» » БАҚЫТТЫ ҚОҒАМ НЕГІЗІ

БАҚЫТТЫ ҚОҒАМ НЕГІЗІ

Отбасылық қарым-қатынас, бала тәрбиесі және қиын жағдайларды еңсеру отбасы мүшелеріне ортақ міндет. Отбасы – адамның өміріндегі ең маңызды ортаның бірі. Бала ең алғашқы мейірімділікті де, қарым-қатынасты да, жауапкершілікті де, адамдар арасындағы сыйластықты да отбасынан үйренеді. Сол себепті отбасының беріктігі тек ерлі-зайыптылардың қарымқатынасына емес, баланың психологиялық дамуына да тікелей әсер етеді.
Бүгінде жастардың отбасылық өмірге дайындалуы, ерлізайыптылардың міндеттерді дұрыс бөлуі, бала тәрбиесінде жазалау мен айқайдан бас тартуы, ажырасу жағдайында баланың психологиялық қауіпсіздігін сақтау сияқты мәселелер ерекше назар аударуды қажет етеді. Жалпы отбасылық өмірге дайындық неден басталады?
Отбасын құруға дайындық тек материалдық жағдаймен өлшенбейді. Үй, жұмыс, қаржы – отбасы өмірінің маңызды бөлігі болғанымен, бақытты қарым-қатынастың негізі психологиялық дайындыққа келіп тіреледі. Болашақ ерлі-зайыптылар бір-бірінің мінезін, өмірлік құндылықтарын, болашаққа деген көзқарасын білуі қажет. «Бала тәрбиесін кім жүргізеді?», «Үй шаруасы қалай бөлінеді?», «Қаржыны қалай басқарамыз?», «Ата-аналарымызбен қарым-қатынасымыз қандай болады?», «Келіспеушілік туындағанда мәселені қалай шешеміз?» деген сұрақтар некеге дейін талқыланғаны жөн.
Қазақстанның неке және отбасы заңнамасында да неке ерікті әрі толық келісім негізінде құрылатыны және ерлі-зайыптылар құқықтарының теңдігі, отбасылық мәселелерді өзара келісім арқылы шешу керек қағидаттары бекітілген. Психологиялық тұрғыдан алғанда, отбасы – «кім жеңеді?» деген жарыс емес, «екеуіміз мәселені қалай шешеміз?» деген серіктестік басты рөлде болуы керек.
Отбасындағы жанжалдардың бір себебі – тұрмыстық міндеттердің әділетсіз бөлінуінде. Үй шаруасы – бір адамның ғана міндеті емес. Бір адам тамақ дайындап, үй жинап, бала тәрбиесімен айналысып, екінші адам бұл еңбекті байқамауы мүмкін. Сондықтан міндеттерді алдын ала келісіп алған пайдалы. Ең бастысы – «сен міндеттісің» деп емес, «біздің отбасымыз үшін қайсысы ыңғайлы?» деген шешімге келу маңызды.
«Сен ештеңе істемейсің!» деген айыптаудың орнына «Соңғы уақытта шаршап жүрмін. Үйдегі мына екі міндетті сен өзіңе алсаң, маған үлкен көмек болар еді» деп нақты өтініш білдірген дұрыс. Бұл – жанжал емес, мәселені бірлесіп шешудің жолы.
Қоғамда баланың балабақшаға бейімделуі деген де сұрақ бар. Ол ата-анаға да сынақ. Балабақшаға алғаш бару – бала өміріндегі маңызды өзгеріс. Бала ата-анасынан ұзақ уақытқа бөлініп, жаңа ортаға түседі, өзге тәртіпке, тәрбиешіге және басқа балаларға үйренеді. Осы кезде жылау, ата-анасынан қалғысы келмеу, ашуланшақтық сияқты әдеттер байқалуы мүмкін. Мұндайда баланы ұрыспай, оның сезімін түсінуге тырысу қажет. «Жылама!» деудің орнына «сен қазір мені қимай тұрғаныңды түсініп тұрмын. Сағынасың. Бірақ мен сені міндетті түрде алып кетемін» деген сөз баланың өзін қауіпсіз сезінуіне көмектеседі. Қоштасуды тым ұзаққа созбай, ата-ана сенімді дауыспен қоштасып, уәдесін орындаса, балада сенім пайда болады. Балаға айқай емес, түсіндіру – тәрбиенің тиімді жолы.
Бала тәрбиесінде ата-ананың ашуы – жиі кездесетін мәселе. Бала айтқанды бірден орындамаса немесе қателік жасаса, бірден дауыс көтеріп, ұрсып жатамыз. Осы айқай, балаға зеку баланы тәрбиелеудің тұрақты әдісіне айналса, ол ата-анадан қорқып, ойын жасыруды үйренеді. Сондай-ақ, баланы кемсіту де қауіпті. «Сенен түк шықпайды», «Қолыңнан ештеңе келмейді», «Сен жаман баласың» деген сөздер баланың жеке тұлғалық қабілетіне бағытталатындықтан балада өзін төмен бағалау, сенімсіздік, өзгеге деген қызғаныш, жек көрушілік, жауапсыздық сезімі пайда болып, оның жігерін құм етеді. Жалқаулық пен бойкүйездік те осындай балада белең алады. Оның орнына нақты әрекетке баға беріп, «Сен жақсы баласың, бірақ ойыншықты лақтыруға болмайды» деген секілді сөздер оған демеу болады. Бұл жерде ата-ана баланың өзін емес, әрекетін түзетеді.
Бала ашулануы мүмкін. Ол – қалыпты сезім. Бірақ ашуланған кезде ұруға, тістеуге, зат лақтыруға болмайтынын түсіндіру қажет. Бұл сезімге – рұқсат, бірақ қауіпті әрекетке – шекара қою. Бір сөзбен айтқанда, бала – ата-ананың айнасы. Берік отбасы бала үшін – бақытты болашақтың іргетасы.
Әмина ТАХИРҚЫЗЫ,
психолог маман
07 қыркүйек 2026 ж. 34 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№67 (10535)

05 қыркүйек 2026 ж.

№66 (10534)

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 (10533)

29 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 789
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 075

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930