Этносаралық келісім – ел бірлігінің негізі
Қоғамның тұрақтылығы мен ел дамуының басты шарты – этносаралық келісім мен бірліктің нығаюы. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді қызмет етіп келеді. Аталған құрылымның негізгі миссиясы – түрлі этнос өкілдерінің өзара татулығын қамтамасыз етіп, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтау екендігі баршаға мәлім.
Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов аймақтағы этномәдени бірлестік жетекшілерімен жүздесті. Достық үйінде өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысты.
Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары - облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Артур Қамбаров өңірдегі этносаралық қатынастар саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
Жиында Марат Алмасұлы Қызылорда облысындағы бірлік пен келісім саласындағы жұмыстарға оң бағасын беріп, Президенттің ҚХА-ның 34-сессиясында берген тапсырмаларын орындаудың маңыздылығына назар аударды.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанына биыл 30 жыл. Осы уақыт ішінде Ассамблея бейбітшілік пен келісімнің, қоғамдық татулықтың алтын көпіріне айналды. Қоғамдағы әр азаматтың үнін естіп, этностардың құндылықтарын дәріптеуде маңызды жұмыс атқарып келеді, – деді Марат Алмасұлы.
Сонымен қатар, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстарындағы аудандық Ассамблея хатшылықтарының құрылуы, Ақтау қаласында өтетін этномедиаторлардың форумы мен Өскемен қаласындағы ҚХА конгресі және Астана қаласындағы ҚХА академиясы туралы атап өтті.
Өз кезегінде Мейрамбек Зинабдинұлы қатысушыларға ерекше алғысын айтып, Ассамблеяның ел бірлігін сақтау жолындағы рөліне ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдау мен ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау — барша қазақстандықтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Кездесу барысында облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрмұрат Ерманов пен «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы Галина Щербакова өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, этносаралық татулықты одан әрі дамытуға қатысты ойларымен бөлісті.
