсетілуде. 2024 жылдан бастап Қазақстанда 23 сәуір – Ұлттық кітап күні ретінде белгіленді. Бұл күннің енгізілуі – қоғамдағы оқу мәдениетіне назар аударудың бір белгісі. Сонымен қатар Президентіміз ҚасымЖомарт Кемелұлының бастамасымен және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат минстрлігінің қолдауымен жалпы республикалық «Кітап оқитын ұлт» атты кітап оқу марафоны қыркүйек айынан басталды. Бұл жобаның басты мақсаты – еліміздегі оқушылардан бастап, колледж, жоғарғы оқу орындары студенттері, мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер, жалпы кітапқұмар оқырмандар арасында кітапқа деген қызығушылықты арттыру, кітап оқуды әдетке айналдыруды жалпы қоғамға насихаттау, оқу мәдениетінің таралуына кеңінен үлес қосу, адамдардың сыни және аналитикалық ойлау қабілетін дамытуды көздейтін ауқымды зияткерлік-ағартушылық бастама. Міне, осындай республикалық деңгейдегі ауқымды жобалар, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, оқу мәдениетінің жаңаша сипатқа ие болуының айқын көрінісі.
Оқырман өзгерді
Бүгінгі күні цифрлық дамудың дәуірлеу заманында кітап оқитын оқырманның бейнесі мүлде басқаша. Ол кітапты қағаздан да, электронды нұсқаларын ұялы телефоннан, компьютерден де оқиды, тіпті кез келген аудиокітапты жүктеп алып тыңдайды, демек оқу мәдениетін тек қағаз кітаппен өлшеу жеткіліксіз.
Қазір оқырманның, әсіресе жас буынның талғамы да өзгеріп, кез келген ақпаратты тез қабылдауға үйренді, ал ұзақ мәтінді соңына дейін оқу шыдамдылықты талап етеді. Ғаламтордағы, түрлі әлеуметтік желідегі қысқа мәтіндер, бейнероликтер мен қысқа форматтағы түрлі контент адамның зейінін төмендетіп, назарын бөлшектеп жіберді. Сонымен қатар ғаламтор мен әлеуметтік желілерден бірнеше секунд ішінде ондаған ақпарат алуға болады, бірақ ақпараттың көп болуы білімнің және оның сапасының жоғары екенін білдірмейді. Дегенмен, көлемді кітаптың бәрі пайдалы, ал қысқа мәтіннің бәрі пайдасыз деуге болмайды. Оқу мәдениеті ең алдымен ақпаратты қабылдау, талдау, салыстыру, түсіну және сыни ойлау қабілетімен өлшенеді. Бұл ретте ұстаздарымыздың пікірін білгенді жөн көрдік.
– «Қазіргі цифрлық дәуірде оқу мәдениеті айтарлықтай өзгерді десем де болады. Себебі, ұстаз ретінде бүгінгі оқушыларды шартты түрде үш топқа бөлуге болады: бірінші топ, саналы оқырмандар, яғни өзіндік таңдауы бар, көркем әдеби шығармалар мен заманауи әдебиеттерді өзі үшін оқитын азшылық топ. Бұл топта кітапты оқушылар өздері ізденіп, оқып, рухани тұрғыдан дамытуға атсалысады. Екінші топта бағдарламалық оқырмандар, яғни мектеп тапсырмасы немесе баға үшін оқитындар. Бұл топ өкілдері көбіне аудиокітаптар мен қысқаша мазмұндарды жөн көреді. Үшінші топ, тренд оқырмандары, әлеуметтік желілердегі трендтер мен сұранысқа ие бестселлерлерді оқитын жастар. Бұл өзгерістерден корқудың керегі жоқ, ең бастысы – оқу процесін цифрлық заманға сай бейімдеп, кітаппен жұмыс істеудің интерактивті тәсілдерін дамытуымыз керек деп ойлаймын, – дейді 250 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлжаһан Ерназарова.
Кітаптың ерекшелігі – ол адамды бір мәселені тереңірек түсінуге, автордың нені меңзегісі келгенін толғандыруға мәжбүрлейді. Оқиғаны, кейіпкерді немесе белгілі бір идеяны соңына дейін бақылау арқылы оқырманның ой қорыту, аналитикалық және сыни ойлау қабілетін қалыптастырады. Сондықтан бүгінгі күні мәселе «қоғам кітап оқи ма, оқымай ма?» деген қарапайым сұрақпен шектелмеуі тиіс, маңыздысы – адам не оқиды, қалай оқиды және оқығанын қалай пайдаланады деген сұрақтар төңірегінде болуы маңызды.
Бүгін адамның бір жылда қанша кітап оқығанын есептеу сәнге айналды, бірақ кітап санын көбейту оқу мәдениетінің жалғыз өлшемі емес. Он кітап оқып, оның мазмұнын түсінбеуден гөрі, бір кітапты ойланып оқып, одан қорытынды шығару маңызды болуы мүмкін. Сондықтан қазіргі қоғамға жай ғана көп оқитын адам емес, оқығанын саралайтын, ақпаратты тексеретін, өз ойын қалыптастыра алатын оқырман қажет. Кітап оқу мәдениетінің жаңа кезеңі де осыдан басталады. Ең бастысы «көп кітап оқу» емес, «сапалы оқу», кітапқа деген биік талғамның қалыптасуы маңызды. Осы ретте Қазақстан Журналистер одағының құрметті журналисі, ардагер-журналист Алтай Үсенұлының ойын сұраған едік.
– Қазіргі таңда әрбір оқырманның кітапқа деген жеке өзіндік талғамы болуы керек. Бұрынғыдай емес, қазір кез-келген кітапты ғаламтор арқылы электронды нұсқасын жылдам табуға болады немесе кітап дүкендерінен тапсырыс беру тіпті елді мекендерге дейін қолжетімді. Сондықтан әрбір сала, мамандық бойынша немесе көркем әдеби шығармаларды оқуды дағдыландыруға еш кедергі жоқ, тіпті кез келген газет-журналдарды да ресми сайттарына кіріп оқуға болады. Әсіресе жастар осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланғаны абзал. Өйткені, кітап оқу адамның ойлау қабілетін дамытып, сөздік қорын байытады, өзіндік дүниетанымын қалыптастырады. Көркем әдеби шығармалар адамды адамгершілікке, отансүйгіштікке, мейірімділікке, жауапкершілікке тәрбиелесе, ғылыми-танымдық кітаптар жаңа ақпарат алуға, алған біліміңді тереңірек игеруге мүмкіндік береді, – дейді сала ардагері.
Ауылдағы кітапхананың рөлі қандай?
Ауыл кітапханасы – тек кітапқа жазылатын мекеме ғана емес, сонымен қатар балалар мен жастар, жалпы көпшілік үшін білім алатын, рухани дамуға атсалысатын, пікір алмасатын, мәдени іс-шараларға қатысатын ортаға айнала алды. Мысалы, жалпы ауданымызда 18 кітапханамен, әр кітапханада коворкинг орталықтары аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Аудандық орталық кітапханамыздан алынған ресми мәліметке сүйенсек, осы жылдың қаңтарқыркүйек айлары арасында 136939 оқырман келген, оларға 298519 дана кітап беріліп және оқырмандар арасында 342 мәдениағартушылық іс-шара жүргізіліп, оған 13888 адам қатысып, белсенділік танытқан. Демек, ресми дерек арқылы аудан тұрғындарының ортақ құндылық төңірігінде топтаса алатынын, әдебиет пен өнерге қызығатын жандар кездесетінін, ортақ пікір алмасатынын, дүниетанымдарын кеңейтетіндерін байқауға болады. Себебі, кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен және қолдауымен түрлі әдеби кештер, кітап авторларымен кездесулер, кітап көрмелері, интеллектуалдық сайыстар мен тәрбиелік сағаттар, мүшәйралар мен онлайн форматта түрлі шаралар аудан тұрғындарының кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру, жаңа білім алу және жетілдіру, рухани даму мақсатын көздейді. Аудан тұрғындары тек қана аудан көлемінде ғана емес, облыстық, республика көлемінде түрлі іс-шараға қатысуға қызығушылық танытып отырады.
Кітапханаға келушілер саны, кітапханалардың қызметі және жаңа оқу форматының пайда болуы кітапқа деген қызығушылықтың әлі де бар екенінің айқын дәлелі. Өзгергені тек оқырманның өзі және оның оқу тәсілі. Бүгінгі міндет – қоғамды, әсіресе жас буын өкілдерін телефоннан ажыратып, міндетті түрде кітапқа отырғызу емес, негізгі мақсат – оларға сапалы ақпаратты таңдай білуді, терең оқуды, ойлануды және оқығанынан қорытынды шығаруға үйрету, сонымен қатар уақытты тиімді пайдаланып, күнделікті кітап оқуға уақыт арнауды дағдыландыру, цифрлық мүмкіндіктерді білім мен рухани дамуға пайдалана білу. Демек, кітап оқитын қоғам – қолында кітап ұстап отырған адамдардың көптігі ғана емес, ол – ойлайтын, талдайтын, пікірін дәлелдей және ойын жүйелі түрде жеткізе алатын, білімге, жаңа ақпаратқа, заманның өзгеріс ағымына қарай бейімделуге ұмтылатын қоғам.
Құралай КӨКЕЕВА
14 қазан 2026 ж. 100 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (10546)

13 қазан 2026 ж.

№77 (10545)

10 қазан 2026 ж.

№76 (10544)

06 қазан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 048
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 264

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031