БАСПАНА – БАҚЫТТЫҢ КЕПІЛІ МЕ?
Үйлену үшін үйлі болу міндет пе? Қазіргі жастардың түп санасын осы бір сауал тұмшалап алғандай. Оның үстіне заманауи түсінікте «алдымен баспана, сосын бала-шаға» деген ұстаным бар. Алайда бүгінде үлкен қалаларда пәтер құны қолжетімсіз деңгейге жетіп тұр. Мәселен, Алматы мен Астана қалаларында бір бөлмелі пәтердің өзі бірнеше миллион теңгеден басталады. Орташа жалақысы бар жас маман үшін бұл – жылдар бойы несиеге байлану деген сөз.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары жастардың үйлену жасына жетсе де, некені кейінге шегеруінің басты себептерінің бірі – тұрғын үй мәселесі. «Алдымен үй алайық, сосын үйленеміз» деген жоспар көп жағдайда орындалмай, жылдарға созылуда. Нәтижесінде отбасын құру жасы ұлғайып, кейбірі мүлде үйленбей қалуда. Бұл – шындық.
Көптеген ата-ана «үйсіз үйленуге болмайды» деген пікірді ұстанады. Бұл – бір жағынан, жас отбасының тұрмыстық қиындық көрмеуін ойлаған қамқорлығы. Алайда кейде осы талаптың өзі жастарға қосымша психологиялық қысым түсіруде.
Баспана – маңызды мәселе екені рас. Бірақ отбасының беріктігі тек шаршы метрге байланысты ма? – деген сұрақ тағы туындайды. Қоғамда талай жас шаңырақ пәтер жалдап, сонда ынтымағы жарасып, бірлесіп еңбек етіп, кейін өз үйіне қол жеткізіп жүрген мысалдар аз емес. Бірақ керісінше, зәулім үйі бола тұра, түсініспеушіліктен айырылысып кеткен жұптар да кездеседі.
Әрине, баспанасыз отбасын құрудың өз қиындықтары бар. Пәтер жалдау ақысы ай сайын табыстың едәуір бөлігін «жеп» қояды. Кей жағдайда жас жұбайлар ата-анасымен бірге тұруға мәжбүр болады. Бұл өз алдына бөлек сынақ. Ұрпақтар арасындағы көзқарас айырмашылығы, тұрмыстық дағдылар, жеке кеңістіктің болмауы – бәрі қарым-қатынасқа әсер етеді.
Психологтардың пікірінше, отбасы құрудағы басты фактор – екі жастың бір-біріне деген жауапкершілігі мен ортақ мақсаты. Егер ерлізайыптылар бірін-бірі қолдап, қиындықты бірге еңсеруге дайын болса, жалдамалы пәтер де уақытша кезең ғана.
Қазіргі нарық жағдайында «міндетті түрде өз үйің болсын» деген талап шынайы мүмкіндіктерге сай келе бермейді. Көп елде жастар ұзақ жыл пәтер жалдап тұруды қалыпты жағдай деп қабылдайды. Бұл көзқарас бізде де біртіндеп өзгеріп келеді. Әр отбасының жағдайы әртүрлі. Біреу үшін баспанасыз үйлену – тәуекелге бару болса, енді біреу үшін – өмірді бірге бастауға алғашқы қадам. Ең бастысы – шешімнің саналы түрде қабылдануы. Тек қоғам не туысқанның сөзі үшін емес, екі жастың ортақ келісімімен жасалған қадам ғана берік болады.
Иә, үйлену үшін үйлі болу – заң емес, талап та емес. Бұл – мүмкіндік пен дайындыққа байланысты жеке таңдау. Баспана тек материалдық негіз. Ал отбасының шынайы іргетасы – сенім, сыйластық және ортақ еңбек. Егер осы үшеуі берік болса, төрт қабырға уақыт еншісінде ғана.
Ерсін СӘДУҰЛЫ














