ЖАНҒА ЖАЙЛЫ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ
Балалардың демалысын ұйымдастыру – қашанда маңызды мәселенің бірі. Жыл сайын демалыс уақытында балалар мен жасөспірімдердің толық демалуларына, танып-білу, шығармашылық және қоғамдық белсенділігін, денінің саулығын арттыруға жағдай жасау мақсатында оқушылар үшін қала сыртындағы және мектеп жанындағы сауықтыру ұйымдарының жазғы сауықтыру ауысымдары ашылады.
«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз» деп оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары тынығу лагерьлеріне баруға асығады. Сондықтан, жаз – балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың жеке басына тән байланыстарын жетілдіру, өз жоспарларын іс жүзіне асыру, жеке бас мүдделерін қанағаттандыру, ойын-сауық, бойында жиналып қалған шиеленістен арылу, жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайту кезеңі. Жаз – балаларға өзінің сан түрлі талантын ұштауға мүмкіндік береді. Бұл кезеңді жеке басының жақсы жақтарын ашып көрсетуге жағдай жасауға, балалар арасында рухани және эмоциялық құндылықтардың алмасуына, мүдделерін жүзеге асыру үшін пайдалану керек. Осыған орай, жазғы сауықтыру лагерьлерін жазғы маусымға дайындау мәселелері аса өзекті. Барлық сауықтыру ұйымдары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманың талаптары – санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес келуі тиіс. Сауықтыру ұйымдары үшін осы талаптарды сақтау міндетті. Балалар келіп орналасқанға дейін барлық қала сыртындағы лагерьлер белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін растайтын санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті. Ашылу алдында шомылу орындарындағы ауызсу, бассейндер мен су айдындарының су сынамаларына зертханалық зерттеу жүргізіледі, топырақ пен құм тексеріледі.
Санитариялық қағидаларға сәйкес лагерьдің аумағы қоршалуы тиіс, объектілер үздіксіз ауызсумен, ыстық сумен, кәрізбен, жарықпен, желдеткішпен қамтамасыз етіледі. Барлық үй-жайлар таза болуы тиіс, Қазақстан Республикасында рұқсат етілген жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, күнделікті тазалау жүргізілуі қажет. Объектілердің жиһазы мен жабдығы балалардың жас ерекшелігіне сәйкес келуі аса маңызды. Сауықтыру лагерьлерінде күніне бес рет тамақтану көзделеді және медициналық қызмет көрсетіледі.
Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында дайындық кезеңінде жазғы демалысты ұйымдастырумен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға мыналарды қамтамасыз етуді ұсынады. Ең бірінші, ғимараттар мен құрылыстарды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, кеміргіштерге, жәндіктерге қарсы өңдеумен аумақты тазарту және абаттандыру. Одан кейін желдету және ауаны баптау жүйелерін қоса алғанда, инженерлік желілердің жұмыс істеу тиімділігін тексеру қажет. Төсек-орын, ыдыс-аяқ, асхана жабдықтары жеткілікті мөлшерде жарақтандырылып, персоналды оқытып, маусым ашылғанға дейін объектіге санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынуы тиіс.
Жазғы сауықтыру ұйымдарының негізгі міндеті – балалардың қауіпсіз демалуын және сауықтыруын қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылуы ұдайы бақылауда болуы тиіс.
Сәуір айынан бастап аудандық білім бөлімі, төтенше жағдайлар бөлімі, полиция басқармасы, емдеу-сауықтыру мекемелерінің дәрігерлерімен бірге лагерьлердің дайындығы мен санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларын ресімдеу бойынша жауапты мамандар бекітіліп, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді. Балаларды сауықтыру ұйымдарында медицина қызметкерлері үшін ішек инфекциялары, ботулизм және жаппай тамақтан уланудың алдын алу бойынша арнайы дәріс, семинарлар өткізіліп, алгоритмдер түсіндірілді.
Десек те, жаз – ең қысқа мезгіл. Ал осы жаздың қуаныш пен қызыққа толы ұмытылмас естеліктері жазғы демалыс лагерінен бастау алады. Ендеше балаларыңыздың толық демалуларына, шығармашылық белсенділігін арттыруға, олардың өзін-өзі ұйымдастыру қабілеттерін дамытуға, спорт, саяхат пен өлкетану және басқа да танымдық қызмет түрлеріндегі білім мен іскерліктерін арттыруға жағдай жасағыларыңыз келсе, мектеп жанындағы жазғы лагерьлерге беруге асығыңыздар!
А.ИДРИСОВА,
аудандық санитариялықэпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы