ЖАҢАШЫЛ ҰРПАҚТЫ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАЙМЫЗ?
Әр заманның өз ұрпағы болады десек, әр ұрпақтың өз таным-түсінігі, көзқарасы, пікірі бар. «Заманына қарай адамы» демекші, сол заманға үйренген ұрпақтың да өзіне тән мінез-құлқы бөлек болады. Қазір қоғамдық көлікте, үйде, қонақта қолына смартфон ұстаған төрт-бес жасарды былай қойғанда, тіпті бір жасар баланы да көріп жүргенімізге біраз болды. Көзіміз үйренді. Айналасына енді үңіле бастаған баланың сенсорлық дисплейлі құрылғының ішкі құрылымын, жұмыс істеу тәртібін түсінуі оның ойлау жүйесіне, дағдысына, жалпы болмысына әсер ететіні анық. Бұл ұрпақтың телевизор мен магнитафоннан өзге техника көрмеген алдыңғы толқынмен салыстырғанда, артықшылығы да, кемшілігі де бар. Сонымен, Z-буын деген кім және олар несімен ерекше? Саралап көрсек.
Цифрлық адам
Америкалық тарихшы-қаламгерлер Уильям Штраус пен Нил Хоув 1991 жылы «Ұрпақтар буыны» деген зерттеу еңбегін жариялайды. Теория авторлары 1924 жылдан бергі буындарды өмір салты, құндылықтары бойынша жіктеп, әр 20-30 жыл сайын жаңарып отыратын ұрпақтарға «Дәстүршілдер», «Бэйби-бум», «X-буын», «Y-буын», «Z-буын», «A-буын» деген атау берген. ХХ ғасырдағы тарихи жағдайға, қоғамның ерекшелігіне сай әр буынға тән мінез, атқаратын миссиясы болды. Ұрпақтарды бұлай буындарға жіктеу үлгісін сынағандар болған. Олар «әр мемлекеттің тарихына сай төл жіктемесі болуы тиіс» деген пікір айтқан. Тіпті ұрпақ буындарын жіктеудің авторлық нұсқасын ұсынып жатқандар да бар. Дегенмен, теория көп елде мойындалған.
Аталған буындардың ішінде Z-буын өкілін «цифрлық адам» деп те атайды. Олар барған балабақша, мектеп пен оқу орындары ғимараттарының жабдықталуы да алдыңғы буындарға қарағанда, көш ілгері болды. Балалық шағы салыстырмалы түрде кеңдікте, еркіндікте өтті. Бұл кезеңде өмірге келген балалар бұрынғыша аулада қуыршақ ойнап, жүгіріп доп қуып, дүкенші боп ойнауға епті емес. Сол себепті (басым бөлігі) топтасып жұмыс істеуге дағдыланбайды. Индивидуалистік сана, жеке-дара отырып жұмыс істеу, еңбегінің нәтижесі тікелей өзіне тәуелді болуын қалайды. Сосын бұл буын негізінен өз ата-ана, ата-әжесі сияқты саясат, әдебиет, экономика мен әлемде болып жатқан түрлі оқиғаларға үңіліп, олар жайлы өзіндік пікір қалыптастыра бермейді. Әр саланы аз-аздан оқымайды. Есесіне, өзі таңдаған, қызыққан саласына ғана толық тереңдеп, назарын соған шоғырландырады.
Жалпы гаджеттердің жұмыс істеуінде ортақ принцип бар. Соны түсініп алғандықтан, телефон немесе планшет берсең, онымен «тілдесуді» жылдам меңгереді. Адаммен әңгімелесуден гөрі интернеттегі мәтін немесе бейнеролик авторының айтқанын жиі тыңдағандықтан, асықпай ақтарылып сөйлеспейді. Алдындағы адамның әңгімесіне тереңдеп, байыппен тыңдап, түйсігіне салып саралай алмайды. Сезімін ашық көрсетпейді.
Бірнеше жас жинала қалғанда, олардың бірі жанындағыларды смартфонға түсіріп тұратынын байқаймыз. Ал қалғаны күлімдеп, қол бұлғап жатады. Түсірілген видео сол сәтте әлеуметтік желіге салынып, ол ғаламға оңай таратыла салады. Яғни бейнероликті жатсынбайды, жалпы табиғи күйін еркін көрсете алады. Сабағын оқып отырып, қасына Youtube бейнехостигінде мультфильм қосып қойып, оның арасында әлеуметтік желіде хабарлама жазып та үлгереді. Ал ой-сананы бір сәтте бірнеше іске тарамдау баланың назарын жинақтау, шоғырландыру қабілетін төмендетеді. «Клиптік ойлану дағдысы» деген ұғымды естиміз. Оның мәні әр нәрсені жылт еткізіп ойша шала шолып өту, үстірт қана ойлауды білдіреді. Бұл буынға осы ұғым тән.
Түсірілім шеберлері
Бұл буында нәсілдік бөліну сирек кездеседі. Оған мән бермейді. Сондай-ақ өз келбетіне көңілі толмау, өзін өзгемен салыстыру деген ескі әдеттерден де мейлінше, бойларын алшақ ұстайды. Дегенмен, сән, тренд қуу басым. Фотошоп, фото, бейнетүсірілімді құбылтуға құмар. Бұлардың бала күнінде-ақ әлем елдеріндегі терактілерден хабары болғандықтан, өзгермелі өмірден, бұлыңғыр болашақтан аса қорықпайды.
Тіпті кейбірі бала кезінен цифрлық технологиялар, әлеуметтік желі арқылы табыс табудың жолын меңгереді. Тіпті бұл жастағылар тәулігіне 10 сағат уақытын интернетте өткізеді деген де дерек бар. Психолог ғалым Алексей Леонтьев «Ақпараттың шамадан тыс тым көптігі адам жанын жүдетеді» деген. Тым көп мәліметтің емін-еркін төгіліп жатуы жеңіл ақпараттарға алданып, салмақты дүниелерді оқу, жалпы кітап оқу мәдениетінің төмендеуіне әкелді. «Әдебиеттің заманы өтіп кетті» деген өкініш те осы «ақпарат тасқынының» салдары. Енді осы тасқынның ішінен керексіз, шала, дәлелденбеген ақпаратты ажырата алуды, интернетті пайдалану уақытын басқаруды үйрететін медиагигиена деген тұжырым жасалды. Медиагигиена талаптарын ескеріп, уақытын мөлшерлеуді әр адам өзі қадағалауы тиіс. Z-буын үшін блогер, тиктокер болу түк қиын емес. Жеңіл, ойнақы қимылдарын желіге жүктеп, көпшілікке көрсетуді ермек етеді. Жай ермек қылмай, кішкене жасынан үлкен табыс табу да осы буынның жетістігі. Айталық, Тикток арқылы миллионер болған ресейлік Даня Милохин (балалар үйінде тәрбиеленіп, смартфонымен Тикток аудиториясын жаулаған шағын роликтерімен бөлісіп, көрушілер саны есебінен пайда тапқан), инстаграм әлеуметтік желісінде тартымды бейнероликтер, жеңіл, ырғақты қимылдарымен, болмысының еркін, даралығымен көрерменін тартқан Дина Саеваның инстаграм аккаунтында бірнеше миллионға жуық тіркелушісі бар. Ресейлік Дина да осы кәсіптен үлкен қаражат тапты.
Тиктокта жерлесіміз Алина «Хомяктың» 40 млнға жуық тіркелген көрермені бар. Би, қызық қимылқозғалыстарымен көрерменге ұнаған тиктокер Yolo House тобы 25 млн тіркелуші жинап, бірнеше миллион табыс тауып жатыр. Ютубта табысы 100 млн теңгеден асқан «Аминка-Витаминка» арнасы Әмина Малғаждарға тиесілі, қойылымдарда басты рөлді де Әмина бүлдіршін өзі сомдайды (ата-анасының жетекшілігімен). Мұндай мысалдар қазір тіптен көп.
Еркін буын
Интернет кеңістігінен тыс, әлеуметтік, қоғамдық, табиғи мәселелерді зерттеген Z-буын өкілдері жасаған қорытындысын батыл мәлімдеп, ұстанымын ашық көрсетуге қысылмайды, еркін. 16 жасар Грета Тунберг есімді швед қызын ғаламдық жылыну мәселесін шешу жолдарын іздегені үшін швед, норвег ғалымдары Нобель сыйлығына ұсынды. Адора Свитак деген американдық қыз бала 14 жасында АҚШ-та балаларға білім беру, сауат ашу мәселесіне дендеп, кітаптар жазды. Жарияланған кітаптарынан түскен пайданы вьетнамдық оқушыларға аударған. Логан ЛаПланте 13 жасында конференцияда заманауи білім беру жүйесі туралы сөйлеген бейнеролигін Youtube-та 10 млн адам көрген.
