» » ӘКЕ ТӘРБИЕСІ – ҰЛ БОЛМЫСЫНЫҢ НЕГІЗІ

ӘКЕ ТӘРБИЕСІ – ҰЛ БОЛМЫСЫНЫҢ НЕГІЗІ

Қазақ халқы «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп текке айтпаған. Бұл – ұрпақ тәрбиесіндегі әке мен ананың орнын дәл сипаттайтын өмірлік қағида. Дегенмен бүгінгі қоғамда осы тепе-теңдік бұзылып бара жатқандай. Әсіресе, ұл бала тәрбиесінде әкенің рөлі әлсіреп, оның орнын көбіне ана басып отырғаны жасырын емес.
Біз барлық әкені кінәлаудан аулақпыз. Алайда қоғамда байқалып отырған кейбір өзгерістер ойландырмай қоймайды. Бұрын әке – отбасының тірегі ғана емес, баланың мінезін қалыптастырушы негізгі тұлға болған. Ал қазір бала тәрбиесінің негізгі жүгі ананың иығына түсіп отырғандай.
Халық «Балам – болашағым» дейді. Ендеше сол болашақты тәрбиелеу де ата-ананың ортақ міндеті. Қазіргі таңда бала бір бұзақылық жасаса, кінә бірден анаға артылып, «Балаңа қарамайсың ба?» деген сөздер жиі айтылады. Ал әкенің тәрбиедегі орны екінші қатарға ысырылып қалады. Бұл – дұрыс үрдіс емес. Себебі бала – екеуіне ортақ аманат.
Бүгінгі балалардың көбі еңбекке икемсіз болып өсуде. Әрине мойындау қиын. Бұрынғыдай әкесіне көмектесіп, қолына құрал ұстап, тіршілікке араласып жүрген баланы сирек көреміз. Оның орнына телефонға тәуелділік басым.
Қазір кей ата-ана баласын «ауыртып аласың», «қолыңды жарақаттайсың» деп жұмыстан шектейді. Бірақ бұл үлкен қателік. Қазақта «Балаңды аясаң, аяма» деген сөз бар. Баланы шектен тыс қорғау емес, өмірге бейімдеу маңызды.
Ілгеріде мейірімге шомылып, еркелікке бой алдырған баласының болашағына алаңдаған әкесі ұлын қасына шақырып, өз еңбегімен ақша табуды талап етіпті. Ақ саусақ бала дым таба алмай анасынан көмек сұрап ақша әкеледі. Іштей біліп тұрған әкесі қабақ шытып ақшаны отқа тастайды. Бала оған мән бермейді. Екінші рет бұл жағдай тағы да қайталанады. Оны да отқа тастайды. Бұл іске ашуланған ұлы теріс бұрылып көрші ауылға кетіп қалады. Екі-үш күннен соң өз еңбегімен тапқан ақшасын әкелгенде, әкесі тағы отқа тастағанда, бала жанталаса оттан суырып алады. Сол кезде әкесі: «Міне, енді сен оның қадірін білдің» деп арқасынан қағыпты.
Әке баласына тек сөзбен емес, іспен үлгі болуы керек. Оны қасына ертіп, өмірдің қырсырын үйретуі қажет. Әр тапсырманы бақылап, қателігін түзеп отырғаны жөн. Сонда ғана бала жауапкершілікті сезінеді.
Қазір көп бала барлық сұрағын анасына қояды: тамақ, ақша, жоспар – бәрі ана арқылы шешіледі. Бұл да әкенің отбасындағы беделінің төмендеуіне әкеледі.
Сонымен қатар, толық емес отбасында өскен немесе тек әйелдердің тәрбиесінде болған ұл балаларда ер мінездің қалыптасуы қиынға соғады. Балабақша мен мектептің өзінде тәрбиешілердің басым бөлігі – әйелдер. Сондықтан әкенің тәрбиедегі рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түсуде.
Қазақ отбасында ана баласына әкені үлгі етуі тиіс. «Әкеңнен сұра», «Әкең біледі» деген сөздер арқылы әкенің беделін көтеру қажет. Сонымен қатар әйел адамның еріне деген құрметі баланың санасына тікелей әсер етеді. Баланың әкеден сескенуі – қорқыныш емес, тәртіп пен құрметтің белгісі. Бұл оның болашақта жауапты, батыл азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.
Бұқар жырау «Әкелі бала жаужүрек, әкесіз бала сұм жүрек» деп бекер айтпаған. Расында да, әкенің тәрбиесі – баланың тұлға болып қалыптасуындағы басты факторлардың бірі.
Е.НАЗАР
11 сәуір 2026 ж. 97 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (10494)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (10492)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (10491)

04 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 837
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 521

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930