Вакцина – сенімді қорғаныс
Адам денсаулығы – ең үлкен байлық. Денсаулықты сақтаудың тиімді жолдарының бірі – вакцина алу. Вакцина адам ағзасын түрлі жұқпалы аурулардан қорғап, иммунитетті күшейтеді. Сондықтан вакцинация бүгінгі таңда медицинадағы ең маңызды жетістіктердің бірі болып саналады.Вакцина – ауру тудыратын вирус немесе бактерияның әлсіретілген түрінен жасалатын медициналық препарат. Ол адам ағзасына енгізілген кезде иммундық жүйе ауруға қарсы қорғаныс қалыптастырады. Нәтижесінде адам қауіпті инфекцияларға шалдықпайды немесе ауырған жағдайда ауру жеңіл өтеді.
Тарихқа көз жүгіртсек, вакцинацияның арқасында шешек, полиомиелит сияқты қауіпті аурулар азайып, кейбірі мүлде жойылды. Бұл – вакцинаның адам өмірін сақтаудағы үлкен рөлін дәлелдейді. Бүгінде қызылша, көкжөтел, тұмау секілді аурулардың алдын алу үшін де екпе жасалады.
Кей адамдар вакцинадан қорқып, түрлі жалған ақпараттарға сеніп жатады. Алайда вакциналардың қауіпсіздігі арнайы зертханаларда тексеріліп, мамандардың бақылауынан өтеді. Дәрігерлер вакцина алудың пайдасы әлдеқайда жоғары екенін айтады. Вакцина тек жеке адамды ғана емес, айналасындағы адамдарды да қорғайды. Себебі екпе алған адамдар көбейген сайын аурудың таралу қаупі төмендейді.
Қорытындылай келе, вакцина – адам денсаулығын қорғаудың сенімді әрі тиімді жолы. Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігер кеңесіне сүйене отырып вакцина алуы қажет. Денсаулықты сақтау – болашақты сақтау.
А.ИДИРИСОВА,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы














