ҰРПАҚҚА ҰРАН БОЛҒАН ЖЕҢІС ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс...» деп ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, күркіреп өткен, қаншама адамды шалғындай жапырып, дүниені астаң-кестең еткен, бес жыл бойы, дәлірегі 1418 күн, 1418 түн талайды қар жастандырып, мұз төсендірген сұрапыл Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына биыл – 80 жыл толады.
Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділігін паш ететін, тарихта мәңгілік есте қалатын күн. Бұл күн соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен жандарды ұлықтайтын күн. Жеңіс күні – елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, еліне оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл ел болып еске түсіреді. Бүгінде сол соғысқа қатысып, көзсіз ерлік көрсеткен батырлар көпке үлгі болған, тарихта есімі алтын әріппен жазылған ардагерлерге айналып отыр.
Қысқаша тоқтала кетсек, екінші дүниежүзілік соғыс – дүние жүзіне үстемдік жасау үшін Германия, Италия, Жапония үштігі тарапынан басталған соғыс. 1933 жылы нацистік диктатура орнағаннан кейін Германия дүние жүзіне үстемдік жүргізу жоспарын жүзеге асыруға кірісіп, оны Италия және Жапония қолдады.
Сұрапыл соғысқа 61 мемлекет, дүние жүзі халқының 80 пайызы қатысты. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 млн адам әскерге алынды. 55 млн-ға жуық адам қаза тауып, 4 триллион доллар көлемінде шығын келтірілді. Соғыс аяғында нацизм және фашизм толық күйреп, Батыс Еуропа елдерінде демократияның орнауына мүмкіндік туды. Нацизмді талқандауда шешуші рөлді сол кездегі КСРО құрамындағы халықтар атқарды. Мәліметтерге сүйенсек, шындығында сол кездегі қазақ еліндегі және Ресей мен Орталық Азияда тұратын қазақ ұлтының 1893-1927 жылдар аралығында туған азаматтары, ең әуелі 1939-1940 жылдардағы КСРО аннексиялаған елдермен болған әскери қақтығыстарға қатысып, қызыл империяның территориясын кеңейту операцияларына араласқан. Әскери борышын қызыл әскер қатарында 1939-1940 жылы өтеушілер болса, 1940 жылғы орыс-фин соғысының дәмін татты.
КСРО-ға қарсы соғыс жоспарларын әзірлей отырып, фашистер елдің шығыс аудандарында Түркістан мен Идель-Урал рейхскомиссариаттарын құруды жоспарлаған. Оған Қазақстан, Орта Азия, Татарстан, Башқұртстан, Әзербайжан, Солтүстік Кавказ, Қырым, Шыңжаң, Ауғанстанның солтүстік бөлігін кіргізу көзделген. КСРО аумағында отарлық типтегі қуыршақ мемлекеттерді құру, олардың халықтарын құлға айналдыру – бұл әлемдік үстемдікті орнату жолындағы гитлеризмнің жоспары болды. Алайда бұл жоспарлары жүзеге аспады.
Біздің қазіргі бақытты күніміз үшін қанша адам қаза болды? Шын мәнінде бұл қорқынышты сандар туралы тарих әлі де аузын ашпайды. КСРО қаза болған адамдар санын ұзақ уақыт жасырып келді. Алайда уақыт өте келе деректер жарыққа шығуда. Бұл соғыста ресми деректер бойынша 10 млн сарбаз қаза болған, 3 миллионға жуығы тұтқынға түскен. Бұл жан түршігерлік соғыс болды, өкінішке орай ол көптеген отбасыға көз жасын әкелді, бірақ КСРО біртіндеп аяғына тұрды, соғыстан кейінгі әрекеттер басылғанымен, адамдардың жүрегіндегі соғыс салған жара әлі күнге дейін сыздайды.
Қазақтар екінші дүниежүзілік соғысқа бірінші күннен бастап қатысты. Сондай-ақ Қазақстаннан аттанған азаматтар Қиыр Шығыстағы Жапонияға қарсы соғыс қимылдарында да белсенділік танытты. Сол бір аласапыран жылдары жанын аямай, Отан үшін жанын қиған боздақтардың артында тек естеліктер ғана қалды...
Ол кезде Қазақстан одақтық республика (Қазақ КСР) КСРО құрамында болды. 1941 жылы біздің елден 178 мыңға жуық адам Қызыл Армия қатарында болған. Оған қоса, Қазақстаннан 1 миллион 200 мың адам шақырылған. Ресми басылымдар деректерінше, соғыс майданында Қазақстаннан 600 мыңнан астам адам қаза тапқан, яғни, әскерге шақырылғандардың жартысы соғыстан оралмаған. Қаза болғандар – Қазақстан халқының 11,2 пайызы. Республиканың әрбір төртінші тұрғыны майданға және қорғаныс өнеркәсібіне жіберілді. Айта кетсек, аталған қанқұйлы майдандағы 10 оқтың 9-ы қазақ қорғасынынан құйылды. Майданға Қазақстаннан 1500 вагон киім-кешек пен азық-түлік жіберілді.
Екінші дүниежүзілік соғысқа Сыр өңірінен 80 мың адам аттанып, көбі ұрыс даласынан оралмаған. Арада қанша жыл өтсе де Отан үшін от пен оқтың ортасында жан алысып, жан беріскен ерлердің есімі ешқашан ұмытылмақ емес.
Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қарттарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылады.
Бейбіт күннің қадірін жастардың санасына сіңірудің де маңызы зор. Бұл бағытта Кеңес Одағының батырлары мен «Даңқ» орденінің толық кавалерлеріне қатысты деректі мәліметтер әзірленеді, елді мекендер мен көшелерге және оқу орындарына Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін беру жұмыстары да жалғасады. Білім беру ордаларында жеңіс күніне арналған ашық сабақтар, концерттер, спорттық жарыстар өткізіледі. Ұлы Отан соғысының қатысушылары Жангерей Жәнібектің, Сағадат Нұрмағамбетовтің, Әлия Молдағұлованың және Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын ұлықтау, Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланады. Осындай маңызды шаралардың келешек ұрпаққа маңызы зор деп есептеймін.
Соғыстың зардабын тартқан үлкендер Жеңіс күнін күрсінумен қарсы алады. Біз соғысты теледидардағы кинодан көріп, кітаптан оқып білдік. Ал көзі тірі ардагерлерімізден бастан өткендерін естіген кезде жанымыз түршігетін. Елін қорғап, қасық қанын аямаған жауынгерлердің бәрі – батыр! Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы жоғары деңгейде тойланып, келешек ұрпақ бейбіт күннің қадірін біліп, бағаласа деймін.
Айгерім АБЫЛАЙҚЫЗЫ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері