АТА-АНАНЫҢ ҚАДІРІН БІЛ
«Әкенің қамқорлығы таудан биік, ананың махаббаты теңізден терең» дейді қазақ. Осы қазақ әу бастан-ақ дана халық қой, шіркін. Адам өмірінде ана мен әкенің алар орны ерекше. Адамзат тарихынан сыр шертіп, жаратылыстан бастап толғайтын болсақ, Адам ата мен Хауа ананың адалдығын, кіршіксіз көңілін, ұрпағына деген қамқорлығын сезетіндеймін. Қай дінді, қай ұлтты алсаңыз да «ата-ана» ең бірінші орында тұратыны хақ.
Мұсылман қауымы адамзаттың асыл тәжі – Мұхаммед пайғамбарымыздың «Миғраж» сапарына барғанын біледі. Бұл сапар туралы деректерді оқысам, құдды өзім пырақ мініп қалықтап, оқиғаны көзбен көргендей күй кешемін. Пайғамбарымыз осы сапарында жеті қат көкті аралап, бір қабатына келгенде Адам ата мен Хауа анамызды көрген екен. Екі қарт кісілерді көріп, жөн сұрасып, амандаса кетейін деп, пырақтан түсіп, ең әуелі Хауа анамызбен, содан кейін Адам атамызбен амандасқан екен. Сонда Жәбірейіл періште «Сен дұрыс істедің, сен бірінші болып, Адам атамен амандасқаныңда, әрі қарай көтерілмей, жерге қайтар едің, сапарың осымен бітер еді. Сенің даналығыңда шек жоқ екен. Хауа анамен бірінші амандасқаның үшін, сен әрі қарай жеті қат көкке көтерілесің, себебі жұмақ – ананың табанының астында» деген екен. Осындай бір керемет қиссааңыздарды оқығанда, көңіл босап, көкірек қатайып, ерте ес жиғандай даналық қысып, ақыл айтқым келіп, білгентүйгенімді кішіге көрсеткім кеп тұратынын жасырмаймын. Бірақ, қазір қоғамды толған психологтар мен коучтар билеп тұр. Ақылы сабақтарын ақтарып, әлеуметтік желіні ашсаңыз, әліппе үйреткендей үйретіп жатады. Бәрінің айтатыны бір. «Жолың болмаса – әкең кінәлі, тұрмыс құрмасаң – анаң кінәлі». Сонда «олардың кінәсі не?» деген сұрақ туады. Біле білсеңіз, «Қалам» Алланың әмірімен адамның тағдырын әу баста Лауха Махфузда жазып қойған. Сондықтан, қазақ «жазмыштан озмыш жоқ» дейді емес пе?! Онда неге атаананы кінәлайды?
Бүгінгі психологтардың үйретіп жүргені не сонда? Бізді жастайымыздан атаанаңа «туф» деп те айтпа деп өсірмеп пе еді? Сондағы тәрбие, сондағы қағида қайда қалды? Заман өзгерді, адам өзгерді енді тәрбиенің өзгерер кезі де келді ме? «Тәрбие – тал бесіктен» деген тәлімді сөздің қадірін ұқпағанымыз ба? Кеудеде сан сұрақ, жауабын айтар жан болса...
Мен кішкентай кезімнен бастап атаанасы бар адамдарға қатты қызығатынмын. Тіпті бала көңіл көрші қыздың әкесіне еркелеген сәтін көргенде, жасырынып жылап та алатынмын. Мектепте «Әке» тақырыбында шығарма жазып, ұстазым мен дүйім сыныпты жылатып алғаным бар еді. Амал нешік, бұл менің тағдырым. Мен әкенің ақылын, айбынды жүзін, тәлімді тәрбиесін көрген жоқпын, несін жасырайын. Әкемнің бейнесі де есімде жоқ. Ол дүние салғанда, небәрі үш жаста қалған қыз едім. Бірақ, менің анам бір өзі әке де, ана да бола білді. Анамның арқасында әкелік мейір махаббаттың кем тұсын сезінбей өстім. Дегенмен, балаң ой, бала қиял әкені аңсайтыны бар еді...
Ал енді мен осылай жалғыз жаны жабырқау, жалғанмен жанталасып жеткізген анама не кінә арта аламын? Менің бағыма, менің болашағыма кесірің тиді деп қалайша мін тағамын? Әрбір ана, әр әке өз баласына қалай жамандық ойлайды? Оның болашағының бұлыңғыр болуына қалайша жол береді деп ойлайды екен? Ит екеш ит те, құс екеш құс та өз баласы үшін тіршілік етпей ме? Өмір ағымымен өзің атаана атанып, арпалысқан тағдырмен алысып, «балам – бауыр етім» деп жан ұшырып жүргеніңде, балаң келіп, «сен кінәлісің» десе, нендей күй кешер едіңіз?
Сондықтан өз бақытын ысырып қойып, баланың амандығын, баланың болашағының жарқын болуы үшін, тартысқан тағдырға тістеніп тіршілік етіп жүрген ата анамыздың амандығында қадірін білейік, ағайын! Әке – асқар тауың, анаң – бұлағың, ал сен көкем, жайқалған құрағысың!
Гүлнұр БЕКТҰРАРҚЫЗЫ