БІЗДІҢ «МИЧУРИН АНА»
Менің балалығымның, жастығымның да бал шағы өткен, ең алғаш еңбек жолымды бастап өмірдің де еңбектің де қызығы мен шыжығын көрген осы құтты мекен, туған жерім – Дүр Оңғар ауылы. Ауылымыз құт-берекесі дарыған, талай ақын, делегат, депутаттар шыққан мекен. Бүгінгі таңда қала типтес мәдениеті, әлеуметі, басқа ауылдарға қарағанда көш ілгері десем артық емес.
Ауылымызда атағы, даңқы елге танылмаса да, қарапайымдылығымен, өнегелі істерімен халықтың аузында жүрген қадірменді аталарымыз мен аналарымыз қаншама. Менің ата-анаммен бірге жасасып, көз көргеннен кейін маған ойға ой қосылды. Мұндай кісілердің әрбір ісін, айтып кеткен ұлағатты сөздерін неге ұрпаққа жеткізбеске, олардан неге тағылым алмасқа деген оймен қағаз бетіне түсірмек болдым.
Қазір жасыратыны жоқ, «бәрін өзім білемін» дейтін жастар көбейіп барады. Ұлттық салт-дәстүр, менталитет жоғалып бара жатырғаны жасырын емес. «Заманға қарай» деген сөзді көп естиміз, бірақ заманды жасайтын адам, өзіміз екенін білмейміз. Ал ата-баба сөзі, қалдырған ісі – бізге нәр. Олар асыл қазынамыз емес пе?!
Бүгінгі әңгіме еткелі отырған кейіпкерім – Ханбибі ана жайлы болмақ. Ол әрі жанжарымның анасы. Кей келіндері «Хан апа» деп ат қойып кеткен. Өзі қыр мұрынды, атжақты, аққұба келген, жүзі қаталдау көрінгенмен, мінезге бай кісі. Өте пысық, он саусағынан өнер тамған деген сөз осы кісіге арналған. Табиғатты сүйетіні, одан ләззат алатыны үй маңындағы бау-бақшасынан көрініп тұратын. Ол кісі алманың бір бұтағын кесіп алмұрт ағашымен будандас тырып жаңа сортын, сары өріктің, жүзімнің жаңа сорттарын шығарған.
Үйге қонақ келіп қалса анамыз алма, жүзім алып келу үшін сол үйге жұмсайтын. Ол кезде сатып пайда табу деген жоқ. Барлығын тегін-ақ беретін. Көрші отырып ақы сұрау ұят сияқты көрінетін. Өздерінен қалғанын жақындарына, жұртқа осылай тарататын. Шіркін, сол кездегі кісілердің кеңпейілдігі, дарқандығы қандай десеңізші?! Тек жеміс емес, ауылда отырыс, той болса сол кісіден сұрайды. Өзі де тойға шашу есебінде де апарады екен. Оның бау-бақшаға деген ерекше қамқорлығына қарап ауыл халқы біздің «Мичурин» деп атаған.
Жолдасымның мінезі анасына ұқсамағанымен, оның еңбексүйгіштігі, тиянақтылығы қатты ұқсайды. Бірде өз анасының қызанақты қысы-жазы қалай пайдаланатынын әңгімелеп берген еді. «Ақпан айынан бастап қызанақ тұқымының әр түрін жекелеп қағазға орап, топыраққа отырғызып, күн түсетін жерге қояды. Көшеттен егілген домалақ, сопақша түрлерін елден бұрын бізге жегізетін. Піскен кезде ауыз тисін деп туыстарға көршілерге тарататын. Жеуден қалғанын қақ қылып тіліп, шиге жайып, дәкемен жауып, әбден кепкенше қояды екен. Кепкеннен кейін келіге түйіп, елеуішпен елейді де, құрғақтай банкаға салып қояды. Аскөк пен жуаны да осы әдіспен жасап қысы-жазы тамаққа қосады. Дәмі керемет, иісі мұрын жаратын» дейді ол.
Қазақтың киіз үйі (қараша үй деп те атайтынбыз) әрбір шаңырақта болатын. Сәуір айы басталғаннан үй тігуге дайындық науқаны басталады. Ішкі, сыртқы жасауларын даярлайды. Киіз басу, бау-шуларын, ши тоқу, жаңарту тағы басқа жұмыстарға кірісетінбіз. Ши тоқудың өзі үлкен еңбек. Оның өз әдісі бар екен. Аналарымызбен бірге ши тартуға баратынбыз. Ескі доңғалақта, «кәмірді» ортасынан жарып, жамбасқа орап алады. Шиді сол жамбасқа салып, тартып қалғанда жұлынады екен. Әйтпесе жамбасты ши тіліп кетеді. Қыстай жүнді бояп, боялған жүнмен өрнек құрастырып, орап шығады. Көктемде оны тоқиды. Үйдің сыртынан ұстағанда ол үйге керемет көрік беріп тұрады.
Киіз үйдің ішкі, сыртқы жасауларын ісмер кісі жасағасын, әрине Ханбибі апаның үйі алыстан көз тартады. Алты қанат ақ орда үйі менмұндалап тұрады. Ол заманда интернет жоқ, басқа ақпарат құралдары жоқ болса да өз ойымен, ойының ұшқырлығымен ешкімнің ойына келмейтін (сол кездегі) жұмыстарды жасайтын. Киім тігу, (көйлек, шапан, кеудеше, сырмақ шалбар), құрақ көрпешелердің түр-түрін тігетін.
Сол кісінің тіккен сырмақтары, кеудешесі әлі сақталған. Суық тиіп ауырған балаларына кигізеді. Бірде Сайлаудың да кигені бар, дегенмен тозығы жеткеннен кейін оны қолындағы келіні Үлпат апам (марқұм) жаңартып жасап берген. Ол кісінің пысықтығы, кез келген үйдің де, даланың да жұмысын тиянақты істейтіні, бесаспаптығы ұқсаған. Өйткені ененің әскери мектебінен, тәртібінен өткен кісі. Үлпат апамыз сол кісінің ізін нағыз жалғастырған жан еді. Қызанақты, жемістерді қалай кептіріп ас мәзіріне қолданатынымызды үйреткен болатын.
Осындай ұлағатты жанұядан өсіпөнген ұл-қыздары да еңбекқор. Бойларына қарапайымдылық, кішіпейілділік, адамгершілік сияқты ізгі қасиеттерді сіңірген. Бүгінде балаларынан өрбіген немерелері әр салада еңбек етеді.
Бұл заман – онсызда адамның жүгін жеңілдетіп, еңбектен алыстаған заман. Еңбексіз бала тұяғын қимылдатпай тез ақша тауып баюдың жолын аңсайды. Дайын тағамның түрлі химиялық қоспадан жасалып, оның ағзаға зиянын білсек те, саусақ қимылдатпай дайын асқа тік тұрамыз.
Отбасындағы тәрбиенің кереметі – еңбекке баулу. Еңбек ете білмеген және сүймеген адам шын бақытты бола алмайды. Адамның мәдениеті, әдеп инабатының адамгершілік жоғарылығы еңбекке деген сүйіспеншілікке тікелей байланысты болмақ. Болашақ ұрпақтарына адам үшін тіршілік көзі – табиғат екендігін, өміріне үлкен рөл атқаратындығын құр сөзбен, теориямен емес, үлгі ісімен көрсетіп кеткені үлкен тәрбие деп білемін.
Салтанат ТӨЛЕПОВА,
Дүр Оңғар ауылы