ОБЛЫСТА СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗ БАҒАСЫ ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕРГЕ ҚАРАҒАНДА ТӨМЕН
Бүгінге дейін аймақта сұйытылған газ бағасы 65-75 теңгеден сатылды. Жалпы, Қызылорда облысында бірқатар өңірлермен салыстырғанда сұйытылған мұнай газының бағасы төмен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев мәлімдеді.
Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес, республикада сұйытылған мұнай газдың бағасы көтерілді. Жаңа түзетулерде облыс бойынша газ бағасы 90 теңгені, ал облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекендерде 95 теңгені құрайды.
«Жыл басынан бастап әкімдік тарапынан бірнеше рет операторлармен мәжіліс өткізіліп, келісімге келдік. Біріншіден, қаңтар айында алынған газ ескі бағамен сатылуы керек. Еліміздің бірқатар өңірлерінде ақпан айы басталғаннан-ақ көтерілген бағамен сатуда. Дегенмен, өндіруші зауыттарда газдың бағасы 15 пайызға қымбаттауына байланысты, операторлар өз кәсібіне зиян келмес үшін жаңа бағамен сататын болады. Екіншіден, шекті бағадан 5 теңгеге төмендетіп, операторлар облыс орталығында газды 1 литр үшін 85 теңгеден, ал аудандарда 90 теңгеден сатуға ұсыныс білдірді. Жалпы ақпан айына министрлік тарапынан 7300 тоннаға жуық газ бөлінді. Оған қоса, энергетика министірлігімен келіссөздер жүргізіліп, ақпан айына қосымша 2000 тонна газ көлемі бөліну жоспарлануда. Бүгінде бұл мәселе әкімдіктің тұрақты бақылауында» - деді облыс әкімінің орынбасары Ардақ Темірханұлы.
Айта кетейік, Қазақстан бойынша сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылы 1,8 млн. тонна болса, 2024 жылы 2,4 млн тоннаға дейін жетті. Мысалы, аймағымызда 2022 жылы сұйытылған мұнай газын тұтынатын 7 290 автокөлік тіркелсе, 2024 жылы 35 690 автокөлік тіркелген, яғни газ тұтынушыларының саны 5 есеге артқан. Одан бөлек, сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны тоннасына 63-65 мың теңгені құрайды. Ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 51 932 теңге деңгейінде белгіленген.