ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК: ӘДІЛ СОТ ТӨРЕЛІГІНІҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛЫ
Қазіргі таңда мемлекеттер арасындағы құқықтық қатынастардың кеңеюі халықаралық құқықтық көмектің рөлін айтарлықтай арттырды. Әсіресе, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша шетелдік элементтердің көбеюі соттар алдында жаңа міндеттер жүктейді.
Халықаралық құқықтық көмек – бұл бір мемлекеттің сот немесе өзге де уәкілетті органдарының екінші мемлекеттің тиісті органдарына құқықтық әрекеттерді жүзеге асыру туралы сұрау салуы. Мұндай көмекке құжаттарды табыстау, дәлелдемелер жинау, куәлардан жауап алу, сараптама жүргізу және сот актілерін тану мен орындау сияқты әрекеттер жатады.
Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтық көмек көрсету саласында бірқатар екіжақты және көпжақты шарттардың қатысушысы болып табылады. Бұл өз кезегінде шетелдік әріптестермен тиімді өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, құқықтық көмек көрсету тәртібі халықаралық шарттармен қатар ұлттық заңнамамен де реттеледі.
Судьялар үшін халықаралық құқықтық көмекті қолдану барысында негізгі қағидаттарды сақтау аса маңызды. Олар – заңдылық, өзара сыйластық, мемлекеттердің егемендігін құрметтеу және адам құқықтарын қорғау. Әрбір жолданған немесе қабылданған сұрау салу заң талаптарына толық сәйкес болуы тиіс.
Тәжірибеде кездесетін негізгі мәселелердің бірі – құжаттарды рәсімдеу талаптарының әртүрлілігі мен тілдік кедергілер. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда сұрау салулардың ұзақ қаралуы сот өндірісінің мерзімдеріне әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты электрондық форматтағы өзара іс-қимылды дамыту және халықаралық стандарттарды біріздендіру қажеттілігі туындайды.
Қорытындылай келе, халықаралық құқықтық көмек – әділ сот төрелігін жүзеге асырудың маңызды тетігі. Ол мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын тиімді қорғауға ықпал етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру – уақыт талабы.
Б.Абубакирова,
Байқоңыр қалалық сотының судья














