ҚМДБ: РУХАНИ ТӘРБИЕ МЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ САҚТАУ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ
Дәстүрлі ислам құндылықтарын сақтау және таратуда ҚМДБ қазақ халқының діни танымына тән Ханафи мәзһабы мен Матуруди ақидасының ұстанымдарын жүйелі түрде насихаттап келеді. Бұл бағыт қоғамда діни тұрақтылықты сақтауға, түрлі жат ағымдардың алдын алуға және жастардың діни сауатын дұрыс арнаға бағыттауға мүмкіндік береді.
Мешіттерде жүргізілетін уағыздарда имандылық, әділдік, сабыр, ізгілік, еңбекқорлық, мейірімділік сияқты құндылықтың мәні түсіндіріледі. Осы арқылы халықтың рухани мәдениеті күшейеді.
Білім беру және ағартушылық жұмыстарына тоқталар болсақ, ҚМДБ жанындағы медреселер, Құран жаттау орталықтары және имамдардың біліктілігін арттыру курстары жастарды рухани тәрбиелеуде үлкен ықпал етеді. ҚМДБ-ның ресми сайтындағы материалдар, кітапшалар, бейне-сабақ пен дәрістер – діни сауаттылықты арттыруға бағытталған кең көлемді ресурстар. Сонымен қатар, имамдардың әр ай сайынғы тақырыптық жұма уағыздары қоғамдағы өзекті мәселелермен үндесіп, адамгершілік тәрбие беруге бағытталады.
Қайырымдылық пен әлеуметтік қолдау жұмыстары да назардан тыс қалған емес. ҚМДБ рухани құндылықтарды тек сөзбен емес, нақты іспен де насихаттайды. «Зекет және қайырымдылық» қоры арқылы көптеген әлеуметтік жоба жүзеге асуда:
– жағдайы төмен отбасыларды қолдау; – мұқтаж жандарға азық-түлік, киім-кешек тарату;
– көпбалалы отбасыларға баспана алып беру;
– «Қайырымдылық керуені», «Жылулық сыйла» сияқты акциялар. Бұл жұмыстар қоғамда мейірімділік, жанашырлық, адамгершілік құндылықтарын нығайтады.
Отбасылық құндылықтарды қорғауда және насихаттауда мешіттердің алар орны ерекше. ҚМДБ отбасылық беріктікті нығайтуға, ажырасудың алдын алуға және отбасындағы тәрбие мәселелерін көтеруге ерекше көңіл бөледі. Мешіт жанындағы отбасылық кеңес беру орталықтары жұбайлардың мәселелерін шешуге көмектеседі.
«Үйлену оңай, үй болу қиын», «Әйел – отбасының ұйытқысы», «Әке – отбасының тірегі» сияқты тақырыптық уағыздар арқылы ұлттық-рухани құндылықтар жаңғырып отырады.
Жастармен жұмыс және радикалданудың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жасалады. Қазіргі заманда жастардың санасын теріс идеологиялардан қорғау – ҚМДБ жұмысының ең маңызды бағыттарының бірі. Имамдар оқу орындарында, жастар ұйымдарында кездесулер өткізіп, экстремистік ағымдардың зиянын түсіндіреді.
Сонымен бірге ҚМДБ-ның жастар секторы әртүрлі спорттық, мәдени, рухани шаралар ұйымдастырып, жас буынның дұрыс бағытта дамуына ықпал етеді.
ҚМДБ қазіргі медианың рөлін жақсы түсінеді. Сондықтан: ресми сайт, телерадио бағдарламалары, әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы халыққа сенімді діни ақпарат жеткізіледі.
Бұл қоғамда діни сауатсыздықтың, бұрыс ақпараттың таралуына жол бермеуге көмектеседі.
ҚМДБ – Қазақстандағы рухани құндылықтарды сақтаушы әрі таратушы негізгі мекеме. Ол имандылықты, ұлттық дәстүрді, адамгершілік пен ізгілікті дәріптеп, қоғамның рухани тынысын бекемдейді. Бүгінгі жаһандану заманында ондай институттың рөлі ерекше артып отыр.
ҚМДБ-ның ағартушылық бағыттағы қызметі – қоғамның тұрақтылығы мен рухани дамуының маңызды кепілі.
Нұрболат РАХМЕТУЛЛАЕВ,
Қармақшы ауданының бас имамы
















