ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ: әке ұл тәрбиелейді, ана ұлт тәрбиелейді
Қоғам өзгерген сайын адамның өмір салты, дүниетанымы мен қарымқатынасы да өзгереді. Бүгінде технология тұрмысты жеңілдетіп, ақпаратқа қолжетімділікті арттырды. Әйел мен ер адамның қоғамдық рөлі кеңейді, бала тәрбиесіне көзқарас жаңарды. Алайда осы өзгерістердің арасында бір нәрсе өз маңызын жоғалтпауы тиіс. Ол – отбасы құндылығы.
Отбасы – адамның қоғамдағы алғашқы мектебі. Бала ең бірінші қарым-қатынасты, сыйластықты, жауапкершілікті, жақсы мен жаманды ажыратуды отбасынан үйренеді. Сондықтан отбасының беріктігі тек жеке шаңырақтың мәселесі емес, тұтас қоғамның мәдениеті мен болашағына әсер ететін фактор. Бүгінде «отбасы құндылығы» деген ұғымды тек үлкенді сыйлау, дастарқан басында бірге отыру немесе дәстүрлі салттарды сақтау деп түсіну жеткіліксіз. Құндылық – адамның күнделікті әрекетінен көрінетін ұстаным. Адалдық, жауапкершілік, өзара құрмет, сабыр, кешірімділік, мейірім мен қамқорлық отбасындағы қарым-қатынастың негізіне айналғанда ғана оның тәрбиелік мәні артады.
ДӘСТҮР ӨЗГЕРЕДІ, ҚҰНДЫЛЫҚ ӨЗГЕРМЕЙДІ
Қазақ қоғамында отбасы әрқашан ерекше орын алған. «Отан – отбасынан басталады» деген түсінік те осыдан қалыптасқан. Бұрын отбасы бірнеше ұрпақтың басын қосып, үлкен мен кішінің арасындағы байланысты үзбей ұстап тұрған орта болды. Бүгінде өмір сүру салты өзгерді. Жас отбасылардың жеке шаңырақ көтеруі, ата-анадан бөлек тұруы қалыпты жағдайға айналды. Бірақ бұл дәстүрдің мәні жоғалды деген сөз емес. Өйткені дәстүрдің сыртқы формасы өзгергенімен, оның тәрбиелік өзегі сақталуы керек. Үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу, еңбекті бағалау, ағайынмен араласу, қиындықта бір-біріне сүйену сияқты қасиеттер заманға тәуелді емес.
Осы жөнінде ардагер ұстаз, әжелер ансамблінің мүшесі Талмаш Жұмабаева апамыз былай дейді.
– Тәрбиенің бастауы, ең тамаша мектебі – отбасы. Тәрбие, тәртіп ең алдымен отбасынан басталады. Қазақ халқының өзіне тән отбасы дәстүрлері мен ұлттық құндылықтары бар. Ұлттық құндылық – ұлттық тәрбие, ұлттық бірліктің негізі, ұлттық тарихымыздың өзегі. Құндылық дегеніміз – өте кең ұғым. Ол адамның дүниеге келгенінен өмірінің соңына дейінгі сенімі, дүниетанымы, дәстүрі мен ұлттық тәрбиесін қамтиды, – дейді ардагер ұстаз.
Бұл пікірдегі маңызды мәселе – отбасы тәрбиесінің бір күндік немесе бір кезеңдік міндет еместігінде. Балаға кішкентайынан қалыптасқан мінез-құлық кейін оның азаматтық ұстанымына айналады. Сондықтан ұлттық құндылықты тек мерекелік шараларда немесе мектептегі тәрбие сағаттарында көрсету жеткіліксіз. Ол үйдегі күнделікті сөзден, атаананың әрекетінен, үлкендермен қарым-қатынастан көрінуі керек.
ТӘРБИЕГЕ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК КЕРЕК
Отбасындағы тәрбиені тек анаға немесе тек әкеге жүктеу – мәселенің бір жағын ғана көру. Бала үшін әкенің де, ананың да орны бөлек. Ана көбіне баланың эмоционалдық әлеміне жақын болса, әке жауапкершілік, тәртіп, табандылық сияқты қасиеттерді ісімен көрсетуі керек. Бірақ бұл міндеттерді қатаң бөліп қоюдан гөрі, екеуінің бірінбірі толықтыруы маңызды.
Халық даналығында «Ата – ұлды, ана – ұлтты тәрбиелейді» деген сөз бар. Мұнда ананың отбасындағы ықпалы айқын көрінеді. Ана – үйдегі көңіл күйді қалыптастыратын, баланың жан дүниесін түсінетін тұлға. Дегенмен отбасының берекесі бір адамның мінезіне ғана тәуелді емес. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметі мен ортақ шешімі де маңызды.
Талмаш Жұмабайқызы бұл жауапкершілікті ананың сабырымен байланыстырады.
– Отбасының шырағы да, шуағы да – ана. Отбасының берекесі мен бірлігі көп жағдайда анаға байланысты. Ана қандай жағдайда да сабыр сақтап, дұрыс шешім қабылдай білуі керек. «Үй өзімдікі деме, үй сыртында кісі бар» деген сөз бар. Айқаймен, ашумен мәселе шешілмейді. Отбасындағы құндылықтарға адалдық, жауапкершілік, өзара құрмет, төзімділік, сүйіспеншілік, мейірімділік пен ризашылық жатады. Осы қасиеттер ана бойынан табылса, отбасының бірлігі мен берекесі де сақталады, – дейді апамыз.
Алайда барлық жауапкершілікті әйелге артып қоюға болмайды. Отбасы – екі адамның ортақ өмірі. Ер адамның да жарына құрмет көрсетуі, балаға уақыт бөлуі, отбасындағы мәселеге немқұрайлы қарамауы – шаңырақтың тұрақтылығы үшін аса қажет.
Бұл ретте аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Мағауия Әлиев бала тәрбиесінде әкенің үлгісі ерекше екенін айтады.
«Тәрбие жөнінде үш одақ бар: мектеп, ата-ана, қоғам. Осы үш одақ бірігіп, бір бағытта жұмыс жасауы қажет. Бала тәрбиесіне немқұрайлық танытпауымыз керек. «Тәрбие отбасынан басталады» деп жиі айтамыз. Бірақ осы сөзді іс жүзінде қаншалықты орындап жүрміз? Әкенің бала тәрбиесіндегі орны өте жоғары. Әрбір әке баласына үлгі болуы керек. Егер әке баланың көзінше балағат сөйлеп, дұрыс емес әрекет көрсетсе, одан қандай тәрбие күтеміз? Әке өз ісімен жауапкершілікті, тәртіпті, еңбекқорлықты көрсетуі қажет» дейді Мағауия Бердібекұлы.
Бұл пікірдегі өзекті мәселе – еңбек тәрбиесі. Қазіргі балалардың көпшілігі дайын дүниені тұтынуға бейім. Ал еңбектің қадірін сезіну үшін баланы міндетті түрде ауыр жұмысқа салу шарт емес. Үйдегі қарапайым шаруаны бірге атқару, өз затын жинау, үлкенге көмектесу, белгілі бір іске жауапты болу – жауапкершіліктің алғашқы баспалдақтары. Мұнда мектептің де міндеті бар. Бірақ баланың мінезін, әдетін, өмірлік ұстанымын қалыптастыру жауапкершілігін толығымен білім беру ұйымына ысырып қою дұрыс емес. Мектеп білім мен тәрбие бағытында жұмыс істесе, отбасы сол тәрбиені күнделікті өмірде бекітуі қажет. Заман өзгерді, бірақ отбасыға қойылатын талап өзгерген жоқ. Қазіргі отбасының алдында бұрын болмаған жаңа мәселелер тұр. Соның бірі – цифрлық орта. Телефон, әлеуметтік желі, түрлі платформалар баланың уақытын ғана емес, оның ойлау жүйесі мен қарым-қатынас мәдениетін де қалыптастыруда. Кейде ата-ана баланың қолына телефон беріп, оның тыныштығын қамтамасыз еткенін тәрбие деп қабылдайды. Бірақ экран баламен сөйлеспейді, оның көңіл күйін сұрамайды, дұрыс пен бұрысты түсіндірмейді. Технология көмектесуі мүмкін, алайда ата-ананың орнын баса алмайды. Отбасындағы тағы бір күрделі мәселе – жас жұбайлардың қиындыққа төзімділігі. Қаржылық мәселе, тұрмыстық жауапкершілік, жұмысбастылық, мінез үйлесімсіздігі сияқты жағдайлар кез келген отбасында кездесуі мүмкін. Мәселе қиындықтың болмауында емес, оны бірге еңсере білуде.
Мағауия Әлиевтің айтуынша, жас отбасылардың бір-бірінің кемшілігін ғана іздеуі түсініспеушілікке алып келуі мүмкін.
«Жас отбасылар бір-бірін түсінуге, қиындықты бірге жеңуге ұмтылуы керек. Кейде жастар қиындыққа шыдамай, бір-бірін төмендетіп, кінә іздей бастайды. Соңы түсініспеушілікке, тіпті ажырасуға әкеліп жатады. Мұнда тек бір тарапты кінәлау дұрыс емес. Отбасындағы тәрбиеде де, қарым-қатынаста да екі жақтың жауапкершілігі бар. Әрбір әке ұлттық салт-дәстүрді сақтап, оны баласына үйретуі керек. Мектеп те ұлттық құндылықтарды күнделікті тәрбие жұмыстарында насихаттауы қажет. Бірақ бұл тәрбие мектеп қабырғасында ғана қалып қоймай, отбасында жалғасын табуы тиіс» дейді ол.
Бұл ой қазіргі қоғам үшін маңызды сұрақты алға тартады: біз балаға нені үйретіп жатырмыз және өзіміз оған қандай үлгі көрсетіп жүрміз?
Баладан сыпайылық талап етіп, өзіміз үйде дөрекі сөйлесек; еңбекті бағалауды айтып, өзіміз жалқаулық танытсақ; үлкенді сыйлауды үйретіп, өзіміз ата-анамен дұрыс қарым-қатынас жасамасақ, тәрбиенің сөзі мен ісі екі бөлек кетеді. Бала атаананың айтқанынан бұрын жасаған әрекетін қабылдайды. Сондықтан отбасы тәрбиесінің ең тиімді құралы – жеке үлгі. Балаға «жақсы бол» деуден бұрын, жақсы қарым-қатынасты көрсету абзал. «Кешірім сұра», «үлкенді сыйла», «еңбек ет» деген сөздер ата-ананың өз мінезінен көрінгенде ғана шынайы мәнге ие болады.
ШАҢЫРАҚТЫҢ БЕРІКТІГІ – ҚОҒАМНЫҢ БЕРІКТІГІ
Отбасы мәселесін тек тұрмыстық деңгейде қарау жеткіліксіз. Шаңырақта қалыптасқан қарым-қатынас кейін адамның қоғамдағы мінезіне әсер етеді. Үйде пікірін тыңдатуға ғана үйренген бала ертең қоғамда да өзгелердің пікірін қабылдауға қиналуы мүмкін. Ал өзара сыйластықты көріп өскен бала келісімге келудің, жауапкершіліктің маңызын ертерек түсінеді. Сондықтан бүгінгі отбасыға қойылатын талап – өткенді сол күйінде қайталау емес, оның құндылығын қазіргі өмірмен үйлестіру. Дәстүрді сақтау дегеніміз – бұрынғының барлық формасын өзгеріссіз қайталау емес. Оның адамды адамгершілікке тәрбиелейтін мәнін жоғалтпау. Қазақ отбасындағы үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, қонақжайлық, еңбекқорлық, ағайынмен татулық сияқты құндылықтар қазіргі қоғамда да өзекті. Оларға заманауи диалог мәдениетін, баланың жеке пікірін құрметтеуді, әке мен ананың ортақ жауапкершілігін қосу – дәстүр мен бүгінгі өмірдің үйлесімін қалыптастырады. Отбасы құндылығы – баланы тәрбиелеуден ғана емес, бір-бірін түсініп, құрметтеп, қиындықта бірге болудан басталады. Шаңырақтағы сыйластық, ата-әженің өнегесі, әке мен ананың өзара қарымқатынасы, балаға көрсетілген қамқорлық пен жауапкершілік – барлығы біртұтас тәрбиенің негізін құрайды. Бала сондай ортада өсіп, отбасының қадірін айтылған ақылдан емес, күнделікті өмірден үйренеді. Сондықтан отбасы беріктігін тек ажыраспаумен немесе бір шаңырақ астында өмір сүрумен өлшеу аздық етеді. Нағыз береке – бір-бірінің пікірін тыңдай білу, кешіре алу, қуанышты да, қиындықты да бірге бөлісу, әр мүшенің өзін осы шаңыраққа қажет сезінуінде. Бала үшін мұның бәрі – көрінбейтін, бірақ өмір бойы бірге жүретін тәрбие. Сол себепті «балаға қандай тәрбие береміз?» деген сұрақпен қатар, «баламызға қандай отбасы үлгісін көрсетіп жүрміз?» деген сауалды да өзімізге қойғанымыз жөн. Өйткені бүгінгі шаңырақтағы қарым-қатынас – ертеңгі ұрпақтың отбасы туралы түсінігі, ал бүгін қалыптасқан отбасы мәдениеті – ертеңгі қоғамның негізі.
Бауыржан ЖҮНІС

















