ЖОҒАЛҒАН ІЗДІҢ ҚАЙТУЫ
Іле бойының қамысы баяу тербеліп, айналада адам аяғы сирек тиетін табиғи тыныштық орнаған. Бірақ осы үнсіз даланың ішінде енді бір ерекше жыртқыш пайда болды. Осы жылдың 31 шілдесінде Амур жолбарысы Үміт «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының табиғи ортасына жіберілді. Бұл – Қазақстанда бір кездері жойылып кеткен Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта оралтуға бағытталған ұзақ мерзімді жобаның маңызды кезеңі. Оның мойнына GPS/GSM құрылғысы тағылып, қозғалысы мамандардың бақылауына алынды. Бір қарағанда, бұл – бір жануардың жаңа мекенге жіберілуі ғана. Ал шын мәнінде, оның астарында тұтас экожүйені қалпына келтіру мақсаты жатыр.
Тұран жолбарысы кезінде қазақ даласын мекендеген. Алайда уақыт өте келе тоғайлардың азаюы, табиғи мекендеу ортасының өзгеруі, қорек қорының кемуі және адам әрекеті бұл жыртқыштың Қазақстан аумағынан жоғалуына алып келді. Енді оны қайта оралту үшін алдымен жолбарыс өмір сүре алатын ортаны қалыптастыру қажет болды. Яғни бұл жерде мәселе тек жыртқышты әкелуде емес. Оған су, қалың тоғай, кең аумақ, тыныштық және жеткілікті қорек керек. Сондықтан соңғы жылдары «ІлеБалқаш» резерваты аумағында табиғи ортаны қалпына келтіруге ерекше мән берілді. WWF Орталық Азия бағдарламасының директоры Григорий Мазманянцтің бағытбағдар беруімен жолбарыстың негізгі қорегінің бірі саналатын Бұқар бұғысы секілді жабайы жануарлардың санын арттырып, қорек базасын қалыптастыруға жағдай жасалды.
Мұның өзі жобаның бір ғана жануарға емес, тұтас табиғи жүйеге бағытталғанын көрсетеді. Жолбарыстың оралуы – сол экожүйенің қайта жандана бастағанының өзіндік белгісі.
Осы жерде бір сұрақ туындайды: егер Қазақстанда бұрын Тұран жолбарысы мекендесе, неге жобаға Амур жолбарысы таңдалды? Оның басты себебі – Амур жолбарысының табиғи орта жағдайлары мен тарихи мекенге бейімделу мүмкіндігі. Амур жолбарысы – әлемдегі ең ірі мысық тұқымдас жыртқыштың бірі. Ол кең аумақты, су көздері мен қалың өсімдіктері бар жерлерді мекендеуге бейім. Сондықтан оны Іле-Балқаш жағдайына бейімдеп, тарихи жоғалған жыртқыштың экологиялық орнын қалпына келтіру көзделіп отыр. Бұл – Тұран жолбарысын дәл сол күйінде қайтару емес, оның табиғаттағы орнын қайта қалыптастыруға бағытталған жоба. Жыртқыштың табиғатқа қайта оралуының пайдасы да осында. Жолбарыс қоректік тізбектің ең жоғарғы деңгейінде орналасқандықтан, оның болуы басқа жануарлардың саны мен қозғалысына әсер етеді. Бұл бірден байқалатын нәтиже емес. Табиғаттағы байланыстар біртіндеп қалыптасады. Сондықтан бүгін жіберілген бір жолбарыстың ертеңгі экожүйеге әсерін дәл есептеу қиын. Бірақ оның оралуы табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге жасалған маңызды қадам.
Алайда кез келген ауқымды табиғатты қорғау жобасының тәуекелі де болады. Жолбарыс – адамның жоспарына бағынатын жануар емес. Ол өзіне қолайлы аумақты өзі таңдайды, қорек іздейді, қозғалады және көбейеді. Қазір оның жүріп-тұруы спутниктік құрылғылар арқылы бақыланғанымен, табиғаттағы барлық жағдайды алдын ала есептеу мүмкін емес. Болашақта жолбарыстардың саны көбейіп, олардың мекендеу аумағы кеңейсе, резерватқа жақын орналасқан елді мекендер мен шаруашылықтар үшін жаңа міндеттер пайда болуы мүмкін. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін қауіпсіздік мәселесі маңызды. Егер жабайы қорек жеткіліксіз болса немесе жолбарыс мекендеу аумағынан шығып кетсе, адам мен жыртқыш арасындағы қақтығыс қаупі артады. Сондықтан жобаның табысы тек жолбарыстардың көбеюімен өлшенбеуі керек. Табиғатты қорғау мен адам қауіпсіздігі қатар жүруі тиіс.
Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватының бөлім басшысы Нариман Қасабековтің пікірінше, алдағы бірнеше жыл осы жобаның ең жауапты кезеңі болмақ. Жолбарыстар жаңа ортаға қаншалықты бейімделеді, қандай аумақты таңдайды, қорек қоры жеткілікті ме, адамнан қаншалықты алшақ жүреді – осының бәрі зерттеледі. Егер алғашқы жануарлар ортаға бейімделіп, табиғи жолмен көбейе бастаса, бірнеше жылдан кейін Іле-Балқаш өңірінде тұрақты популяция қалыптастырудың алғашқы нәтижесі көрінуі мүмкін. Ал 15-20 жылдан кейінгі жағдайды елестетіп көрсек, бүгінгі көрініс мүлде өзгеруі ықтимал. Қазір мамандар бір жолбарыстың қозғалысын бақылап отырса, болашақта оның ұрпақтары осы аумақта өз мекенін қалыптастырып, табиғи ортада еркін тіршілік етуі мүмкін. Бұл өз кезегінде өңірге деген ғылыми қызығушылықты арттырып, экотуризмнің дамуына жол ашуы ықтимал. Алайда туристік қызығушылықтың артуы да табиғатқа қосымша қысым түсірмеуі керек. Жолбарысты көруге ұмтылған адам көбейген сайын оның тыныштығын сақтау мәселесі де маңызды бола түседі.
Жолбарыстың болашағын Балқаштың болашағынан бөлек қарау да мүмкін емес. Іле өзені, оның қамыс-тоғайлары мен жабайы жануарлары – бір-бірімен тығыз байланысты біртұтас жүйе. Су азайса, тоғай өзгереді. Тоғай өзгерсе, жануарлардың саны кемиді. Ал қорек қоры азайса, жолбарыстың да тіршілігі қиындайды. Сондықтан жолбарысты қорғау дегеніміз – белгілі бір деңгейде Іле-Балқаш экожүйесін қорғау деген сөз. Осыдан «Жолбарыс бізге не үшін керек?» деген сұрақ туындайды. Ол адамға тікелей өнім бермейді, егін екпейді, мал бақпайды. Бірақ табиғаттың құндылығын тек адамның пайдасымен өлшеуге болмайды. Жолбарыс өмір сүре алатын ортада таза су, бүтін тоғай, жеткілікті қорек, кең аумақ және табиғи тепе-теңдік болуы керек. Демек, біз жолбарысты қайтару арқылы шын мәнінде табиғаттың өзіне орын беріп жатырмыз.
Бүгін Іле бойында үміттің ізі ғана бар. Ертең оның сарымақтарының ізі түсуі мүмкін. Ал бірнеше онжылдықтан кейін бұл аңның күшіктері Іле-Балқашты адам арнайы дайындаған мекен ретінде емес, өздерінің табиғи үйі ретінде қабылдауы ықтимал. Сонда бүгінгі жоба бір жануарды қайта әкелу оқиғасы емес, адамның табиғатпен қарым-қатынасын өзгерткен маңызды қадам ретінде бағаланар еді. Жолбарыстың Үміт аталуы да осы тұрғыдан символдық мәнге ие. Өйткені бүгін ол Іле бойына жалғыз жыртқыш болып келді. Бірақ оның артын ала бір кездері жоғалған табиғаттың қайта жаңғыруына деген үміт пайда болды.
Жетпіс жылдан кейін Қазақстан даласына қайта түскен жолбарыс ізі бізге бір нәрсені анық көрсетті: табиғаттан жоғалған дүниені қайтаруға болады, бірақ ол үшін уақыт, еңбек және жауапкершілік қажет. Ең бастысы – табиғатты өзімізге ыңғайлауға емес, оның өз заңымен өмір сүруіне мүмкіндік беруді үйрену. Егер Үміттің бүгінгі жалғыз ізі ертең тұтас бір популяцияның ізіне айналса, бұл тек бір жыртқыштың қайта оралуы емес, Іле-Балқаш табиғатының да жаңа тыныс алғанының белгісі болмақ.
Бауыржан ҒАЛЫМҰЛЫ















