» » САНИТАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ – ҚОҒАМ ДАМУЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ФАКТОР

САНИТАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ – ҚОҒАМ ДАМУЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ФАКТОР

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәжіліс залында басқарма басшысы Алия Ыдырысова ауданның бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз брифингін өткізіп, осы жылдың 10 ай қорытындысымен атқарылған жұмыстар легі мен көрсетілген қызметтер жайын баяндады.
Ол әуелі мекеменің атқаратын негізгі мақсатымен таныстырып, одан соң аудан көлемінде жұқпалы және паразитарлық аурулардың аурушаңдық көрсеткішіне күнделікті, апталық, айлық, тоқсандық мониторинг жүргізе отырып, эпидемиологиялық ахуалға баға беру, ауру ошақтары мен нысандарды тергеп-тексере келе аурудың таралуына себеп болған жайттарды анықтау, аурудың жұқтыру факторлары мен таралу жолдарын айқындауда байланыстағы азаматтар мен қоршаған ортаның зертханалық зерттеумен қамту, профилактикалық шараларды, оның ішінде халыққа профилактикалық екпелердің жүргізілуін ұйымдастыру және инфекциялық тәуекелдерді төмендету бағытында атқарылған кешенді іс-шараларға тоқталды.
– Бүгінде аудан бойынша (Байқоңыр қаласын қоса есептегенде) 85 мыңға жуық халыққа басқарма тарапынан 13 мемлекеттік қызметші қызмет көрсетеді. Биылғы жылдың 10 ай қорытындысында басқармамен есеп жүргізілетін 102 нозологиялық жұқпалы және паразиттік аурулардың 85 түрі аудан көлемінде тіркелмеген. 8 түрі бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші төмендеген. Олар – ЖВГА және эхинокооккоз 1, сарып 2, коронавирусты инфекция, дерматомикоз, туберкулез 4, жедел респираторлы вирусты инфекция, қызылша 35 жағдайға кеміген. 9 нозологиясы бойынша, оның ішінде созылмалы вирусты гепатит В ауруы алғаш рет анықталса, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан 1, созылмалы ВГС, қышыма, педикулез 2, желшешек, аскаридоз, энтеробиоз 3, жедел ішек инфекциясы 4 есеге жоғарылап отыр. Кене шағу 10 жағдайға, жануардан жарақат алу 2 жағдайға азайды.
Жалпы ауданымыз аса қауіпті жұқпалы аурулар: КонгоҚырым геморрагиялық қызбасы, сарып, құтырма, Сібір жарасы ауруларына қолайсыз эпидаумақ саналады, – деді басқарма басшысы өз сөзінде.
Биыл Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті жағдаймен 3 науқас тіркеліп, оның 1 жағдайында диагноз зертханалық жолмен нақтыланған. Ал өткен жылы бұл аурудың түрімен тіркелім болмаған. Нақтыланған жағдай бойынша ауданға қарасты ауылда тұрғын медициналық бақылауға алынғанымен соңы өкінішті жағдаймен аяқталған.
Маманның айтуынша, жыл сайын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алуда кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары көктем, күзде 7-10 күн аралықпен жүргізіледі. Осы жылы да 16 қолайсыз елді мекенге Шымкент қаласының «Сәтті түлік» мердігер мекемесімен залалсыздандыру шаралары жүзеге асырылған. Шара қарсаңында қолайсыз елді мекендердің мал қоралары, малдары, елді мекеннің санитариялық қорғаныш аймағы залалсыздандырудан өткізілсе, улау жұмыстары ізінен улаудың тиімділігін айқындауда ҰСО Қызылорда облысы филиалының аудандық бөлімшесімен қатар жүргізіліп келген. Нәтижесінде көктем мезгілінде Жосалы кенті, Қызылтам стансасында улау тиімділігі төмен болғандықтан қайталама залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапасы арнайы жұмысшы тобымен бақыланып, орын алған кемшіліктер жергілікті атқарушы органға хабарланып отырған.
«Бұл жерде айта кететініміз, аудан тұрғындарымен жеке меншік малдарына есеп алу мәселесінің жолға қойылмағаны, есеп дұрыс жүргізілмеуі салдарынан Үкімет тарапынан залалсыздандыруға бөлінетін дәрідәрмек көлемінің жетіспеушілігі орын алды. КҚГҚ ауруын тұрақтандыруда аудан әкімдігі деңгейінде 2 рет мәселе қаралып, жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді. Басқарманың 3 рет алқа мәжілісі өтіп, 64 мәрте семинар өткізілді. 153 жоғары, 703 орта буын мамандары оқытылды.
Сарып ауруы бойынша да эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Осы жылы аурушаңдық көрсеткіші былтырмен салыстырғанда 2 жағдайға төмендегенімен, орташа облыстық деңгейден 3,2 есеге жоғары. Аудан Шиеліден кейін 2-ші орында тұр. Малдар арасында сарып ауруын дер кезінде анықтауда жылда ветеринарлық стансасымен жануарлардың аса қауіпті ауруларының диагностикасы бойынша ветеринарлық іс-шаралар жоспарына сәйкес, малдар тексерілуде. Биылғы жылдың 21 қарашасында ветеринарлық стансамен ұсынылған қатынас хат негізінде аудан бойынша сарып ауруына 134920 бас мал жоспарланса, 47000 бас мүйізді ірі қара, 85000 мың бас ұсақ мал, 2800 бас түйе, 120 ет қоректі, барлығы 120716 немесе 89 пайыз тексерумен қамтылып, 2 ауылдан – Тұрмағамбет, Ақжардан 3 бас ауру мал анықталды. Ауданда сарып ауруының эпидемиологиялық ахуалының тұрақсыздығын, мал арасында аурудың анықталуы және Жосалы кентінде аурушаңдық көрсеткіші жоғары болуын назарға ала отырып, басқарма тарапынан аудан бойынша Ақжар, Тұрмағамбет ауылы, Жосалы кентінің барлық малын жаппай лабораториялық зерттеулермен қамтылуына ұсыныс жолданды. Аталған аурудың алдын алуда 2024 жылы да жүйелі жұмыстар жүргізілген болатын. Сарып ауруына байланысты аудандық аурухана мен басқарманың бірлескен бұйрығына сай, 5 семинар өтіп, оған 175 адам қамтылды. 4 тергеп-тексеру жүргізіліп, қорытындысында 2 жеке тұлғаға айыппұл салып, өндірілді», – деді басқарма басшысы брифингте сөйлеген сөзінде.
Жиында айтылған мәселелердің бірі – жануарлардан жарақат алу жағдайы. 2025 жылдың басынан бері жануар жарақатымен 126 жағдай тіркелген. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 149,1 пайыз. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 4 жағдайға азайған. Десе де, тіркелгендердің 93,7 пайызы ауыл тұрғындары болса, қалған пайызы Байқоңыр қаласы мен Жосалы кентіне тиесілі болып отыр. Барлық тіркелген жағдайға басқарма тарапынан «Санитариялық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» қаулысы басшылыққа алынып, емдеу-сауықтыру мекемелеріне жолданған. Белгілі жануардан жарақат алған 29 жағдай бойынша аудандық ветеринариялық стансасына жарақаттаған жануарды бақылау үшін хат жолданып, нәтижесінде «құтырма» белгісі бар жануарлар анықталмаған. Жарақат алған 29 жағдайдың 14-і өз үйінің ит, мысығы болса, 15 жағдай өзге иесі бар жануарлардан жарақат алған жағдайлар. Тиісінше, ҚР «Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы» кодексінің 407-2-бабының 1-тармағы, 4-тармақшасына сәйкес, «Иттер мен мысықтарды күтіп ұстау» ережесімен иелеріне шара қолдануға аудандық полиция бөліміне 14 хат жазылып, нәтижесінде 12 жануар иесіне әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Зардап шеккен азамат өз ойын өзгертіп, тістеген ит өзінікі екенін айтып ойын өзгерткені салдарынан 2 жануар иесіне шара көрілмеген. «Осы жерде айта кететін жайт, жарақат алған адамның белгілі иттің иесін жасырып қалуы, қазақы менталитетіміздегі ұят болар деген ұғым, яғни иттің иесі анықталса иесіне айыппұл салынатындықтан, белгісіз деп көрсете салуды дұрыс санауда. Бұл тиісінше, жануардан жарақат алу жағдайларын төмендетпеуге әсерін тигізсе, қаңғырып жүрген ит, мысықтардың мәселесін оң шешуге кері ықпал етуде. Сондай-ақ жануардан жарақат алған азаматтың 124-і тиісті антирабикалық екпелерін алса, қалған 2-уі қарсылық білдірген. Бұның өзі тұрғындар арасында құтырма ауруына күдіктіліктің жоқтығын көрсетеді. Құтырма ауруына орай насихаттық жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Емдеу-сауықтыру мекемелері, ветеринария саласымен бірге 7 бірлескен бұйрық шығарылып, семинар сабақтары өткізілді. Жалпы тұрғындарға 305 әңгіме жүргізіліп, мектеп оқушыларына 27 дәріс оқылды. Аудан басылымдарына 5 мақала жарияланды. Басқарманың әлеужелідегі парақшаларында тікелей эфир арқылы баяндамалар жарық көруде. Мұндай насихаттық-ақпараттық шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады», – деді А.Нұрмағанбетқызы.
Брифингте елімізде қазіргі кезде жаппай жүріп жатқан тұмау, одан бөлек, туберкулез, қызылша аурулары мен ауруға қарсы егілетін екпелер жайы да кеңінен сөз етілді.
– Туберкулездің 21 жаңа жағдайы тіркеліп, 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 24,8 пайызды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 4 жағдайға төмендеген. Дегенмен, биыл өткен жылдары тіркелмеген Ақжар, Ақтөбе ауылдарынан тіркеліп, Ақай ауылында аурушаңдық саны артуда. Алғаш тіркелген 21 туберкулез жағдайының 16-сы немесе 76 пайызы тыныс алу жолдары туберкулезі құрады, оның ішінде 59 науқаста немесе 56 пайызында туберкулездің жұқпалы түрі анықталды. Жыл басынан туберкулездің асқынған жағдайы мен кеш анықталу жағдайы тіркелмегенімен, 1 өлім-жітім жағдайы орын алды. Қазан айының 1-інен тұмау мен ЖРВИ эпидмаусымы басталды. Сол уақыттан бері аудан көлемінде ЖРВИ-дің 1350 жағдайы тіркеліп, 100 мың халыққа шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 16 пайызға төмендеген. Алайда, апта аралық ауру деңгейі 1,5 есеге ұлғаюына орай аудандық бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы шығарылып, ЕСМ мен білім беру нысандарында індетке қарсы іс-шараларды күшейтуге тапсырма берілді. Екпемен 7202 азамат қамтылды.
Қызылша ауруына келер болсақ, зертханалық жолмен анықталған 2 жағдай есепке алынды. Аурушаңдық өткен жылмен салыстырғанда 33 жағдайға кеміген. Ауруға шалдыққандардың иммундау статусы бойынша 1 науқас егу жасына жетпеуіне байланысты егілмесе, 2-ші науқас ҚР Ұлттық егу кестесіне сәйкес, 1 жастағы екпесін кешіктіріп, 6 жасында алған. Тіркелген аурушаңдықтар бойынша 18 адамның қарым-қатынастылығы анықталып, 21 күнге медициналық бақылауға алынды, тергеп-тексеру нәтижесінде 1 жеке тұлғадан айыппұл өндірілді.
Екпенің қандай да бір аурудың алдын алуда маңызы зор. ҚР Ұлттық алдын алу егу кестесіне сәйкес, 21 түрлі жұқпалы ауруға қарсы, атап айқанда, туберкулез, гепатит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, пневмококк, қызылша, қызамық, паротит, адам папиллома вирусы, іш сүзегі, құтырма, тағы басқасына қарсы вакцинация жүргізіледі. Жоспарлы екпе баланың туылған сәтінен бастап перзентханадан, одан соң баланың 2, 3, 4 айлығында, 1, 1,5, 6 жасында, 16 жасында және әрі қарата 10 жыл сайын 56 жасында соңғы екпесімен емханада егіледі. Балаларды вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардан қорғау үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет, ол үшін егілуге тиісті контингенттің кем дегенде 95 пайызы вакцинациялануы тиіс. Осы жылдың 10 ай қорытындысымен орташа есеппен вакцинация бар болғаны 68,2 пайызда қамтылып, егілуге тиісті минималды деңгейден 16 пайызға төмен орындалған. Бұған себеп болып отырған жас ата-аналардың жұқпалы аурулардың қаншалықты қауіпті екенін елемей, екпеден бас тарту деректерінің жиілеуі болып отыр. Оған қоса, пандемия кезінде тұрғындардың жалпы екпелер туралы ғаламтор желілеріндегі жалған ақпараттарды негізге алуы жоспарлы екпелерден бас тарту фактілерінің жиілеуіне әкеліп соқтырды.
Енді алдағы жоспарға келсек, профилактикалық екпелерді қамту көрсеткішін оптимальді деңгейге жеткізуді, эпидемиялық мәні жоғары, елеулі нысандардың санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларынсыз жұмыс істеуге жол бермеу, әрбір тіркелген арыз-шағымды жан-жақты зерделеп, қолайлы акт шығарылу көрсеткішін жоғарылату, басқарма бақылауындағы нысандардың 100 пайыз өндірістік бақылаумен қамтамасыз етілуіне қол жеткізу, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында субъектіге бармай профилактикалық бақылау жүргізу жұмыстарын жандандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және өтініштерді қарауда заң талаптарын қатаң сақтау, жұқпалы, паразиттік аурулардың ошақтарында тергеп-тексерулерді уақытылы, сапалы жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша жедел ден қою, сонымен қатар жоспарланған мемлекеттік тапсырысты толық игеру, – деді қорытынды сөзінде басқарма басшысы.
Брифингте халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы, профилактикалық бақылау, тексерулерді ұйымдастыру, ауызсу жүйелеріндегі дезинфекция жұмыстары және басқа да мәселелер қозғалды. Сонымен қатар, қоғам дамуының тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтауда – тұрғындар тарапынан жауапкершілік те аса маңызды екені баса айтылды.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК

18 желтоқсан 2025 ж. 96 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10464)

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 (10463)

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 (10462)

09 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 098
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 752

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031