АТАКӘСІПТЕН НЕГЕ АЛЫСТАДЫҚ?
Қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, атакәсіп ұғымы ұлттың болмысымен, тұрмысымен және дүниетанымымен біте қайнасып жатқанын көреміз. Сан ғасырлар бойы халқымыздың негізгі күнкөріс көзі болған мал шаруашылығы, қолөнер, зергерлік, ұсталық, егіншілік сияқты кәсіп түрлері тек экономикалық қажеттілікті өтеп қана қойған жоқ, ұлттық мәдениеттің, рухани құндылықтардың сақталуына қызмет етті.
Бабаларымыз төрт түлікті тіршіліктің тірегі деп танып, табиғатпен үндесе өмір сүрді. Әр кәсіптің өзіне тән әдебі, тәжірибесі, даналығы қалыптасты. Алайда бүгінгі таңда сол атакәсіптердің көпшілігі қоғам өмірінің шеткері тұсына ығысып қалғандай әсер қалдырады.
Бірде хабарландырулар шығатын чатқа «Малшы отбасы керек, үй бәрі бар, интернет орнатылған» деп жазыпты. Иә, мұндай жұмыс берушілер көп болғанымен, бұл іске баратындар аз секілді. Себебі осы секілді хабарландырулар жиі шығып тұрады. Малшы табу неге қиын? Атакәсіпке мойын бұратындар саны неге азайып барады? Саралап көрсек.
Дәстүрлі кәсіптің бүгінгі жағдайы
Амандасқан адамынан «мал-жаның аман ба?» деп сұрайтын қазақ үшін төрт түліктің орны қашан да ерекше. Ішер асын, киер киімін, тұрмыстық қажеттілігінің бәрін малдың арқасында қамтамасыз етіп отырған соң, әрбір қазақ қорасының бос тұрғанын қаламайды.
Рас, қазір малшы отбасын іздеген жарнама өте көп. Тіпті бір жарнама бірнеше рет қайталанып шығып тұрады. Демек, осы уақытқа дейін адам таппаған. Бір таңғаларлығы, ауылдық жерлерде де шаруа қожалықтарына малшы табу өте қиын. Жарнама бере қалсаңыз, оған бастарында баспанасы жоқ, бөгде адамдар жауап қатады. Олардың өзі ауылға барып, тұрақты жұмыс істеуге құлықсыз.
Бүгінгі таңда атакәсіпке мойын бұратын жандарды табу қиындап барады. Өкінішке қарай, қазір шопан таяғын ұстап қалар ұрпақ азайды. Жастар ат тізгіндеп, мал баққаннан гөрі ауыл мен қала арасында жолаушы тасып, такси болғанды жөн көреді. Олар мал бағу түгіл, оған қарағысы да келмейді. Тіпті, қазір шопан мен малшы боламын дейтіндер көзден бұл-бұл ұшты.
Атакәсіптен алшақтаған ұрпақ
Мал шаруашылығына дендеп көңіл бөлсек, сырттан келетін азық-түлікке тәуелділіктен сәл де болса арылар едік. Дегенмен осы саланың бүгінгі ахуалы жақсы емес. Шыны айтқанда мал бағатын адам табыла бермейді. Мұндай кадрдың жоқтығы осы саланы тұралатып тұрғаны анық.
Бүгінде ел экономикасын еселеп отырған сала – ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы екені даусыз. Алайда нарық заманы келіп, урбанизация үрдісі қарқын алғалы ауыл жұртының саны азайды. Атакәсіптен қол үзу де осыдан басталды. Төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келген дәстүрге немқұрайлық басым.
Төскейге төрт түлік өргізу – қазақтың ертеден келе жатқан кәсібі. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген нақыл сөз де өз заманында жастарды атакәсіпке тарту үшін айтылғаны анық. Өкінішке қарай, соңғы жылдары жастар ауылдан үдере көшіп, қалғандарының өзі мал соңынан жүруді ар санайтын болды. Соның кесірінен кейбір елді мекендерде малшы жоқ.
Бүгінде ауылдық жерде екі қолға бір күрек таба алмай қалада жалдамалы жұмыс жасап жүрген азаматтар жетерлік. Бірақ олар шаруашылыққа барып қой бағудан қашады. Себебі, күні бойы малдың соңынан еріп жүру біршама жұмыс, екіншіден көпшілігі еңбекақысын толық әрі уақытылы ала алмайды. Әрине, малды бағу, ала жаздай оның жем-шөбін дайындау оңай шаруа емес. Әсіресе, басқа түліктерге қарағанда қой малын бағу қиындау екені рас. Дегенмен, жұмыссыз жүргеннен жақсы емес пе?!
– Қазіргі кезде барлық жағдайды жасап қойсаңыз да, ауылға мал бағуға көп адам келе бермейді. Себебі ешкім айдалада мал соңында айлап-жылдап жүруге құштар емес. Қара нан жеп, қара шай ішсе де, жағдайы болмаса да, қалаға жүгіреді. Жастар ұялы телефон, интернеттен айырылғысы жоқ. Оларға мал баққаннан гөрі, құрылыспен айналысып, такси айдаған әлдеқайда оңайырақ. Оның үстіне, жігіттер вахталық жұмысты немесе күзетшілікті қалайды. Бүгінде мал бағудан басқа табыстың көзі көп. Бар себеп осында, – дейді тұрғындардың бірі.
Оның үстіне, қазақ жалқау халық, қолынан мал бағу ғана келеді деген ұғым әлі бар. Жесеңіз азық, кисеңіз киім болатын мал баққанның несі айып? Сондықтан малшылықты ресми түрде мамандық деп мойындап, заң аясында қамқорлыққа алмай, сайын даланың төсін қайтадан малға толтырамыз деу бос қиял тәрізді.
Жастар мал бағуға неге арланады?
Ең алдымен, қазіргі жастардың көзқарасы өзгерді. Олар жоғары білім алып, қалада жұмыс істеп, жайлы өмір сүргісі келеді. Көптеген жас мал бағуды ауыр еңбек деп есептейді. Шынында да, мал шаруашылығы таңнан кешке дейін тынымсыз еңбекті талап етеді. Қыстың бораны мен жаздың аптабында малдың жағдайын жасау оңай емес.
Екіншіден, ақпараттық технологиялардың дамуы да әсер етті. Бүгінде жастар әлеуметтік желі мен интернет арқылы түрлі мамандықтарды көріп, заманға сай қызметтерге қызығады. Ал мал бағу олардың көз алдында заманауи емес кәсіп ретінде көрінуі мүмкін.
Сонымен қатар ауылдағы инфрақұрылым мәселесі де маңызды рөл атқарады. Кейбір ауылдарда мәдени орындар, сапалы интернет, демалыс орталықтары мен жұмыс мүмкіндіктері шектеулі. Сондықтан жастар жақсы жағдай іздеп қалаға көшуді жөн көреді.
Дегенмен, мал шаруашылығының болашағы зор сала екенін ұмытпауымыз керек. Қазіргі кезде заманауи техника мен жаңа технологиялардың көмегімен бұл кәсіпті тиімді жүргізуге болады. Мал өнімдеріне сұраныс артып келеді, ал ауыл шаруашылығы ел экономикасының маңызды саласы болып қала береді.
Малшы еңбегі еленіп жүр ме?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек адамын қадірлей білу қажеттігін баса айтады. Атакәсіптің абыройын қайта қайырамыз десек, үнемі ат үстінде жүретін малшылардың еңбегін ұлықтағанымыз жөн.
Кейбір жұмыста жоқ жандардың өзі шаруашылықтарға барып, еңбек етпек түгілі иелігіндегі малды ақша төлеп бақтырып жатады. Бұрындары малшы қауымы ауылдағы ең құрметті адамдар еді ғой.
Әрине, шопанды жоғары оқу орнының қабырғасында дайындауға келмес. Бірақ, ел Президенті Жолдауында айтылғандай, ет экспортын ұлғайтуды көздеп отырған елімізге малшы атаулының мәртебесін биіктету қажет секілді. Кеңес уақытында шопандар Жоғарғы Кеңеске депутат болып, өңірі орден-медальдарға толып жүретін. Талай шопанның төл алудағы, қыстан жайлы шығып, мал басын көбейтудегі ерен еңбегі тарихта қалды. Ауданымызда да осындай шопандар көп болды.
Ал қазір депутат мандатын иеленген қойшыны көрдіңіз бе? Малшы еңбегін ескеру, оларды материалдық тұрғыдан көтермелеу, марапаттау естен шығып барады. Ең мықтағанда, шаруа қожалығының басшысын, былайша айтқанда, меншік иесін ғана білеміз. Мал баққан адам елеусіз қала береді. Осыдан кейін кімнің малшы болғысы келеді дейсіз?!
Әлем елдерінде қалай?
