«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ӨҢІРЛІК ЖОСПАР АЯСЫНДА КЕШЕНДІ ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛУДЕ
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық, абаттандыру және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында өңірлік жоспар бекітіліп, кешенді жұмыс жүргізілуде.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев атап өтті.
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасына 736 мың адам қатысып, 176 800 түп тал егілді. Акция басталғалы ауылдарды қолдау, ынталандыру мақсатында дәстүрлі түрде «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіліп, 2,1 млрд. теңгеге күнделікті тұрмысқа қажетті 67 техника табысталды. Коммуналдық сала кәсіпорындарына, табиғатты қорғау мекемелеріне 309 арнайы техника сатып алынды. Қызылорда қаласының орталық алаңы, аудандарда демалыс орындары қайта жаңғыртудан өтті. Биыл бірнеше саябақ қайта жаңартылады», – деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, Қызылорда қаласындағы 28 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті заманауи панельмен қапталды, 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылды. Теміржол вокзалы ғимараты мен перроны күрделі жөндеуден өтті.
Балалардың игілігі үшін 80 ойын және спорт алаңы, Жаңақорған ауданында демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында «Еңбекшілер аллеясы» пайдалануға берілді. Қармақшы ауданы Жаңажол ауылының орталық алаңы және Жалағаш ауданы Таң ауылының көшелері абаттандырылып, жарықтандырылды. Облыстық бюджеттен бөлінген 800 млн. теңгеге 17 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары, 200 млн. теңгеге 14 спорт және ойын алаңы салынып, 7 балалар ойын алаңы жөндеуден өткізілді.
Демеушілер есебінен 63 көпқабатты тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысанның қасбеті заманауи үлгіде әрленуде. Аудандарда 320 млн. теңгеден астам қаржыға көшелер абаттандырылып, ойын алаңдары мен скверлер салынды. Өткен жылы аймағымызда мекеме ғимараттарының қасбеті, аулалардағы балалар ойын және спорт алаңдары, көшелердегі жарықтандыру мен аялдамаларды әрлеу, сырлау, безендіруге біркелкі дизайн код бекітілді.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі