ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі ауданда білім беру ұйымдарында да кең көлемде аталып өтілді. Оның қатарында кент орталығындағы С.Есқараев атындағы орта мектеп те бар. Ұлттық нақышта киініп, мерекенің сәнін келтірген 9-сынып оқушылары айтулы күнге жақсы дайындықпен келген.
Мерекелік шараны мектеп директоры Құндызай Аймаханова құттықтау сөзбен ашып, мерекеге түсінік берді.
– Ұлыс күнінің басқа мерекелерден өзгешелігі бар. Ол – табиғаттың қайта түлеуі, жаңғыруы мен жасаруы. Қыстан үзіле шыққан мал-жанның көкке ілініп, жаңа бастауға аяқ басқаны ерекше сәтке баланады. «Қош келдің, әз Наурыз» деп аталатын іс-шарамыздың басты мақсаты да оқушыларымызға қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптеуге өнеге болу, оның мәнін тереңнен ұғындыру, ұлтына деген сүйіспеншіліктерін арттыру болып есептеледі. Наурыз – жыл басы. Ертеңгі елдің ырыздық-несібесі осы көктемнен бастау алады. Шаруа кетпенін сайласа, түлік иесі төлін төлдетеді. Бір сөзбен айтар болсақ, мүлгіген тіршіліктің бойына қан жүгіріп, жан бітеді. Күн мен түн теңеліп, адам өмірі де жаңаша түрге енеді.
Осындай көңілге көрік беретін мерекеде ұстаздарға жемісті еңбек, шығармашылық табыстар тілесем, шәкірттеріміздің ата-аналары мен ағай-апайларының сенімін ақтап, тәрбиелі де білімді жеткіншектер болып өсуіне тілектеспін. Ұлтымыздың құндылығы саналатын салт-дәстүріміздің тұғыры қашанда биікте болсын, – деді мектеп басшысы Қ.Жұматайқызы.
Мерекелік іс-шараны мектеп оқушылары Әлімжан Шамшатов пен Раида Мұхамедқалиқызы тізгіндесе, Тоғжан Серікбаева, Аружан Жапашова мен Зарина Мусахметова және Гүлару Жұмағазы әнмен әрлеп, көптің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ мың бұрала билеген бишілер тобының билеріне де тамсанбау мүмкін емес.
Мерекенің тағы бір айта кетерлік тұсы – қазақ халқының ертеден келе жатқан тұсаукесу рәсімі болды. Онда Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәрсенкүл Жаудатбекқызы Мария есімді бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ақ тілегін білдірді.
Кеште барша қатысушылар мерекенің сәні – наурызкөжеден дәм татса, қонақтар оқушылардың театрландырылған көріністерін қызыға тамашалады.
С.ДАТ