ЖАЛЫНДАП ӨТКЕН ЖАС ҒҰМЫР
Сыр бойында өткен ғасырдың сексенінші жылдары жыраулық пен жыршылық дәстүрдің қайта өрлеу дәуірі басталды. 1980 жылы Қорқыт ата ескерткіші ашылып, көкке қарай түйіскен төрт қобыздың түбіндегі амфитеатрдан күмбірлей шыққан қоңыр мақамдар маңайына маржан шашты.
Топырағынан жүз шайыр шыққан Қармақшы өңірінде жыр сұлтаны, Сыр сүлейі Тұрмағамбеттің күмбезі бой көтерді. Даңқты жыраулар Ешнияз сал, Балқы Базар, дүр Оңғар, Жиенбай, Мұзарап, Рүстембек, Көшенейлердің есімі көшелерге берілді. Тасберген, Жиенбай, Сәрсенбай, Рүстембек жыраулар атындағы жыршы-термешілік өнер үйірмелері мен мектептері құрылып, талапты жас шәкірттер іріктеліп қабылданды. Оларға Сүйінбай Ақбаев, Шәмшат Төлепова, Алшынбек Сәрсенбаев, Бидас Рүстембековтер ұстаздық етті. Талантты жырау Алмас Алматов Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультеті жанынан дәстүрлі «Халық әні» кафедрасын ашуға қол жеткізді.
Аудан орталығындағы Тұрымбет жырау атындағы әуез мектебі жанынан құрылған Бидас Рүстембеков жетекшілік ететін жыршылық мектеп шәкірттері арасынан 1989 жылы он төрт жастағы Айнұр Ешбаева ерекше көзге түсіп, болашағынан аса зор үміт күттіретін біртуар өнерпаз екенін танытты. Ол Сыр сүлейлері Тұрмағамбет, Нұртуған, Балқы Базар, Омар Шораяқұлы, Кете Жүсіп шығармаларын Жиенбай, Рүстембек, Күндебай, Мұзарап, Көшеней, Қуандық мақамдарымен күмбірлете қайырғанда көпшілік қауым «Өнер қонған Айнұр» деп бағалады. Сөйтіп, 1990 жылы 13-17 жас аралығындағы Ұлжан Байбосынова, Берік Саймағанбетов, Мария Садықова, Жадыра Қожатаева, Амандық Бүрлібаев, Айнұр Ешбаева, Ақерке Өтепбергенова, Майра Сәрсенбаевалар жыршылық үлкен жолдың сынақтарына қаймықпай қанат қағып, өнердің аламан бәйгесіндегі шашасына шаң жұқпас жүйріктер тобына барып қосылды.
Иә, Айнұр Ешбаеваның қолына алғаш домбыра ұстатқан әкесі Бостан Мақантайұлы еді. Ол бала Айнұрға атақты Нартайдың концерттік бригадасында еңбек еткен Сыр бойына аты мәшһүр Күндебай Алдоңғаров атасының өнері жайлы жиі айтып отыратын. Аудан орталығында жыршылық мектептер ашылғанда Бидас Рүстембекұлының сыныбына апарды. Он төрт жастағы Айнұр көп ұзамай жас жыршылардың аудандық есептік концертінде мөлдіретіп салған мақпал мақам, қоңыраулы қайырмаларымен тыңдаушыларды дүр сілкіндіріп, таңдай қақтырып таңырқатты.
Өңірге дәрпі жайылған Айнұр 1990 жылы Қызылорда қаласындағы музыка училищесіне оқуға түсті. Білім алуға ұмтылған Айнұрдың бойындағы тереңде тепсініп жатқан өнер бұлақтарының көзі ашылып, жүрегі жырға толып, сезімі сазды әуендерге жетеледі. Жыршы Айнұр ақын, сазгер атана бастады. 1990 жылы Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде жас жыршы-термеші, күйшілердің облыстық байқауы болып, он бес жастағы Айнұр жыршылық номинациясы бойынша дипломант атанды. Ал 1991 жылы Базар жыраудың 150 жылдығына арналған республикалық жыршытермеші, күйшілердің байқауында он алты жастағы Айнұр әр өңірден келген жүзден озған жүйріктермен бірге жыр жарысына жасқанбай түсіп, теңіз толқынын қақ жарған ақ қанат шағаладай шарқ ұрып, құм жарып шыққан қызғалдақтай жайнап жарқылдады.
1993 жылы маусым айында Қармақшы ауданында жас ансамбльдердің облыстық семинар-кеңесі өткізілді. Облыс аудандарынан жас өнер ұжымдары қатынасып, олар алғашқы күні шаруашылықтарды аралап өнер көрсетті. Міне, осы облыстық ісшараға Қызылорда қаласындағы музыкалық училище жанынан ұйымдастырылған «Күй күмбезі» жастар ансамблі қатынасты. Олардың құрамында талантты күйші Ерболат Мұстафаев, айтыскер, әнші-жыршы Жұмабай Шерниязов және Айнұр Ешбаевалар болды. «Күй күмбезі» ауданның Чапаев ұжымшарына белгіленді. Ансамбльді бастап апару аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің жауапты қызметкері ретінде маған міндеттелінді. Қонақжай ауыл еңбеккерлері мәдениет үйіне лық толды. Әсіресе, он сегіз жасар Айнұрдың жыр-толғауларына ерекше ықылас білдіріп, сахнадан жібермей, дүркіндүркін қол соғу арқылы бағдарламада жоқ бірнеше термелер орындады. Айнұр халық ықыласына шомылып, сол өнер сапарынан шабыттанып қайтты. Өнерпаздарды мәдениет үйінің меңгерушісі, әнші Фаузия қарындасымыз құрметті қонақ етті. Ұжымшардағы «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымының төрағасы Тынымбай Досбатыров бастаған ауылдың бір топ жырқұмар азаматтары Айнұрдың бірнеше термелерін тыңдау үшін арнайы келді. Айнұр «Қармақшым менің осындай» атты менің термемді орындап, олардың ризашылығына бөленді, алғысы мен баталарын алды. Сол бір жазда ежелгі Қашқансу аймағы Айнұрдың өнеріне сәт сапар тілеп еді.
Айнұр Бостанқызы 1995 жылы облыстық халық шығармашылығы және продюсерлік орталығына жұмысқа орналасты. Жиырма жасар жас жыршы Сыр бойындағы жыраулық өнердің дамуы үшін заманауи бағдарламалар мен іс-шараларды ұйымдастырудың өзіндік кестесін жасады. Сахнаға жыршылардың салтанатты шығу композицияларын әзірледі, ұзақ толғауларды бірнеше жыршының кезектесіп айтуына, мақам-саздардың зерттелуіне жол ашуын көздеген ойларын жедел жүзеге асыруға асықты. Бірқатар термелерін облыстық телерадионың алтын қорына жазды. Ақын Кеңшілік Мырзабековтің «Ғашықтық азап, азабы ғажап бірақ та» өлеңіне ән жазды. Бұл ән Айнұрдан мәңгілік мұра болып қалған шынайы шығарма деуге болады. Әйгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісованың репертуарындағы бұл әннің ғұмыры ұзақ боларына сенім бар.
Айнұр Бостанқызы небәрі жиырма екі жыл ғұмыр кешті. Ең өкініштісі осы. Әсіресе ... өнер үшін. Қазір Айнұр ортада болғанда елу жасқа толар еді. Сыр бойының біртуар өнерпаз қызының ел жүрегінде ұзақ сақталатынына кәміл сенемін. Оның өнер жолын туған сіңлісі Әйгерім Ешбаева жалықпайталмай жалғастырып келеді.
Бүгінгі Айнұр туралы аз сөзімнің соңын оның «Таныстыру» деп аталатын толғау-термесінен үзінді келтіру арқылы аяқтаймын:
«Домбыра алып қолыма,
Өнердің түстім жолына.
Мақамға салсам сан түрін,
Туар ма айым оңына?
Көнеден қалған қиссаны,
Жаттатты әкем оны да.
Арманым болмас деп келем,
Өлеңнің күйсем шоғына.
Сыр сүлейі атанған,
Қосылсам жырау тобына.
Шығарып халқым төріңе,
Ырзамын жапқан тоныңа.
Сұрасаң руым Алаша,
Тарихы терең тамаша.
Жырау бабам Күндебай,
Мақам мен сазы жаңаша.
Ұрпағы соның Айнұрмын,
Шығады терім таң аса.
Жақұтын жырдың жинайын,
Бал жинаған араша.
Есімі Бостан әкемнің,
Сүйреді алға шанаша.
Анамның аты Қатима,
Көз тойған көркі қараса.
Нағашым Алтын – Мәметек,
Түйесін сояр қаласа.
Өнердің ашқан есігін,
Жоғалмас ғасыр көшімін.
Қызғалдағы, гүлімін,
Туған жердің төсінің.
Жыраудың түссем жолына,
Айтыңыздаршы несі мін?!
Атадан қалған аманат,
Тербетем жырдың бесігін».
Сәнтөре ПІРМАНОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы