Қорқыт сазы – Ұлы Дала жанының үні

Түркі халықтарының исламға дейінгі тарихында есімі ерекше құрметпен аталатын айрықша тұлға бар. Ол оғыз-қыпшақ жұртының кемеңгер көсемі, абыз-әулие, күй мен жырдың атасы – Қорқыт баба. Бүгінде Ұлы дала төсіндегі мәңгілік сарын осы баба қобызының күңіренген үнінен бастау алады. Жақында түркі дүниесінің ортақ рухани мұрасын дәріптейтін айтулы мәдени шара – «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі баба туған топырақта ұйымдастырылды.
Биыл жетінші мәрте өткізілген өнер мерекесі облыс әкімдігінің қолдауымен және халықаралық «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының бастамасымен өтті. Алдымен аудандағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінде «Қорқыт сазы» концерті ұйымдастырылып, фестивальге Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тыва, Алтай және Қазақстаннан келген өнерпаздар өз мәдени мұраларынан сыр шертті. Олардың қатарында Сыр елінен шыққан дәстүрлі өнердің белгілі шеберлері мен орындаушылар бар. Дәстүрлі іс-шара бағдарламасы ерекше рухани атмосферада басталды. Қонақтарды «Әжелер ансамблі» қарсы алып, салт-дәстүр бойынша шашу шашып, қазақы қонақжайлық үлгісін көрсетті.
Фестивальға Түрксой халықаралық ұйымының бас хатшылығының өкілі Санджар Мулазимоғлу арнайы келіп қатысты. Іс-шара барысында Түркі мәдениеті және мұрасы халықаралық қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова сөз сөйлесе, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, атаулы күннің маңыздылығына тоқталды.
– Қадірлі қонақтар! Киелі Сыр аспанында түркі әлемінің ән-жыры қалықтайтын фестивальге қош келдіңіздер. Алаштың астанасы Қызылорда жеріндегі бұл өнер дүбірі күллі әлемнің құлағына жетіп отыр. Кең даланы жырға бөлеп, нұрға толтырған дәстүрлі «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фестиваліне қатысушы өнерпаздар мен қонақтар сіздерге аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының арнайы құттықтауын жеткіземін.
Биыл жетінші мәрте қолға алынған фестиваль халықаралық түркі мәдениетімен мұрасы қорымен бірлесіп, Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай өткізілуде. Туысқан халықтардың фольклорлық музыкалық өнерін өрістетіп, өзара мәдени байланысын нығайту мақсатында өткізілетін фестиваль биыл талантты өнерпаздармен ұлт руханиятының тұғырлы тұлғаларымен бас қосуда. Фестивальге қатысушы Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тыва, Алтай елдерінен келген ғалымдар мен өнерпаздар күллі түркі мәдениетінің асқақ биіктігін, өлмес рухын паш етеді. 2018 жылы Қорқыт баба мұраларының ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгені баршаңызға белгілі. Бұл тарихи оқиға түркі мәдениетіне үлкен серпіліс тудырды. Осы жетістікке өткізіліп отырған фестивальдің де үлесі зор. Сіздерге түркі жұртының төл өнері мен мәдениетін дәріптеп насихаттауда қосқан ерекше үлестеріңіз үшін алғыс, бауырластық көңілден мың рақмет айтамыз, – деді ол.
Мәдени шарада Сыр сүлейлерінің сарқыты Айбек Тәңірбергенов, Руслан Ахметов, Айгерім Ешбаева, Марат Сүгірбай, Нұртілек Ақтаев Қорқыт атаның өмірі мен философиялық дүниетанымына негізделген шығармалар орындап, жырдан шашу шашса, «Түркі мәдениеті мен мұрасы» қорының атынан түркі халықтары мәдениетінің амбассадоры «Тұран» ансамблі өнер көрсетті. Одан кейін әр елден келген өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, көпшілікке ұлттық туындыларын тарту етті.
Осылайша бауырлас халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтып, Қорқыт ата мұрасын жаңа буынға жеткізетін бұл фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Фестиваль аясында киелі жерге табан тіреген қонақтар ауданның мәдени тіршілігінің ордасы – «Руханият» орталығына барды. Меймандар кешен қызметімен танысу барысында ауданның терең тарихы мен ұлт руханиятына қатысты құнды жәдігерлері бар музей мен архив, оқырманға арналған түрлі тақырыптағы кітаптар қамтылған аудандық кітапхана, жас буынның шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған жастар ресурстық орталығы, ұлттық тәрбие сабақтастығы үйлесім тапқан ардагерлер кеңесі, сондай-ақ аналар үйі мен неке қию залының жұмысын көріп, орталықтың көп қызметті құрылымына оң бағасын берді. «Руханият жылы» аясында бой көтерген бұл кешен – рухани жаңғырудың нақты көрінісі.
Ерсін СӘДУҰЛЫ