ОНЛАЙН ТАНЫСТЫҚ: БАҚ ПА, СОР МА?
Осыдан 10-15 жыл бұрын әлеуметтік желі дегендер өмірімізге енді дендеп келе жатқанда онлайн таныстық та басталды. Ол уақытта Вконтакте мен майл ру агент танымал болды. Сол желілер арқылы отбасы болғандар жетерлік. Ал қазір әлеуметтік желінің әр алуан түрі бар. Арнайы танысуға арналған сайт та көп. Алайда оның бәрі сенімді ме? Соңғы уақытта әлеужелі арқылы онлайн танысып, от басып қалған жандар туралы жаңалық көбейді. Бұл қалай десеңіз, олар көбіне өздерін тартымды жігіт немесе қыз ретінде таныстырып, хат алмасуды белсенді түрде жүргізіп, адамға ерекше көңіл бөліп, қысқа уақыт ішінде сенімге кіреді. Уақыт өте келе әңгіме қаржылай көмек сұрауға ұласуы мүмкін. Алаяқтық жүйе әдетте осылай өрбиді. Тақырыпты толығырақ тарқатсақ.
Дейтинг алаяқтық деген не?
Өткен жылдың басында Саха Республикасында дейтинг алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топтың бір мүшесі ұсталған. Олар әртүрлі әлеуметтік желіде әйелдермен танысып, «романтикалық сезімін» білдіріп, сый-сияпат жасауға және таяу арада кездесуге уәде берген. Содан кейін «сүйдімкүйдім» деген адам сәлемдемені немесе ақша аударымын алу үшін баж, кеден алымы және басқа да «рәсімдеу шығынын» төлеу керегін айтады. Соның ішінде автокөлікті жеткізу мен кездесу орнына бару шығыны да бар. Полицияға арызданған Ресейдің әр түкпіріндегі бес әйелдің өзі алаяқтарға 9,1 млн рубль (қазіргі курспен 60 млн теңгеге жуық) беріп жіберген, романтикаға сенген тағы қанша әйелдің қалтасы қағылғаны әлі белгісіз. Мұндай деректер біздің елде де көп.
Жалпы онлайн дейтинг алаяқтық (romance/ love scam) — бір адамның (немесе топтың) романтиканы желеу етіп құрбанның сеніміне кіріп, содан кейін оның эмоциялық күйін пайдаланып, манипуляция жасау, ақша алу, шоттарына немесе жеке деректеріне қол жеткізуді білдіретін қылмыс түрі. Басты ерекшелігі танысу цифрлық ортада, танысу сайттарында, әлеуметтік желіде, кейде мессенджер арқылы жүреді. Алаяқтар тіпті бастан-аяқ фейктен тұратын сайт жасауы да мүмкін.
Жәбірленушімен сөйлесу үшін алаяқтар жалған өмірбаян ойлап тауып, қолдан цифрлық тұлға жасап, кез келген адам болып танысуы мүмкін. Жақында бұқаралық ақпарат құралдарында жиырма жастағы астаналық азаматтың Нұрай деген қыз болып танысып, онлайн танысынан 4 млн теңгені сыпырып алғаны жария болды. Түркістан облысында да осыған ұқсас жағдаймен 20 арыз тіркелген. Бірақ бұл тіркелген арыздар саны ғана. «Танысамын деп тапқанымнан айырылдым» деп арыз жазуды намыс көретіндер немесе мұны жасырғысы келетіндер де көп емес пе? Көпшіліктің келекесіне қалудан қорқуы да мүмкін.
Онлайн алаяқ – оңай олжа иесі
Қазір әлеуметтік желінің қай-қайсысын ашсаңыз да «Жар болатын қыз іздеймін» немесе «Отбасы болатын жігіттермен танысамын» деген хабарламалар өте көп-ақ. Осындай хабарлама арқылы болашақ құрбанмен танысқаннан кейін алаяқтар бірден жеке тақырыпқа өтіп, жақындық сезімін тудырады. Әдемі сөздермен еліктіріп, бар назарын аударады. Жеке өміріне де назар аударып, тіпті түрлі сыйлық та жіберуі мүмкін.
Алаяқтар көбінесе вахтамен жұмыс істейтінін айтады немесе үнемі іссапарда жүретін шетелдік маман, әскери, бизнесмен болып танысады. Сөйтіп ұзақ уақыт бойы жеке кездесуден қашып жүреді, ал кездесуді табандап талап еткен жағдайда тактиканы өзгертіп, қиындық туғанын айта бастайды. Үйге қайту үшін шұғыл түрде ақша керегін айтады.
Құрбанның ақшасын сыпырып алу үшін алаяқтар неше түрлі сылтау ойлап табады. Оның жолдары сан алуан болып келеді. Мәселен, шетелде іскерлік сапармен жүріп қаржылай қиындыққа тап болдым, жол апатына түсіп қалдым, несие картамды, төлқұжатымды ұрлатып алдым деуі мүмкін. Сондай-ақ өзі немесе жақын адамы ұзақ уақыт ауруханада жатуына орай қомақты ақша төлеу керегін де сылтау етеді.
Кейде кездесуге асық екенін айтып, бірақ билет алуға, шығындарды жабуға қысылып тұрғанын жеткізеді. Тікелей билет алып беруді сұрамай, белгілі бір шотқа ақша аударуды өтінеді. Тіпті сөйлесіп жүрген адамыңыздың «дәрігері», «полиция қызметкері» немесе «туысы» байланысқа шығып, оның сөзін растайды немесе ойдан шығарылған әңгімені шындыққа жақын етіп көрсету арқылы қысым жасай бастауы да мүмкін. Ақша аудармасаңыз, өзіне қол салатынын айтып қорқытатын алаяқтар да кездеседі.
Олар бірлескен шот ашамыз дегенді желеу етіп жеке куәлік немесе төлқұжаттың көшірмесін сұрауы мүмкін. Осылайша жеке деректеріңізді несие рәсімдеуге немесе басқа да алаяқтық схемасына пайдаланады. Онлайн сөйлесу кезінде мұндай жағдайдың бірнешеуі болуы мүмкін, ал алаяқтар әр жолы алдыңғыдан көбірек ақша сұрайды. Тікелей ақша аударудан бөлек, алаяқтар өз құрбанын түрлі қаржы операцияларына тартуы да мүмкін. Яғни «табысты екеніне кепілдік бар инвестицияны» ұсынады, «аударымды қабылдауды» немесе «таныстарына аударып жіберуді» сұрайды. Сондықтан онлайн таныстықта ескеру керек көп дүние бар.
Алаяқ арбауына түспеу үшін...
Ең бірінші жұп іздеу барысында жариялайтын немесе ғаламторда көпшілікке ашық түрде ұсынатын ақпаратқа абай болыңыз. Алаяқтар әлеуметтік желіде және танысу сайттарында жариялайтын ақпаратты сізді жақсырақ түсініп, манипуляция жасау үшін пайдалануы мүмкін. Хат жазысып отырған адамның фотосуреті мен профилін кері байланыс көмегімен іздеңіз, суреттері, аты-жөні немесе басқа да ақпарат бұрын-соңды қолданыста болған-болмағанын тексеріңіз. Арнайы сервистермен суреттің ЖИ көмегімен жасалу ықтималдығын тексеріп алыңыз.
Сөйлесіп отырған адамыңызға неғұрлым көбірек сұрақ қойыңыз. Адам мінсіз болып көрінсе немесе танысу сервисінен, әлеуметтік желіден тездетіп кетуді және ендігі әңгімені мессенджерде жалғастыруды ұсынса, күмәнмен қараңыз. Себебі мессенджерде алаяқтарға із жасыру оңай.
Достарыңыздан немесе отбасыңыздан алыстатуға тырысса немесе ыңғайсыз фото, видео жіберуді сұраса, қандай да бір қаржылық ақпаратты сұрай бастаса, сақ болыңыз, болашақта мұны бопсалау үшін қолдануы мүмкін. Жүзбе-жүз кездесуден қашса немесе кездесуге уәде беріп, әр жолы келе алмау себебін түрлі сылтаумен түсіндірсе, бірнеше ай бойы түрлі себеп-сылтау айтып кездеспей жүрсе, алаяқ болып шығуы мүмкін деп күмәндануыңызға толық негіз бар.
Тағы бір айта кетерлігі, онлайн ғана сөйлескен адамға ешқашан ақша жібермеңіз. Қауіп туа қалған жағдайда жақындарыңызға айтуға, банкке және полицияға жүгінуге қысылмаңыз. Қарымқатынасты ертерек доғарып, дәлелдерді тіркеп үлгерсеңіз, соғұрлым романтиканың қылмысқа айналуына жеткізбеуге болады.
Түйін Онлайн таныстық заман ағымымен бірге дамып келе жатқан құбылыс. Одан бас тарта да алмаймыз. Дегенмен әр адам өз қауіпсіздігін ойлап, шынайылыққа негізделген байланыс орнатуға ұмтылғаны жөн. Сонда ғана онлайн таныстық жаңа әрі пайдалы тәжірибеге айналмақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ














