» » Тылсым сыр

Тылсым сыр


Бір әңгімені естисің де соны көпке дейін ұмыта алмай жүресің. Араға уақыт салып, есіңе қайта түседі. Соны сыртқа шығарып, жұртқа таныстырғанша, жан дүниеңде тыныштық болмайды. Бұл мүмкін бар адамга тән қасиет емес шығар, дегенмен қалам ұстаған қауым үшін таныс жай ғой деп есептеймін. Осы бір оқиғаны  естігелі де көптеген уақыт өтті. Тіпті, кімнің айтқанын да ұмыта бастаппын. Дегенмен, ойымды нақтылап, болған тылсым сырды қайта бір тыңдап алу үшін, Нұрхан Әлмахановқа жолығуға тура келді. Амандық біліп, хал-жағдай сұрасқан соң, «осы әңгімені сен айтып па едің?» деп сұрадым.
– Иә, аға, мен айтқанмын, – деді. Сөйтті де болған жайды сабырмен қайта баяндады.
– Жалпы, кеңес үкіметі құлап, әркім қолдан келетін, бейімі бар кәсіппен айналысып жатқан кез. Мен де мал шаруашылығымен айналысуға бел будым. Атамыз жасаған кәсіп ғой, жаман болмаспын деп ойладым. Содан, бір кісімен келісіп, бір үйір жылқысын сатып алатын болып келістік. Айтылған күні бардым. Күрең айғырдың үйірі екен. Он бас байталы бар. Осы үйірді ақшасын төлеп алдым. Шынымды айтсам, аға, жаман болғаным жоқ. Жылда он байтал құлындайды. Күрең айғыр бір басты бөлектемейді, шашау шығармайды. Тым жақсы жылқылы болып қалдым. Содан тағы бір үйір жылқы жинадым. Сөйтіп, жүргенде сырғып он жылдай уақыт та өтіп кетті. Бір күні үйірді түгендейін деп шықсам, ала айғырдың өлі денесін таптым. Не жағдай болғанын білмедім. Содан ол үйірді күрең айғырдың үйіріне қосуды шештім. Айғырсыз бос жіберуге тағы болмайды. Екі үйірді ұстау да айғырға оңай емес. Басқа амал болмады. Бұл кезде күрең айғыр да жиырма жылдай өмір сүрген. Содан ойланып, айғырды қимасам да сатуға бекіндім. Ойым үйірге жастау айғыр салмақ болдым. Содан Жалағаш жақтан алушы да табыла кетті. Бағасын келісіп, сатып алды. Күрең айғырды ұстап, машинаға тиемек болдық. Ой, жануар-ай, сондағы күрең айғырдың шыңғырып кісінегені әлі құлағымнан кетпейді. Қорада тұрған байталдар да оған қосылып, жер-дүние азан-қазан болып кетті. Сонымен күрең айғырды көлікке тиеп, алып кетті. Екі күннен кейін алған кісі телефонмен хабарласты. Барғаннан, екі күн нәр татпай, айғыр өліп қалыпты. Ал, енді, қалған он байтал не болды дейсіз ғой. Күнде сауылып, қымызын сатып пайда тауып, шаруамды қалпына келтіріп жүрген адаммын ғой. Енді, байталдар, күрең айғырдың алдында болған, иә су, иә нәр татпай қалмасы бар ма?.. Бір күні қораға кірсем дәу мама бие өліп жатыр. Содан сізге өтірік, маған шын, бір жетіде он байтал да бірінен соң бірі өліп болды. Тек, құлындары қалды. Бұның не тылсым сыры барын біле алмадым. Жылқы киелі мал ғой. Мен содан көрем.
Нұрхан сәл ойланып отырып, тағы бір әңгіменің ұштығын шығарды.
– Ал енді, тағы осындай басымнан өткен оқиғаны баяндайын. Аздаған түйем де болған. Соны сатып, бірыңғай жылқы ұстауға бекіндім. Сол оймен түйелерімді саттым. Осыны күткендей-ақ бір таныс азамат хабарласып, төрт құлынды байтал сататынын айтты. «Тілегенге – сұраған» деген, ақша жұмсалып кетпей, алайын деп ойладым. Содан келістік, ол өз үйірінен төрт бас жылқыны қорасына алып келетін болды. Айтылған уақытта барсам, дайындап қойыпты. Ішіндегі үлкендеу биеден бастап, көлікке тиеуге кірістік. Сол кезде байтал жүрмей, қатты кісінемесі бар ма?.. Төбе құйқамызды шымырлатты. Күрең айғыр есіме түсті. Дәл сол дауыс. Аузым күйген адаммын ғой. Алмай - ақ қоям ба деп те ойладым. Бірақ, келісіп қойғанбыз. Ол қанша уақытын жұмсап, сыртта жүрген малын қораға алып келіп, қамап тұр. Қысылдым. Содан күштеп малды тиеп, қораға алып келіп түсірдік. Ал, енді, аға, әңгімені көпке соза бермейін, сол төрт байтал да бір жетінің ішінде, нәр татпастан өліп тынды. Тек қана құлындарын ұстап қалдым. Менің пайдам сол болды. Осындай екі таңғалатын жағдай басымнан өтті. Құдайға шүкір, бұл кәсіптен жаман болғаным жоқ. Мал баққасын, осындай жайлар да болып тұрады екен, – деп әңгімесін аяқтады Нұрхан інім.
Шынын айтқанда, бұл жағдайға нақты баға беру біздің де қолымыздан келмес. Табиғаттың ашылмаған тылсым сырының мол екенін сезінгендей болдық. Құрметті оқырман, сіздер де болған жайдан баянды бір ой түйерсіздер деп ойлаймын.
Дастан Мырзабекұлы
16 мамыр 2026 ж. 94 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№36 (10504)

16 мамыр 2026 ж.

№35 (10503)

13 мамыр 2026 ж.

№34 (10502)

09 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 103
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 693

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031