Z-буын ғылымға, технологияға ықыласты, инженерлік-техникалық салалар, робототехника, биомедицина мәселелеріне қызығады, өнерге жақын. Цифрлық технология, стартап идеялар, креативті кәсіппен айналысқысы келеді. Барлығы жаппай желі жұлдызы емес екені түсінікті. Бірақ бұл буын өмірі интернетпен тығыз байланысты. Сондықтан мектепте берілетін білімді меңгеруге зауқы төмендеп, ғаламторда алуан түрлі ақпаратты ала бергендіктен, білімі абстрактілі. Күн сайын жаңа әсерлер алғысы келеді, қимыл-қозғалыс түрлерін меңгергісі келеді. Көп пайда табатын істі емес, жаны рахаттанатын істі кәсіп етіп, одан табыс табуға ұмтылатын буын.
Артықшылығы мен кемшілігі
Психологтың сөзінше, Z буыны ақпараттық қоғамда, мультимедиялық технологиялар заманында өмір сүруде. Жаңа буын интернет, Ютуб, мобильдік құрылғыларды кеңінен пайдаланады.
– Ақпараттың басым бөлігін әлеуметтік желіден алады. Алдыңғы буынға қарағанда, көбіне үлкен амбициясы бола бермейді. Негізінен индивидуалист. Тұтынушылық сана басым. Белгілі бір әлеуметтік топта болғанды қаламайды. Адамдар арасында, әлеуметтік кеңістікте жүргеннен гөрі, виртуалды кеңістікте өздерін жақсы сезінеді, – дейді психолог Гүлбаршын Әбілтаева.
Маман телефон, интернетке әуес буынның артықшылығы да көп деп есептейді. Бір мысал ретінде олардың психологиялық икемділігін, онлайн-технологиялармен оңай жұмыс істей алатынын айтады.
– Қайда жүрсе де, мектебін ауыстырып, басқа қалаға көшсе де, экран арқылы өз кеңістігін жасап алады. Эксперимент пен тәуекел атаулыдан қорықпайды. Қазір ең қызық мамандықтар IT-технология, Маркетинг және PR саласы. Зумерлер жақсы PR-маман бола алады. Өнерге де бейім. Креатив те бар. Компьютер, интернеттің арқасында жаңа бағдарламаларды, жаңа мүмкіндіктерді тез табады. Өз тәжірибемнен білемін, ақпаратты жылдам меңгереді, детальдарды жылдам жинастырады. Материалды картиналар түрінде, визуалды формада жақсы игереді, ойларын да презентация, визуалды формада көрсетіп берген оларға жеңіл. Минималистер. Бұйым, зат таңдағанда ең сапалысын, қолайлысын алуға ұмтылады. Картиналар түрінде ойланатындықтан, назарын бір нәрсеге ұзақ шоғырландыруға қиналады. Мәселен, көлемді мәтінді оқуға шыдамы жете бермейді. Оқиғалардың айын, күнін, сосын өлең жолдарын есіне берік сақтай алмайды. Сынды қабылдай алмайтын кездері болады. Бұл адаммен көп сөйлеспеудің салдары. Когнитивті ерекшелігі сол, оларға жүз рет тыңдағанша, оқығанша, бір рет көзімен көрген ұнайды. Бірақ мем, анимациялық элементтерді есіне жақсы сақтайды. Сосын еңбегіне қайтарым алғысы келеді. Емтиханнан бестік баға алса, спорттық жарыста жеңіске жетсе, ол үшін ақшалай, материалдық сыйлық, не бір зат алғысы келіп тұрады. Әңгімелескенде солай ойлайтынын байқайсың, – дейді маман.
Психологтың сөзінше, бұл буын ой-пікірін қысқартып, аббревиатуралармен сөйлейді. Көбіне әңгімесіне шет тіліндегі сөздерді қосқанды қолай көреді. Ол жас, жаңа буынды өзгертуге емес, олардың дүниетанымына еніп, түсінуге тырысу қажеттігін айтады.
Түйін Міне, бұл ұрпақ дипломнан гөрі білімді артық санайды. Дегенмен мақсаты айқын. Ғылым мен технологиялар дамып, барлық салада мүмкіндіктер артқан сайын өскелең ұрпақтың өмірге деген көзқарасы, өмірлік құндылықтары да қарқынды өзгеріске ұшырауда. Қалай десек те, ұрпақ алмасуы қалыпты жағдай. Бір ұрпақтың орнына бір ұрпақтың келуі табиғат заңы. Ол жақсы ма, жаман ба – уақыт еншісінде.Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ














