Құрылтай
» » ДЕМОГРАФИЯ: ТУУ ДЕҢГЕЙІ НЕГЕ ТӨМЕНДЕП БАРАДЫ?

ДЕМОГРАФИЯ: ТУУ ДЕҢГЕЙІ НЕГЕ ТӨМЕНДЕП БАРАДЫ?

Бір кездері көпбалалы отбасы қазақ қоғамының қалыпты өмір салты еді. Баланы «ырыс», «ұрпақ жалғастырушы» деп қабылдаған халқымыз үшін көп балалы болу тек отбасының қуанышы ғана емес, елдің болашағына қосылған үлес еді. Алайда соңғы жылдары еліміздегі демографиялық ахуал жаңа сипат ала бастады. Халық саны өсіп жатқанымен, бала туу қарқыны баяулап, кей өңірде туу көрсеткішінің төмендігі байқалады. Бұл құбылыс қоғамда түрлі пікір туғызып, демографиялық саясаттың тиімділігі туралы сұрақтарды күн тәртібіне шығарды.
Статистика не дейді?
Демография – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын маңызды көрсеткіштің бірі. Елдегі еңбек ресурстарының көлемі, зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы, білім беру мен денсаулық сақтау саласының болашақтағы жүктемесі халық саны мен оның жас құрылымына тікелей байланысты. Сондықтан бала туу деңгейінің өзгеруі тек отбасылық мәселе емес, ұлттық даму стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Бұл өзгерістер ресми статистикадан да анық байқалады. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы елімізде 365,9 мың сәби дүниеге келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 22,5 мыңға аз. Сонымен қатар жалпы туу коэффициенті 2023 жылғы 19,52- ден 2024 жылы әрбір мың тұрғынға шаққанда 18,15-ке дейін төмендеген. Бұл бала туу қарқынының баяулай бастағанын көрсетеді.
Негізгі себептер қандай?
Мамандардың пікірінше, бала туу көрсеткішіне әсер ететін факторлардың ең бастысы – әлеуметтік-экономикалық жағдай. Жастардың баспана мәселесі, тұрақты жұмыстың болмауы, инфляция, күнделікті тұрмыс шығындарының артуы көптеген жас отбасының бала сүю жоспарын кейінге қалдыруына себеп болады. Бұрын бірнеше балалы болуды жоспарлаған жұптардың бір бөлігі қазіргі жағдайда бір немесе екі баламен шектелуді жөн көреді. Қазіргі қоғамда жастардың бала туу туралы шешіміне психологиялық факторлар да әсер етеді. Болашаққа деген сенімсіздік, қаржылық тұрақсыздықтан қорқу, жауапкершіліктің артуынан қауіптену және мансаптық мақсаттарға басымдық беру көптеген жас отбасылардың бала сүюді кейінге қалдыруына себеп. Демографтардың айтуынша, адамдардың экономикалық жағдайы ғана емес, ертеңгі күнге деген сенімі де демографиялық көрсеткіштерге ықпал етеді.
Тағы бір маңызды себеп – некеге тұру жасының ұлғаюы. Қазіргі жастар алдымен жоғары білім алып, мамандық игеріп, мансап құруға және қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге ұмтылады. Соның нәтижесінде алғашқы баланың дүниеге келуі де кейінге шегеріледі. Егер бұрын алғашқы сәби көбіне жиырма жастың басында дүниеге келсе, бүгінде бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғарылаған. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы бала туған аналардың орташа жасы 29,8 жасты құрады. Сондай-ақ дүниеге келген балалардың басым бөлігі 25-29 жас (27,5%) және 30-34 жас (26,2%) аралығындағы әйелдерге тиесілі. Бұл жастардың алдымен білім алып, кәсіби тұрғыдан қалыптасуға ұмтылып, отбасын құру мен бала сүюді кейінге қалдыратынын көрсетеді. Демографиялық ахуалға некеге тұру мен ажырасу көрсеткіштері де ықпал етеді. Сарапшылар тұрақты отбасы институты бала туу деңгейінің маңызды алғышартының бірі санайды. Некеге тұру жасының ұлғаюы мен ажырасу деңгейінің өсуі. Соңғы жылдары Қазақстанда ажырасу мәселесі қоғамда жиі талқыланып келеді. Әлеуметтанушылардың пікірінше, отбасының ыдырауы тек ерлізайыптыларға ғана емес, олардың кейінгі бала сүю жоспарына да ықпал етуі мүмкін. Кейбір жұптар ажырасудан кейін қайта отбасы құруды кейінге қалдырса, енді біреулері бір баламен ғана шектелуді жөн көреді. Сондықтан демографиялық саясатта бала туу көрсеткішін арттырумен қатар, отбасы институтын нығайтуға бағытталған алдын алу шараларының да маңызы зор. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын ондаған мың неке бұзылып, ажырасу оқиғалары тіркеледі. Бұл отбасы институтын нығайту мәселесінің демографиялық саясаттағы өзектілігін көрсетеді.
Урбанизация да демографиялық үрдістерге ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Ауылдық жерлерде көпбалалы отбасылар жиі кездессе, ірі қалаларда өмір сүру құнының жоғары болуы тұрғындардың отбасы көлеміне қатысты шешіміне әсер етеді. Пәтер бағасының қымбаттауы, балабақша мен қосымша білім беру қызметіне кететін шығындардың артуы ата-аналардың экономикалық мүмкіндігін қайта есептеуге мәжбүрлейді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылы дүниеге келген нәрестелердің 59,9 пайызы қалаларда, ал 40,1 пайызы ауылдық жерлерде тіркелген. Бұл халықтың қалаға шоғырлануының күшейгенін көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, урбанизацияның артуы тұрғын үй бағасы, өмір сүру шығындары және жұмысбастылық сияқты факторлар арқылы отбасының бала саны жөніндегі шешіміне ықпал етуде.
Жас әкелердің тұрақты жұмыспен қамтылуы, отбасының қаржылық қауіпсіздігі және ата-аналық жауапкершілікті тең бөлісу мәдениеті де жас отбасылардың бала саны туралы шешіміне әсері көп.
Бала туу көрсеткішіне денсаулық мәселесі де әсер етеді. Репродуктивтік денсаулықтың нашарлауы, созылмалы аурулардың көбеюі, күйзеліс деңгейінің артуы және дұрыс емес өмір салты кейбір отбасының сәби сүю мүмкіндігін төмендетуі мүмкін. Мамандар жастар арасында репродуктивтік денсаулық туралы ақпараттандыру жұмыстарын күшейтудің маңызын жиі көтеруде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бедеулік мәселесі әлемнің көптеген елінде өзекті болып отыр. Қазақстанда да репродуктивтік денсаулыққа байланысты медициналық көмекке жүгінетін жұптардың саны артып келеді. Сондықтан профилактикалық тексеруден уақытылы өту, салауатты өмір салтын ұстану және репродуктивтік денсаулық мәдениетін қалыптастыру демографиялық саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналуда.
Сонымен қатар жастардың өмірлік құндылығы да өзгерді. Бұрын ерте отбасын құрып, көпбалалы болу қалыпты жағдай саналса, қазіргі таңда өзін-өзі дамыту, саяхаттау, кәсіби жетістікке жету және қаржылық тәуелсіздік секілді мақсаттар алдыңғы орынға шыққан.
Мемлекеттен берілетін қолдау қандай?
Мемлекетіміз бала туу көрсеткішін қолдау мақсатында бірқатар әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда. Бала тууға және бала күтіміне байланысты төлемдер, көпбалалы отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау, тұрғын үй бағдарламалары мен әлеуметтік жеңілдіктер осы бағыттағы негізгі тетіктердің бірі саналады. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, демографиялық саясат тек жәрдемақыны көбейтумен шектелмеуі тиіс. Отбасыларға қолжетімді ипотека, икемді еңбек режимі, жұмыс істейтін аналарды қолдау, сапалы мектепке дейінгі білім беру жүйесі және жас отбасылардың әлеуметтік қорғалуын күшейту бала туу көрсеткішіне оң ықпал етеді. Қазақстанда жастардың басым бөлігі тұрғын үй мәселесін шешпей тұрып бала сүюге асықпайды. Сонымен қатар балабақшаға орналасу, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен болашаққа деген сенім де отбасының бала саны жөніндегі шешіміне тікелей септігін тигізеді.
Аймақтардағы ахуал
Қазақстанның өңірлері арасында да демографиялық айырмашылық байқалады. Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда сияқты өңірлерде бала туу деңгейі дәстүрлі түрде жоғары болса, елдің солтүстік және шығыс аймақтарында бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде төмен. Мұндай айырмашылыққа халықтың жас құрылымы, урбанизация деңгейі, әлеуметтік жағдай және мәдени ерекшеліктер әсер етеді. Сондықтан демографиялық саясатты жүргізуде әр өңірдің ерекшелігін ескеру маңызды. 2024 жылғы статистика бойынша туу деңгейі ең жоғары өңірлер қатарында Түркістан облысы (1000 тұрғынға шаққанда – 24,88), Маңғыстау облысы (24,29) және Шымкент қаласы (23,58) тұр. Бұл өңірлерде халықтың жас құрылымы, ұлттық дәстүр және көпбалалы отбасылардың үлесі жоғары болуы туу көрсеткішіне оң әсер етеді.
Бала туу көрсеткішінің төмендеуі ұзақ мерзімде ел экономикасына әсер етпей қоймайды. Еңбекке қабілетті халықтың үлесі азайған сайын кәсіпорындарда кадр тапшылығы байқалып, әлеуметтік қорғау жүйесіне түсетін жүктеме артады. Сарапшылар мұндай жағдайда экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету қиындай түсетінін айтады.
Соңғы жылдардағы ресми деректер Қазақстанда халық санының табиғи өсімі сақталғанымен, оның қарқыны баяулай бастағанын көрсетеді. Бұл демографиялық саясатты жетілдіру, жас отбасыларды қолдау және бала тәрбиесіне қолайлы әлеуметтік жағдай қалыптастыру мәселесінің маңызын арттыра түседі. Бала туу – жеке отбасының таңдауы ғана емес, қоғамның әлеуметтік ахуалының айнасы. Жастар болашаққа сеніммен қарап, тұрақты жұмысқа, баспанаға және сапалы медициналық қызметке қол жеткізген кезде ғана отбасы құруға және көпбалалы болуға деген ынта артады. Сондықтан Қазақстандағы демографиялық жағдайды жақсарту үшін экономикалық өсім мен әлеуметтік қолдауды қатар дамытып, отбасы институтын нығайтуға бағытталған кешенді саясат жүргізу маңызды. Сонда ғана халық санының сапалы әрі тұрақты өсуіне қол жеткізуге болады.
Бауыржан ЖҮНІС
10 тамыз 2026 ж. 85 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№59 (10527)

08 тамыз 2026 ж.

№58 (10526)

04 тамыз 2026 ж.

№57 (10525)

01 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 627
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 090

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31