» » ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚОҒАМ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚОҒАМ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Заң мен тәртіпке бағынған ел ғана қауіпсіз қоғам, құқықтық мемлекет қалыптастыра алады. Заңды сақтау – әділеттіліктің, теңдік пен тәртіптің кепілі. Елімізде «Заң және тәртіп» қағидатын қалыптастыру маңызды рөл атқарады. Бұл – бәріне бірдей бұлжымас қағида. Заңның сақталуы, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру – маңызды міндет. Дамыған қоғам жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке, бұзақылыққа жол бермейді.Жуырда Қызылордадағы «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Заң және Тәртіп» қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтары» тақырыбында форум өтті. Алқалы жиынға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Абзал Құспан, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, құқық қорғау органдары мен жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл жиынды аудан әкімдігінің мәжіліс залында бөлім басшылары, мектеп директорлары, аудан ардагерлері онлайн көрді.
Форум барысында аймақ басшысы қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы бірлескен маңызды міндеттерді айқындады.
– Биыл 1 сәуірде Үкімет қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» бекітіліп, нақты міндеттер белгіленді.
Өңірімізде «Заң мен Тәртіп» қағидасын іске асыруда облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлымен бірлесіп кешенді шараларды қолға алып, жаңа бастамаларға үздіксіз қолдау көрсетіп келеміз. Құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізілген кешенді әрі үйлесімді шаралардың нәтижесінде өңірімізде ахуал тұрақты. Статистикалық ақпараттарды салыстырмалы түрде қарасақ, аймақта 2015 жылы 6 мыңға жуық қылмыс тіркелген болса, нақты жұмыс нәтижесінде бұл көрсеткіш 1158-ге дейін азайды. Соңғы үш жылда құқықбұзушылық көрсеткіші едәуір қысқарды.
Бүгінде тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық саны бойынша Қызылорда облысы республикадағы ең төменгі позицияда, яғни 20 өңірдің ішінде 19-шы орындамыз. Біздің міндет – тек көрсеткішті ғана емес, құқықбұзушылықты тұрақты түрде төмендету.
Жол-көлік оқиғаларын азайтуда жол инфрақұрылымын дамытуға басымдық бердік. Түрлі гаджеттер мен смартфондағы бағдарламалар көмегімен жасалатын алаяқтық, кибершабуыл схемалары сәт сайын өзгеріп жаңаруда. Қаржы пирамидалары, лудомания, интернет-буллинг азаматтарды қиын жағдайда қалдыруда.
Мүдделі құқық қорғау органдары қолда бар ресурстармен шектелмей, қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қоятын жаңа тетіктерді дамытуы тиіс. Осы бағыттағы қылмыстарды анықтауда жасанды интеллектті пайдалану – орнықты шешімнің бірі. Бүгінгі форум – біздің алдағы жұмыстарымызды жаңа формацияда жүргізуге өз септігін тигізеді деп сенемін, – деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.
«Заң мен тәртіп» қағидаты Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс. Осыған орай басқосуда облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев, Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов пен Абзал Құспан сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Рас, Заң мен тәртіп қағидаты барлық салада, әсіресе мемлекеттік органдарда үстем болуға тиіс. Жалпы, қоғам заңға бағынғанда ғана біз айтып жүрген құқықтық мемлекет қалыптаспақ. Азаматтардың заңға бағынуы олардың құқығын шектеу емес. Керісінше, тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтып, демократияны дамыта түседі.
Сонымен қатар жиын барысында құқықбұзушылықтардың алдын алуда ерекше белсенділік танытып, киберкеңістіктегі заңсыз әрекеттердің жолын кесуге үлес қосқан мамандарға облыс әкімінің сыйлық сертификаттары мен облыс прокурорының Алғыс хаты табысталды.
Соңғы үш жылда полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Биыл бұл мақсатқа 2 млрд 800 млн теңге қаралып, заманауи құрылғылармен, жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
Республикада алғашқы болып облыстың барлық ауданында полиция бөлімдерінің Жедел басқару орталықтары ашылды. Қауіпсіздікті күшейту, жедел әрекет ету мақсатында бейнебақылау камераларының желісі көбейтілді.
Барлық ауданға құны 2 млрд 200 млн теңге болатын 539 бейнебақылау, 49 жылдамдық өлшейтін камера орнатылды. Соңғы жылдары полиция қызметкерлеріне заманауи құрылғылармен жабдықталған 128 жаңа автокөлік табысталды.
Биыл тағы 31 қызметтік автокөлік тапсырылып, арнайы құрал-жабдықтар көбеймек. Бұл мақсаттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Ашықтық қағидатына сәйкес қала, аудандарда құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге қоғамдық қабылдаулар тұрақты өткізіліп келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімділігін арттырып, әділетті қоғам құруға тың серпін бермек.
Иә, Заң мен тәртіпке бағынған ел ғана қауіпсіз қоғам, құқықтық мемлекет қалыптастыра алады. Заңды сақтау – әділеттіліктің, теңдік пен тәртіптің кепілі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
22 маусым 2025 ж. 95 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (10416)

01 шілде 2025 ж.

№47 (10415)

28 маусым 2025 ж.

№46 (10414)

24 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 986
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031