Осы тұста Аустралия, Жаңа Зеландия, АҚШ, Шотландия сияқты қой етін экспорттайтын елдердің қойшылары мен қойшы ауылдарына назар аударып көрейікші. Біріншіден, ол жақтың шопандары біздегідей төменгі тап өкілдері емес, керісінше, академиялық білімі бар тұлғалар қатарына жатқызылады. Екіншіден, олар екі қабатты, бар жағдайы жасалған заманауи үлгідегі үйде тұрады. Олардың тіпті малға арналған қораларымен, техникалармен қамтылуы да біздегі шопандардың тұратын үйлерінен әдемі әрі жайлы. Сосын олар «мен қойшымын» деп күні-түні мал соңында жүрмейді. Агроөнеркәсіпке арналған журнал оқиды, конференцияға қатысады, басқа да шопандармен тәжірибе алмасады. Бір сөзбен айтқанда, өзін үздіксіз дамыту үстінде жүреді. Қойшымын деп қалай болса солай киініп жүрмейді. Өзімен қоса әйел, бала-шағасын киіндіріп, ел аралап жүреді. Жылқы, ит, мотоцикл, күннен қуат алатын баламалы энергия, диірменді су шығару, автоматты түрде суару сынды жұмыстардың барлығы озық үлгіде жасалады.
Мәселе қалай шешілмек?
Мал шаруашылығы ел экономикасын алға сүйрер негізгі саланың бірі. Ет пен сүтке деген сұраныс өте жоғары. Дей тұра осы жұмысқа келгенде кейібірінің кежегесі кейін тартып тұрады. Оған да бірнеше себеп бар. Тізбелеп көрейік.
Бұл мамандық иелерінің көп жағдайда құқықтары қорғала бермейтінін ескеру қажет. Жұмыс берушімен көбіне келісімшарт жасалмайды. Жасыратыны жоқ, біздегі келісімдер ауызша жасалатындықтан, көбіне орындалмай жатады. «Таныс бақташы ғой, жылда бақтыратын адам» деп жүрдім-бардым қараушылық әлі де бар. Қазір барлығын заң жүзінде жасамасаңыз, кейін кесірі тиетінін көз көріп жүр. Бұл жұмыста да негізінен, екіжақты келісімшарт жасалып, онда еңбекақы, сыйақы, еңбек демалысы, негізгі төлемдер бәрі толық көрсетілуі тиіс. Жұмыс берушілердің көбі жалақыны қолма-қол береді де төлемдерді ескермейді. Ең қиыны, зейнетақы қорына ақша аудармайтындар көп. Осыдан келіп малшы мен шопан қартайғанда зейнетақысыз қаламыз ба деп қорқады. Кез келген еңбек адамы тәрізді олардың да мүддесін еңбек, кәсіподақ, құқық қорғау органдары қорғауы тиіс. Бәлкім «малшы жоқ» деп жүргеніміздің де бір себебі осы болар?!
Сондай-ақ малшы мен қожалық иесі арасындағы сенім мен сыйластық көп жағдайда бола бермейді. Мәселе басшылық тарапқа тікелей байланысты. Еңбегінің ақысын бермей, өлген, жоғалған малынан шегеріп, ақыр соңында араздасып қалатын малшы мен қожайын көп. Мал иесі уәдесін орындамады, қосымша жұмысқа жекті, жарытып ақша бермеді деп малшы да қарсы арызданады. Ол ақшасын талап етуге ешқандай құжаттың жоқтығынан сотқа да бере алмайды. Сол себепті жұмысшы мен жұмыс беруші арасында келісімшарт жасалғаны дұрыс.
Ауылдан шыққан азаматтар мал бағудың машақаты мен қиындығын бір адамдай біледі. Қазақта «Балықшы желде, диқан жаңбырда, малшы өлгенде демалады» деген сөз бар. Сондықтан қала қазағы меймандарына кәделеп асқан етінің ауылдағы ағайынның тынымсыз еңбегі, маңдай тері мен мал бағудың үлкен жауапкершілігі мол шаруасының жемісі екенін естен шығармағаны жөн.
Түйін Әрине, жаздың ыстығы мен күздің қара суығы, қыстың боранында күн ұзақ мал бағу оңай жұмыс емес. Сондықтан бұл салаға жастарды тарту үшін көрсетілетін қамқорлық та жақсы болғаны жөн. Малшылар мен шопандарға қолдау көрсетіліп, еңбектеріне қарай жоғары жалақы тағайындау керек, яғни малшылардың әлеуметтік жағдайы түзелмей, бұл кәсіпті қайта жандандыру оңай болмасы анық.
Ақнұр САҒЫНТАЙ















