КОНГОҚЫРЫМ ГЕМОРРАГИЯЛЫҚ ҚЫЗБАСЫ
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – табиғи ошақты, иксод кенесімен тасымалданатын жедел инфекциялық ауру. Жалпы интоксикация, айқын геморрагиялық синдроммен, лейкопения және тромбоцитопениямен сипатталады. КҚГҚ инфекция көзі – сүтқоректілер, оның ішінде сиырлар, ешкілер, қояндар болып табылады. КҚГҚ өзіне тән ерекшелік қоздырғыш айналымына қажетті жағдайды қамтамасыз ететін белгілі бір ландшафтқа орайласуы болып табылады. Қолайлы ошақтарға жылы климатты, орманды далалық, шөл далалы, далалы және ойлы-қырлы ландшафтар жатады. Тасымалдаушы жене инфекция көзі иксод кенелері болып табылады. Кенелерде вирус трансовариальды жолмен беріледі. Вирустың адамға берілу жолы – трансмиссивті (иксод кенелердің шағу нәтижесінде) және контактылы (науқастан құрамында вирусы бар материалдан, қан және қан бөліністері арқылы тері жене кілегей қабықтарына түскенде, сондай-ақ жануарлардан түскен қанға тойған кенені өлтіргенде). Лабораторияда жұмыс жасағанда инфекция ауа-тамшылы жол арқылы жұғуы мүмкін. Науқастар қан кету пайда болғаннан бастап, анағұрлым қауіпті. Отбасы мүшелері және медицина қызметкерлері науқасты күткенде және алғашқы көмек көрсеткен кезде ауруды жұқтырады. КҚТҚ аурушаңдық жаз және көктемгі-жазғы маусымдылықпен сипатталады. Көп жағдайда ауыл тұрғындары жиі ауырады. Қала тұрғындары сиректеу. Ер адамдар жұмыс бабына байланысты жиі ауырады. Аурудың ағымына байланысты инкубацияльқ кезеңі, бастапқы (қан кету алды кезеңі), өршу (қан кету кезеңі), сауығу кезеңі (реконвалесценция) болып бөлінеді.
Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы 2-14 күн. Ол екі клиникалық түрге бөлінеді. Біріншісі қан кету көріністерімен көрінсе, екіншісінде қан кету болмайды. Ауру жедел басталады. Дірілдеп қалтырау, жоғары температура пайда болады. Қан кету алды кезеңінде (3-4 күн) бейарнамалы симптомдар, яғни бастың қатты ауруы, бұлшықеттердің, буындардың ауырсынуы, денесінің сынып ауруы, әлсіздік, шаршағыштық, делсалдық байқалады. Сиректеу кездесетін симптомдар бастың айналуы, ауыздың құрғауы, шөлдеу, естен тану, балтыр бұлшықеттерінің қатты ауырсынуы. Кейде қайталап құсу, бел аймағының, іштің, асқазан аймағының ауырсынуы байқалады. Ұзақтығы 7-8 күнге созылатьн қызба тұрақты белгісі болып саналады. Қан кету синдромы пайда болғанда дене қызуы төмендейді. Қан кету көріністері әртүрлі вариантта кездеседі. Тері астына қан кету, ине шанышқан орынның көгеріп қалуы, әртүрлі ағзалардан қан кетуімен жүреді. Асқазаннан, ішектен, жатырдан қан кету. Қан кету 2-7 күнге, кейде одан да ұзаққа созылады. Қан кету синдромы пайда болғаннан бастап науқастың түрі өзгереді. Беті, мойны, кеудесінің жоғары жағы қызарғаны бозғылттанумен алмасады. Ерні, мұрынның ұшы, саусақтары көгереді. Таза қан аралас және қара түсті нәжіс болады. Ауру жаппай қан кету мен жалпы улану көріністерімен жүретін қан кету синдромы даму кезінде өліммен аяқталады. Қан кету синдромының жиі көрінісі аурудың 2-4-күннен бастан шығатын аз мөлшерлі, нүкте секілді бөртпелер болып табылады. Көп мөлшерде бөртпе сирек кездеседі. Ас қорыту жолдарында тұрақты ауыз бен тілдің құрғауы, тілдің ақ жабынмен жабылу болады. Тәбеті болмайды, жүрек айну, құсу байқалады. Кей жағдайда науқастарда қан аралас нәжіс байқалады.
Аурудың алдын алу үшін сәуір-шілде айларында мүмкіндігінше шөлді аймақтарға, табиғат құшағына бармау, шөлді аймақтар мен базарлардан ұсақ және ірі мүйізді малдарды кенеге қарсы емсіз үйге әкелмеу керек. Ірі қара малда кене табылса, дереу ветеринарға хабарласып, олардың ұсынысы бойынша кенеге қарсы ем қолдану шарт. Ондай жағдайда кенені қолмен ұстамаңыз және қайшымен кеспеңіз. Әрдайым малды және олар тұратын орындарды толық және сапалы дезинфекциялау қажет. Қырқу маусымына жас балалар мен жасөспірімдерді тартпаған жөн. Абайсызда кене шаққанын аңғарсаңыз, тез арада емханаға немесе ауруханаға қаралу шарт.
Ұлықбек АБДУЛХАМИДОВ,
инфекционист-дәрігер