БАЛАНЫ ЕҢБЕК ЕСЕЙТЕДІ
Қазақ халқы қашанда еңбекті ерекше қадірлеп, «Еңбегі бардың өнбегі бар» деп, тер төгіп тапқан нанның бағасын биік қойған. Еңбек – тек күнкөрістің ғана емес, адамдық болмыстың, тәрбиенің, табандылық пен жауапкершіліктің көрсеткіші. Тарихты парақтасақ, кешегі көшпелі қазақ қоғамында баланы еңбекке ерте баулу – тәрбиенің бұлжымас қағидасы болған. Жасынан мал бағуға, отын шабуға, үй шаруасына араласуға дағдыланған бала өсе келе елге тірек, отбасына сүйеніш болатын тұлғаға айналған. Ал қазіргі жаһандану заманында бұл дәстүрлі ұстаным қаншалықты сақталып отыр? Біз баланы қалай тәрбиелеудеміз? Еңбекке ерте үйрете алып жатырмыз ба? Саралап көрсек.
Саналы ата-ана үшін бала тәрбиесінен асқан маңызды шаруа жоқ. Яки әке де, ана да өз перзентінің ақылды, парасатты адам болуы үшін көп еңбектенуі қажет-ақ.
Қазіргі ата-ананың көбі балам «жақсы оқыса болды» деген жалғыз мақсат қойып, сабағын ғана қадағалайды. Ал шын мәнінде, білім мен еңбек қатар жүргенде ғана бала жанжақты дамиды. Оқып алғанымен, еңбекке бейімделмеген жас болашақта жауапкершіліктен қашатын, қиындыққа төзімсіз болып шығуы мүмкін.
ТӘРБИЕНІҢ ЕҢ БИІК МЕКТЕБІ
Қазақ – ұрпақ тәрбиесіне әуелден ұқыпты қараған халық. Сол себепті де ер азаматтар мұндай жауапты істің басын ибалы, ұятын сақтаған жар таңдаудан бастаған. Тектілік осыдан келіп шығады. Ардақты Пайғамбарымыз «Бала кезде үйретілген нәрсе тас үстіне қашалған жазба сияқты» деген екен. Кім өзін қаншалықты құрметтесе, баласын да соншалықты құрметтейді. Қорқыту арқылы дегенін істету – жақсылыққа апаратын тәрбие емес. Ертең оның зардаптары болады. Қалай десек те таяқ арқылы жөнге салу басты құралға айналмауы шарт. Ақылмен жұмсай білу – кез келген ата-анаға оңай соқпайды. Жас баланы аяқтаған жұмысы үшін мақтап отыру оның кезекті бір тапсырмаға жігерін оятады. Орнымен сыйлық беру де тамаша тәсіл.
Халық арасында кең тараған «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қанатты сөз еңбекке ғана емес, адалдық пен табандылыққа да үндейді. Қай қоғамда болсын еңбек ету – тек табыс көзі емес, адамның мінез-құлқын қалыптастыратын, шыңдайтын тәрбие құралы. Бірінші кезекте баланы еңбекке баулу арқылы жауапкершілікке, төзімділікке, ұқыптылыққа, үнемшілдікке үйретеміз.
Кез келген істі қадірлей білу, оның артындағы адам еңбегін тану – бұл да үлкен рухани мәдениеттің белгісі. Мұндай қасиеттер ертеңгі күннің сын-қатеріне төтеп беретін, шынайы өмірге бейім ұрпақ тәрбиелеуге сеп болады.
Бала психологиясы нәзік. Ол көргенін бойына сіңіріп, үлгі тұтқанын қайталайды. Егер сәби кезінен «еңбек ету – міндет әрі абырой» екенін ұқса, өскенде жалқаулықтан бойын аулақ ұстайды. Психологтардың пікірінше, балаға еңбек дағдысын ерте үйрету оның жауапкершілігін арттырады, төзімділік пен табандылыққа баулиды.
АТА-АНА – АЛҒАШҚЫ ТӘРБИЕШІ
Бала үшін ең үлкен ұстаз – ата-ана. Көргенін көңілге түйіп, естігенін іс қылатын бала үшін отбасыдағы еңбек мәдениеті – алғашқы мектеп. Әке мен шешенің күнделікті тірлігі, еңбекке деген көзқарасы, бір-біріне көмектесуі – баланың санасына ерте сіңетін тәрбие үлгісі.
Қазақ халқында «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, он беске дейін құлыңдай жұмса, одан кейін досыңдай сырлас» деген тәмсіл бар. Бұл жерде «құлыңдай жұмсау» баланы ұрып-соғу емес, керісінше, еңбекке бейімдеу деген ұғымды білдіреді. Үй жинау, аула тазалау, ата-анасына қолғабыс беру секілді қарапайым істердің өзі баланың еңбекке деген көзқарасын қалыптастыратын маңызды құрал.
ЖАҺАНДЫҚ ТӘЖІРИБЕ НЕ ДЕЙДІ?
Әлемнің дамыған елдерінде еңбек тәрбиесіне айрықша көңіл бөлінеді. Баланы жасынан еңбекке баулу – олардың өмірге бейім, табанды әрі жауапты болып өсуінің басты шарты деп есептеледі. Мәселен, Жапонияда еңбек тәрбиесі мектептен басталады. Оқушылар арнайы тазалықшыларды күтпейақ сынып бөлмесін, дәлізді, тіпті мектеп асханасын өздері жинайды. Мұның мақсаты – еңбектің қадірін түсіну, ұжымдық жауапкершілікті сезіну. Германияда жасөспірімдерге жазғы демалыста түрлі кәсіпорындарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріледі. Бұл тек табыс табуға емес, болашақ мамандығын таңдауға, еңбек құндылығын ұғынуға жол ашады. АҚШ-та балаларды еңбекке баулу «волонтерлік мәдениет» арқылы жүзеге асады. Жасөспірімдер қоғамдық жұмыстарға қатысып, қайырымдылық шараларында еңбек етеді. Бұл – жауапкершілік пен әлеуметтік белсенділікті арттырудың жолы. Ал Қытайда қыста мектептің қарын күреу, ағаш егу – оқушылардың үнемі істейтін жұмысы. Осы тәжірибелерден байқайтынымыз, шетелде еңбекке баулу – тек тұрмыстық машық емес, тұлғаның азамат болып қалыптасуының негізгі бөлігі.
ЕҢБЕК АДАМЫН ДӘРІПТЕУ – ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ӨЗЕГІ
Қоғамда «табыс табу – табысты болудың белгісі» деген жаңсақ түсінік берік қалыптасып келеді. Соның салдарынан қарапайым еңбек иелері – құрылысшы, бағбан, ұсталар беделін жоғалтып барады. Бұл үрдіс жасөспірімдерге теріс әсер етіп, жеңіл жолды, оңай табысты аңсайтын ұрпақтың қалыптасуына себеп болады.
Жастар үшін үлгі – қоғамда абыройға ие тұлға. Егер қоғам еңбек адамын дәріптемесе, жасөспірімдер де адал еңбекті қадірлей алмайды. Мәселен, диқан, құрылысшы, шебер секілді кәсіп иелерінің қоғамдағы орны төмен бағаланбауы тиіс. Керісінше, олардың еңбегін насихаттау арқылы жас ұрпаққа үлгі көрсету маңызды. Осы орайда Президентіміз ҚасымЖомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялап, қоғамда еңбек адамының беделін арттыруға бағытталған нақты қадам жасады. Бұл – жастарды адал еңбекке баулуға, кәсіби мамандықтарға қызығушылығын арттыруға арналған маңызды бастама.
Мамандық таңдауда «ақ жағалы» қызметтерге ғана емес, нақты өндірістік, техникалық салаға да қызығушылық болуы үшін қоғамда еңбек адамының абыройын көтеру – мемлекеттік деңгейде қолға алынуы керек.
ТӘРБИЕНІҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ
Бала еңбек арқылы жеке тұлғалық қасиеттерді бойына сіңіреді. Үй жұмысына араласу, тапсырылған істі аяқтау, нәтижесіне қуану – мұның бәрі жауапкершілік пен төзімділікке тәрбиелейді. Мәселен, төсек жинау – тәртіпке, еден сүрту – ұқыптылыққа, аула тазарту – қоғамдық санаға үйретеді.
Қазақ «Баланы жастан» деп бекер айтпаған. Балаға бала кезінде не үйретсең, сол санада сақталып, өмір бойы бірге жүреді. Еңбекке ерте үйренген ұрпақ қана елге пайдалы, отбасына қамқор, өмірге бейім, төзімді азамат бола алады.
Бүгінгі қоғамда баланың негізгі міндеті – білім алу деп есептеледі. Дегенмен тек біліммен шектеліп, еңбекке араласпаған бала өмірлік дағдылардан мақұрым қалады. Еңбек пен білім қатар жүргенде ғана бала жан-жақты дамиды. Оқығанын тәжірибемен ұштастыра білген жеткіншек болашаққа сенімді қадам басады. Сондықтан бүгінгі қоғамда «білім – бірінші, еңбек – қосымша» деген түсінікті түбегейлі өзгерту қажет. Білім мен еңбекті ұштастыра білген ұрпақ қана ертеңгі еліміздің тірегі бола алады.
Еңбекке ерте бейімделген бала ертеңгі күні белсенді, бастамашыл, кәсібін өзі таба алатын азаматқа айналады. Мұндай адам табыс табудың, қаржыны басқарудың, уақытты тиімді пайдаланудың маңызын жақсы түсінеді.
ЕРТЕ БАСТАН ЕҢБЕККЕ БАУЛУ КЕРЕК
Неғұрлым еңбекке ерте бейімделген бала соғұрлым іске епті келеді. Сол себепті балаға ойнап болған соң ойыншықтарын жинатып немесе бірге жинап, шаң сүрту, гүлге су құю сынды қарапайым іс-әрекеттерді жасата берген жөн. Себебі еңбек – бала тәрбиесінің ең маңызды бөлігі. Ол баланың адамгершілігінің қалыптасуына орасан зор әсер етеді. Еңбек ету арқылы бала сол істерге қатысты ептілікті бойына жинақтай береді. Әрі денесі де шыныға түседі. Бұл баланы ұйымшылдыққа, жігерлі іске, көркем шығармашылыққа, іскерлікке баулиды. «Жігітке жеті өнер де аз» деген ата-баба сөзін еске алсақ, бұл қасиет адамның бойына еңбек арқылы ғана қалыптасады. Бала жастайынан еңбекке машықтанса, болашақта «сегіз қырлы, бір сырлы» болатынына күмән жоқ.
Кейбір ата-ана балаларды үш жастан бастап жұмсау керек деп ойлайды. Басқалары болса екі жастан я одан да ерте бастауды жөн көреді. Негізінде, кішкентай бала ата-анасына көмектескенді, олардың ісін қайталауды жақсы көреді. Әсілі, баланы жасына қарай жұмсаңыз. Үш жасар бөбекке ойыншықты жинатуға, төгіп алғанын сүртуге я болмаса кір киімді түсі бойынша бөлуді тапсыруға болады. Үлкенірек балаларға шаң сорғызып, машина жуғызуға, тіпті тамақ істетсе болады. Не тапсырсаңыз да, балаңыздың қабілетіне қарай көсіліңіз. Сонда оның үй шаруасына деген ынта-ықыласын көріп, өзіңіз де таңғаласыз. Кейде балалар тапсырған істі атқара алмай бүлдіріп қоюы да мүмкін. Ондай кезде мұның бәріне алдын ала дайын болып, оған дауыс көтермей, түсіністікпен қараған абзал. Сондайақ баланың әрбір жақсылығына алғыс айтуды, оны арқасынан қағып жігерлендіріп тұруды әдетіңізге айналдырған дұрыс. Міне, сол кезде ол өзін нағыз «адам» ретінде сезініп, өзгелерге пайдасын тигізуге құлшынып тұратын болады.
Ата-ана балаларының ақылды, мейірімді, мықты әрі өнерлі болғанын қалайды. Алайда «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» демекші, өнерпаздық, байқампаздық секілді қасиеттерден бұрын еңбекқорлық бала үшін маңызды.
Түйін Қазақы тәрбиенің алтын арқауы – еңбек. Бала жастайынан еңбекке бейімделсе, болашақта қай салада болсын табанды, жауапкершілікті азамат болып қалыптасады. Бүгінгі таңда тек білім емес, еңбекке баулу отбасынан басталып, мектеп пен қоғамда жалғасуы тиіс. Бұл – жеке отбасының емес, тұтас ұлттың болашағына салынған іргетас. Сондықтан да әрбір ата-ана баласын «бақытты ету» жолында еңбекке баулуды ұмытпағаны дұрыс. Себебі, адал еңбектің жемісі – тек байлық емес, рухани кемелдік.
Ақнұр САҒЫНТАЙ