» » БОС УАҚЫТТА КІТАП ОҚУДЫҢ ЗИЯНЫ ҚАНДАЙ?

БОС УАҚЫТТА КІТАП ОҚУДЫҢ ЗИЯНЫ ҚАНДАЙ?

Қазіргі кейбір жастан да, жасамыстан да «бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?» деп сұрай қалсаңыз,«кітап оқимын» деп жауап береді. Әлбетте, кітап оқитындығы – дәтке қуат, көңілге медеу. Күніне бір сағат кітап оқымақ түгілі, айында бір мәрте қолына кітап алмайтын балаларды көре жүріп,осы жауапты естігенде жаның жадырап, жүрегің жай табады. Десе де, «бос уақытымда кітап оқимын» деген жауаптың өзі – адам бойында кітап оқу мәдениетінің қалыптаспағандығының айқын айғағы.
«Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік», дейді Абай. Аңғара қарасақ, біз тәннің құмарын алдыға қойып, сонымен қатар, өмірімізді материалдық байлық табу жолына байлап қойғанбыз. Күн тәртібінде жұмыс істеу, тамақ жеу, дүкенге бару сынды жоспарлар тұрады. Ал кітап оқуды мүлдем ойға алмаймыз. Өте өкінішті...
«Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу» (Абай). Бұндағы жетілу дегеніміз – мал-мүкәлламға мұқтаж, қаржыға қардар болмай, аяққа тұру емес, рухани байлық жию. Ал рухани байлық дегеніміз не? Білім. Ал білім қайда? Абайша айтсақ, «Артық білім – кітапта».
Ендігі кітаптағы білімді қалай көңілге тоқып, жадыға түйеміз?
Ең әуелі айтарымыз, кітап күнделікті күн тәртібінде тұрмайтын болса, еткенің – еш, «кітап оқимын» дегеніңіз – құр әурешілік, мақсатсыз адамның тірлігі. Сондықтан кітап оқуды күнделікті әдетке айналдырмақ керек. Жатар алдын «ертең қайда барамын, қандай тамақ жеймін деп» емес, «қандай кітап оқимын, қанша бет оқимын» деген сауалға жауап іздемек ләзім. «Тірлігім көбейген сайын, көбірек кітап оқимын» деген екен әлемге әйгілі ғалым Майкл Фарадей. Фарадейдің ашқан ғылыми жаңалықтары әлі күнге дейін адамзат қажетіне жарап, кәдесіне асып жатыр.
Озық отыз елдің қатарына кірмек үшін ақыл мен ғылым керек. Назым сөздің шебері Тұрмағамбет ақын:
«Ақыл – тон, андағанға тозбайтұғын,
Ғылым – кен, күнде өніп қоздайтұғын.
Иелік екеуіне еткендердің,
Жаны жоқ жер жүзінде озбайтұғын» деп өлеңмен өрнектепті. Ал ақыл мен ғылымды кітаптан табарымыз зайыр ғой. Әлбетте. «Кітап – ақылға қуат беретін құрал» дейді Ян Коменский. «Кітап – бүкіл ғылымның бастау бұлағы» дейді Стефан Цвейг.
Ал ғылым мен ақыл керек болса, кітап оқуды артқа ысырып қою, бос уақытта қолға кітап ұстау әбестік емес пе? Әбестік. Сондықтан, оқымақ керек, оқығанды көңілге ықыласпен тоқымақ керек.
Жоғарыда экономикасы қарыштап дамып жатқан озық отыз елдің құрамына кіру туралы сөз қозғадық қой. Енді кітап оқитын мемлекеттер арасында үздіктер қатарына кіретін отыз елге тоқталайықшы. Бір қызығы дамыған отыз елге кіретін мемлекеттер, осы рейтингте де көш бастап, өзгелерден оқ бойы озып тұр. Айталық, АҚШ, Жапония секілді іргелі мемлекеттер кітап оқитын елдер қатарында да, экономикасы қуатты елдер сапында да ілгері. Демек, кітап оқудың мемлекеттің дамуына әсер ететіні даусыз.
CEOWORLD деректеріне сүйенсек, 2025 жылғы рейтингте Қазақстан оқылған кітаптар саны бойынша 102 елдің ішінде 95-орынды иеленді. Орта есеппен қазақстандықтар аптасына бір сағат қана кітап оқиды екен. Ал Америка Құрама Штатының азаматтары аптасына алты сағат кітап оқитын болса керек.
Сонар сөздің қысқасы, «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» дейді тірісінде-ақ ізінен аңыз ерген абыз тұлға, қаламы қуатты жазушы Әбіш Кекілбай. Сонда «адамды адам еткен – кітапты» бос уақытта ғана оқып, «адамды адамзат еткен – кітапханаға» қол босағанда ғана баруымыз керек пе?! Әлбетте, жоқ.
Бос уақытта кітап оқудың зияны сол – адам жан қажетін ысырып қойып, тән керегіне көңіл қоя түседі. Сондықтан, кітапты күнделікті оқымақ керек!
Ердәулет ОРЫНБАСАРОВ
17 қаңтар 2026 ж. 83 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№7 (10475)

27 қаңтар 2026 ж.

№6 (10474)

24 қаңтар 2026 ж.

№5 (10473)

21 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 316
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 185

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031