БАЛА ТӘРБИЕСІ ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
Қазақ халқы бала тәрбиесіне бейжай қарамаған. «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» деп бала тәрбиесіне аса зор жауапкершілік жүктеген. Ол туралы ел ішінде айтылатын қанатты сөздерден көруге болады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Яғни, бала тәрбиесі отбасы, ошақ қасынан басталады. Отбасында алған тәрбиесі баланың адам болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Ұрпақ тәрбиесіне ата-бабамыз біріші кезекте мән берген.
Қазіргі күні Қазақстанда отбасы институтының беделін арттыру, нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бірақ жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде аз қамтылған, көпбалалы, қиын жағдайға тап болған отбасыларға жәрдемдесетін орталықтардың көптігіне қарамастан, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың саны азаймай тұрғаны еліміздегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Отбасындағы жанжалдан басталып зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттерден зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Ішкі істер министрлігі соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдейді. Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтан әйелдерден бөлек, балаларға да күш көрсету тыйылмай тұр.
Елімізде 14 жасқа дейінгі балалар әрбір екінші отбасыда не балабақшада зәбір көреді, мектеп оқушыларының үштен екісі қатарластарынан не болмаса мектеп қабырғасынан кемсітуге не зорлық-зомбылыққа ұшырайтыны анықталған.
Осы ретте әйелдер мен балалардың отбасылық-тұрмыстық зорлықзомбылық көруіне қарсы елімізде көптеген шаралар қолға алынған болатын.
Ел Президенті былтырғы Жолдауында әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылғаны туралы еске салайық.
Айта кетейік, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан көлемінде Қармақшы АПб полиция қызметкерлері, аудандық прокуратура, емхана, білім бөлімі, отбасын қолдау орталығы және т.б. сала мамандарымен біршама жұмыстар атқарылуда.
Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қоғам мен мемлекеттің назарын талап ететін күрделі мәселе болып табылады. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жағымсыз салдардың алдын алуда шешуші рөл атқарады.
Сонымен қатар, қазіргі таңда жасөспірімдер арасында көп таралған зорлық-зомбылықтың түрлерінің бірі – буллинг.
Айта кетейік, ата-ана баланың буллингке ұшырамауы үшін не істеуі керек?
Бірінші кезекте, кез келген ата-ана баласымен ашық және жиі сөйлесіп тұруы қажет. Буллинг тақырыбында көбірек сөйлескен жағдайда ғана баланың қысымға ұшырағанын не қатарластарынан көргенін айта алады. Мектептегі уақыты қалай өткенін, интернетте не істейтінін сұраған жөн.
Тек сабақ үлгерімі емес, баланың сезімі, қатарластарымен қарымқатынасы жайлы да сөйлесу қажет.
Балаңыздың қатарластары тарапынан буллингке ұшырағанын қалай байқауға болады?
Буллингке ұшыраған балалар көбіне мектепте не болып жатқанын ата-анасына айтуға қорқады. Сондықтан кез келген ата-ана баланың буллингтен зардап шеккенін байқауы керек. Қысым көрген баланың мінезқұлығында мынадай өзгерістер болуы мүмкін: өзінен кіші балалар мен жануарларға агрессиямен қарауы, ұйқы немесе тамақтану режимінің бұзылуы, тез шаршау, тыныштықта көп болу, реніш, өзгеден оқшаулану.
Қысымға ұшыраған балаға қалай көмектесу қажет? Баланы біреу ренжіткен болса, ол бұл туралы мұғалімдерге немесе ата-анасына айтуға құқылы екенін анық білуі керек. Буллингке ұшыраған бала ата-анасына немесе мұғалімдеріне не болып жатқанын өте сирек жағдайларда айтады. Сондықтан баламен ашық диалог құрып, көп сөйлесу қажет. Балаға психологиялық және эмоционалдық қолдау жасап, оның жағында екеніңізді сезіндіруіңіз керек.
Буллингті қалай тоқтатуға болады?
Егер балаңыз сыныпта қысым көрсе, бірінші кезекте сыныптастарының ата-анасымен сөйлесу керек. Жалпы жиналыста емес, әр ата-анамен жеке-жеке сөйлескені дұрыс. Егер әңгімелесу нәтиже бермесе, онда сынып жетекшісі, мектеп директоры, психолог пен учаскелік полиция қызметкерін араластыру қажет.
Егер Сіз немесе Сіздің жақындарыңыз тұрмыстық-зорлыққа тап болса, төмендегі байланыс нөмірлеріне хабарласып, көмек сұрай аласыз:
Сенім телефоны: 111, Полиция басқармасы және бөлімдері – 102, Дағдарыс орталықтарының байланыс нөмірлері: «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы қоғамдық қоры: 8-777-340-87-34, 8-707-159-35-51 «Жан» дағдарыс орталығы, 8-800-080-77-71 «Ана үйі» қоғамдық қоры.
Қармақшы ауданы полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік
бөлімшесінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобы















