КӨГАЛДАНДЫРУ КӨРІКТІ ЕТЕДІ
Қойнымызға киіз кітабымызды қысып, ой түйіп жүретініміз бар. Ел аралағанда еңселі істерді көреміз, көреміз де оны құйма қалпында қағазға түсіруге асығатынымыз және бар. Сондай бір кез, жуырда Қуаңдария ауылында болудың сәті түскен еді.
Аудан орталығынан 125 шақырым жерде орналасқан Қуаңдария ауылында 600-ден аса халық тұрады. Алтын бесік ауылдың іргесі 1964 жылы қаланып, бүгінде қуаңдариялықтардың құтты мекеніне айналған. Атакәсіп – мал шаруашылығымен өрісі кеңейген шағын қоңсының түтіні түзу ұшып, тұрғындарының бірлігі жарасқан. Мұнда қоршаған ортаға деген жанашырлық та, туған жерге деген қомқорлық та басты орында. Оны кез келген жан ауылдың кіре берісінен-ақ байқар еді. Сондай-ақ мемлекеттің қамқорлығы назарыңызды бірден аударады. Округте кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан жаңаша жұмыстар мен өзгерістер, инфрақұрылымдар – жаңадан түскен жаяу жүргіншілер жолы, жасанды кедергілер, көптің аузында аңыздай айтылатын «Ыстық бұлақтың» абаттандырылуы, орталық алаңға газон төселуі, спорт, балалар алаңына заманауи құрылғылардың орналастырылуы, ғимаратқа қоршау жұмыстарының жүруі, жарық шамдарының толығымен ауыстырылуы – тұрғындардың өмір сүру сапасына жайлылық сыйлайды.
Өткен жылы клуб үйіне ЛЭД-экран алынса, «Тағзым» және спорт алаңы жанынан Воркаут алаңы салынған. Бұдан басқа, 2024 жылы аймақ басшысының қолдауымен фельдшерлік-акушерлік бекет ел игілігіне пайдалануға берілсе, 10 азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, кәсіптерін ашқан.
Ауылдың құрылғанына 60 жыл толуына орай демеушілер есебінен де бірқатар шаруа атқарылған. Орталық алаңға құрастырмалы темір қазақы үй, алаңға қосымша жарықшамдар және «Мен сені сүйемін – Қуаңдария» жазуы орналастырылған. Алаңның шығыс беті қоршалып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Қайырымдылық ісшаралары мешіт пен балабақшаға да шарапатын тигізген. Сонымен қатар ауыл мұражайының ашылуы – жергілікті халықтың өткен тарихы мен бүгінгі рухани бет-бейнесін айшықтай түскендей.
Назарымызды аударған тағы бір жайт – елді мекендегі көркейту-көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының іске асырылуы. Бұл бағытта ауылдық округтің жетістіктері аз емес. Соның бірі де, бірегейі – 2023 жылдан бері аймақта тұрақты түрде өтіп келе жатқан «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсының абаттандыру жобаларын қаржыландыру жобасы бойынша Қуаңдария ауылының «Үлгілі елді мекен» номинациясының жеңімпазы болып танылып, 15 млн қаржыға ие болғанын айтсақ болады.
Ауыл әкімі Ардақ Аймырзаевтың айтуынша, ауылда атқарылып жатқан жұмыстардың игілігі ел қажетіне жарауда.
– «Елубай» өңіріне осы күнге 5 гектар аумаққа бақша дақылы егіліп отыр. Алдағы пісімшілікте тұрғындар өздерінен артылған өнімдерін көрші ауылдар мен аудан орталығында, Қызылорда, Байқоңыр қалаларында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне шығарып, қосымша пайда табуды жолға қойған. Көгалдандыру бойынша өткен жылы 1200 түп тал көшеті отырғызылса, мұндай жұмыс биыл да жалғасын тапты. «Жүз жылдығын ойлаған тал егеді» демекші, көркейтукөгалдандыру – ертеңгі ұрпағымызға қалатын баға жетпес байлық. Осы тұрғыда ауылдағы 3 баққа көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді қолға алғанбыз. Егілген ағаштардың 80 пайызы жеміс талдары. Алма, алмұрт, өрік, тағы басқа да жеміс ағаштары жайқалып өсіп тұр. Арасында жеміс беріп жатқаны да бар. Аяқсу толығымен келіп тұр. Судан мәселе жоқ. Бау-бағымызға арнайы маман бекітілген, өзіміз де бас болып күтім жасаймыз. Сенбілік сайын ауылдың ішіне тазалық жұмыстарын жүргізіп, тазалыққа барынша мән беріледі. Оған мекеме қызметкерлері, қоғамдық негізде ақылы еңбек ететін азаматтармен бірге, ауыл тұрғындары, еріктілер де атсалысады. Себебі, жасыл желек – таза экология, таза аймақ, адам денсаулығының кепілі. Оны өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыру – аға ұрпақтың парасатты парызы, – дейді ол.
Сәрсенкүл АҚКІСІ

















