Ел біледі еңбекқор Жәкеевті

1973 жылдың шілде айы болатын. Қармақшы аудандық Кеңесі атқару комитетінде архитектор болып жүрген еді ол кезде. Аудан басшылары арасында әлі отбасын құра қоймаған жас жігіт – Жәкеңді шаруашылық есептегі, жұмысы таусылмайтын ауыр мекемелердің бірі болып есептелетін коммуналдық шаруашылық мекемесіне басшы етіп тағайындады. Істің барлық қиындығын мойнына алған Жәкең жұмысқа бар ынтасымен кірісіп кетті.
Ол кезде бірі көмірмен, екіншісі дизельді отынмен жылитын 15 жылу жүйесінің тозығы жеткен жер асты трубалары қыс айларының қақаған суығында көбірек сыр беретін. Жылу қазандықтары мен су айдайтын насостардың да айдарынан жел есіп тұрған жоқ еді.
Күндіз түні 24 сағаттық кезекшілік қою арқылы, жылу берілетін барлық мекемелер мен коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшы және орта буынды қызметкерлерінің үйіне аудандық байланыс бөлімінің бастығы Кәрім Бәйтерековпен келісіп, жақын жерден параллель телефон нүктелерін тарта отырып, үздіксіз байланыс орнату арқылы жұмыстағы тәртіп пен жедел ұйымдастыру әдістерін жолға қоя білді.
Күн демей, түн демей, түн ортасы демей оперативтік топтардың жұмысын ұйымдастырудың арқасында қысқы суықтарда күнделікті болып жататын апатты жағдайлардағы үзілістерді тез арада қалпына келтіріп, көпшілік тұрғындардың алғысын алды. Халық арасында «Жәкеев» атанып, елге танылғаны да осы кез.
Жосалы механикалық зауыты директорының орынбасары болған 1983-1985 жылдар да Жәкеңнің өміріндегі елеулі істер тындырған кезең. Жұмыс тәжірибесі мен алған дағдылары 1990 жылдардың басында аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1996 жылдары аудан әкімінің орынбасары қызметіндегі жұмыстарына игі ықпалын тигізгенін тілге тиек еткіміз келді.
Кешегі нарық көшіне ілесе алмай аудандағы көптеген шаруашылықтың тұралап, ауыл тұрғындарының қиыншылыққа тап болған кезінде ауыл тұрғындарының өтінішімен бұрынғы «Октябрь» кеңшарының ізіндегі шаруашылықты 5 жыл басқарып, күріш егу, бақша егу арқылы ел тұрмысын түзеуге мұрындық болуы – іске ыждағатты, жұмысқа талапшыл, елге қамқор бола алатын азаматтардың ғана қолынан келетін іс еді.
Ал келесі жылы, құдай қаласа сегізінші онжылдықты еңсеріп, сексеннің төріне шыққалы отырған жақсы аға Жәкеңнің жас жігіттей ширақ қимылы мен алымды атқарып отырған жұмыстарына қарап сексен жастың төрелі төріне, салихалы сеңгіріне шыққалы тұрған адамды қарттыққа мойынұсынады деп ойлаудың өзі қиын. Лайым солай болғай.
Иә, көлігінен түспесін, көштен қалмасын, елдің ардақты ақсақалы болып, құрмет пен сыйдың төріне шыға берсін, ер Жәкем!
Ел біледі еңбекқор Жақсыбайды
(баллада)
Кең көсілген Қызылдың атырабы,Сұлу Сырмен сырлас деп шақырады.
Қойнауына құйқылжып кіріп кетсең,
Құбылыстан ақылың шатылады.
Әбілхаят суындай бал-бұл аға,
Тылсым алған тәңірден топырағы.
Құдай өзі құдірет қолыменен,
Күнде тұлға жаратып отырады.
Жер кіндікке бір кие тастағандай,
Құдірет бар білмеймін басқа қандай?
Тұлғалардың саны жоқ сол тізбегін,
Аңыз Қорқыт әйтеуір бастағандай.
Алжасасың абыздарын араласаң,
Жоғаласың бір-бірлеп жағаласаң.
Өткен түгіл бүгінгі бәйтерегін,
Бас айналар бір күнін бағаласаң.
Өз тауында қырандар бақ сынайды,
Көлдің нуы өсірер сақ құмайды.
Сол секілді құрыштай қайнап шыққан,
Қалай жырға қоспайын Жақсыбайды.
Ел біледі еңбекқор Жақсыбайды,
Иман тамған беті деп жақсылайды.
Ат үстіне қонғанда аты шықты,
Алғау ісін Ақ Орда тапшылайды.
Пысық болып әуелден жаратылған,
Дарабоздай шығады дара тұлғаң.
Мех зауыт па, камхоз ба, әкімдік пе,
Қайырылып қалмаған қанатынан.
Қырық санды Қорқыттың кесенесі,
Белгілі ғой бұның да бесенесі,
Қырық бір деп орынын таңдап берген,
Көктесін деп елімнің көсегесі.
Салмақты іс секілді шойын батпан,
Сыйға алды ма білмеймін ойын хақтан,
Қорқыт кешен бүгінгі таңдалған жер,
Әуелбекті бір кезде мойындатқан.
Иа, солай Қоңыратбаев келген мұнда,
Бергісіз іс етпек боп өзі мыңға.
Қорқыттың кесенесін салсақ деді,
Бірақ қайда білмейді, қайсы құмға.
Сол кезде бұл Жақсыбай жас болатын,
Жас болса да көп іске бас болатын.
Ертіп келіп ғалымды бір төбені,
Деп көрсетті бұл Қызыр, бақ қонатын?
Бұйрығын патша құдай, алдырыңыз,
Кешенді осы жерге салдырыңыз,
Бір дария екі жол, ортасынан,
Мәңгіге бір ескерткіш қалдырыңыз.
Тұрды ғалым төбеге ұзақ қарап,
Мына бала жөн деді еткен талап.
Болашағы бұл жердің жарқын екен,
Таразысын тылсымның еттім сарап.
Жас балаға деді де, назар салды,
Неге сонша белгісіз қайраң қалды.
Өссін балам өркенің, еңбек ет деп,
Бата берді сонан соң қолын алды.
Тарих бұзып сол сәтте сан қалыпты,
Уақыттың өзі де таңғалыпты.
Қорқыт баба кешені дәл бүгінгі,
Қырық бірінші орын боп таңдалыпты.
Сол төбеде байрақтай тұрыпты аңыз,
Кешенге бара қалсаң ұмытпаңыз,
Әуелбектей ғалым мен Жақсыбайдың
Еңбектерін ескеріп ұлықтаңыз.
Жаңаланып, жарқырап Қорқыт ата,
Солай Жәкең ғалымнан алған бата.
Сексен жасқа қазірде таяп қалды,
Ел ішінде секілді алтын сақа.
Құрметтісі жұртының қадірмені,
Ол ардагер, ақсақал өмір кені.
Құрылысшы да сәулетші абыз адам,
Үлгі етеді болашақ мәңгі сені.
Жақсы аға дүйім елге болдың аңыз,
Құтты ай ғой келген мына сарша тамыз,
Ортамызда аман боп, ардақталып,
Шаршамаңыз, ер Жәкем жүз жасаңыз!
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі