» » Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады

Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады

Ғаламтор желісіндегі балалар — алаяқтар үшін қолайлы және оңай нысана. Жаһандық желінің ұсынатын анонимділігіне байланысты қаскөйлердің әрекеттері оффлайнға қарағанда азбайқалады, ал алдап кету тәсілдері, әсіресе мектеп жасына дейінгі немесе бастауыш мектеп жасындағы балаларды қызықтыратын амалдары көп. Осы ақпаратты Fingramota.kz-пен бірге толығырақ қарастырайық.  
«Касперский зертханасының» зерттеулеріне сәйкес, қазақстандық ата-аналардың 21%-ы балаларына төрт жасқа толмай тұрып құрылғылар сатып алады. Ата-аналардың 32%-ы балаларына алғаш рет төрт жастан алты жасқа дейінгі құрылғыларды береді. Сонымен қатар, балалардың жартысынан көбі (56%) ғаламторда күніне бірден төрт сағатқа дейін уақыт өткізеді, ал 23%-ы бос уақытының көп бөлігін ғаламторда өткізеді. Бұл статистика Қазақстандағы балалардың балабақша жасынан бастап ғаламтор пен әртүрлі құрылғыларды белсенді пайдаланатынын көрсетеді. 
Алайда балалар мен жасөспірімдер алаяқтар үшін өте осал санат болып табылады, сондықтан киберқылмыскерлер фишинг арқылы олардың құпия ақпаратын жиі тартып алады. Өкінішке орай, ата-аналар көбінесе ғаламтордағы пайдалану мәселесінде екі қарама-қарсы ұстанымды ұстанады: олар балаларға мүлде ғаламторда уақыт өткізуге тыйым салады (бұл наразылық туғызады, және тыйымдарды еңсеріп, балалар онлайн қақпанға түсіп қалуы мүмкін), немесе оларға рұқсат береді, бірақ негізгі қауіпсіздік ережелерін, яғни цифрлық гигиена ережелерін түсіндірмейді.  
Балалардың интернетке қолжетімділігін бақылаңыз 
Ата-аналар балаларының ғаламторы қауіпсіз болуын қаласа, бірінші қадам – ғаламторға қолжетімділікті бақылау, және мұнда екі жол бар. Біріншісі – баланың ғаламторға қанша уақыт өткізетінін бақылауға мүмкіндік беретін ата-ана бақылау бағдарламалары. Мұндай бағдарламалар баланың ғаламтормен қарым-қатынасын толығымен басқарып, ол ғаламторға қанша уақыт өткізе алатынын нақты анықтайды. Сондай-ақ, ата-аналар бұл бағдарламалардың көмегімен сайттар мен қосымшалардың тізімін басқара алады, оларды ашу немесе кіруді бұғаттау мүмкіндігі бар. Баланың тыйымды айналып өту әрекеті тек бірден тоқтатылып қана қоймайды, сонымен қатар ата-аналарға арналған арнайы журналға жазылады. Сонымен қатар, жетілдірілген бағдарламалар одан әрі кетіп, әлеуметтік желілерде күдікті және бейтаныс аккаунттармен хат алмасуды шектеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, олар жеке хабарламалардағы негізгі «қауіпті» сөздер мен тіркестерді бұғаттауды орната алады. 
Екінші қадам – жоғары сапалы антивирустық бағдарламалық қамтамасыз ету, ол стандартты вирустармен қатар, алаяқтық сайттар арқылы құрылғыға енген шпиондық бағдарламалармен күресуге көмектеседі. Сондықтан құрылғыны вирустарға автоматты түрде тексеруді үнемі жүргізу қажет. 
Балаға интернеттегі қауіпсіздік туралы не айту керек 
Балаларға түсіндіру қажет негізгі ережелер: ешқашан бейтаныс адамдармен сөйлеспеу, өзіңіз немесе ата-анаңыз туралы құпия ақпаратты жарияламау. Себебі интернет ойындары мен әлеуметтік желілерде балалар бейтаныс адамдармен үнемі байланыста болады. Алайда пікірлерде, ойын чаттарында және мессенджерлерде киберқылмыскерлер де «мекендеуі» мүмкін. Олар балалардың сеніміне кіріп, олардың жеке ақпаратын алдап алады. 
Сондықтан балаға ғаламтордағы адамдар өзін басқа адам ретінде көрсете алатынын түсіндіру керек. Мысалы, егер профиль суретінде балақай көрінсе, шын мәнінде ол ересек адамның әрекеті болуы мүмкін. Ата-аналар балаларына мынаны жеткізуі тиіс: виртуалды достары қаншалықты жағымды болып көрінсе де және олармен қаншалықты жақсы қарым-қатынаста болса да, ешбір жағдайда өздерінің нақты орналасқан жері, ата-аналарының жұмыс кестесі, сондай-ақ логиндер мен парольдер сияқты ақпараттарды оларға айтуға болмайды. Ата-ана бақылау бағдарламалары баланың осындай маңызды мәліметтерді жіберуден қорғай алатынын түсіндіру артық болмас. Сонымен қатар, тексерілген платформаларда ғана ойнаудың және күмәнді сайттардан аулақ болудың маңыздылығын айту қажет.
Тағы бір маңызды ақпарат — кейбір жүктеулер, сілтемелер және сайттар құрылғыларға зиян келтіруі мүмкін, бұл құрылғының жұмысын тоқтатады. Балалар көбінесе тегін ойындар, фильмдер, музыка немесе бағдарламалар іздейді, және бұл туралы киберқылмыскерлер өте жақсы біледі. Бұдан бөлек, зиянды сайттар немесе қосымшалар арқылы қаскөйлер баланың құрылғысына тыңшылық бағдарламаларды орнатып, олардың әңгімелерін тыңдап, құпия ақпаратты қадағалай алады. Алаяқтар балалардың электронды хаттардағы сілтемелер мен қосымшаларға үлкендерге қарағанда күдіктенбей қарайтынын біледі. Мұнда сапалы антивирустық бағдарламалық қамтамасыз ету көмектесе алады, бірақ одан да маңыздысы — балаға күмәнді сілтемелерге өту немесе қауіпті сайттарға кіру бүкіл үй желісінің қауіпсіздігіне қатер төндіретінін үнемі түсіндіріп отыру қажет.
Желіде қауіпсіздіктің тағы бір ережесі – ешбір ақпаратты ғаламтордан толықтай жою мүмкін емес, тіпті ол көпшілікке қолжетімді болмаса да. Бұл әрбір балаға білуге тиіс нәрсе. Ғаламторға бір рет шыққан ақпарат мәңгі сақталады. Өкінішке орай, адамдар өздерінің жеке мәліметтері ұзақ уақыт сақталатынын ойламайды. Мысалы, егер бала біреуге электрондық пошта немесе мессенджер арқылы ата-анасының банк картасының скриншотын, суретін немесе толық деректемелері бар хабарламасын жіберсе, алушы оны өз құрылғысында сақтап алып, өз мүддесі үшін пайдалана алады. 
Ата-аналарға балалардың киберқауіпсіздігі туралы ұсыныстар 
Балаларыңызға цифрлық гигиенаның негізгі ережелерін түсіндіріңіз 
Балаларыңызға планшет, компьютер немесе смартфон бермес бұрын, ғаламторда не істеуге болатынын және не істеуге болмайтынын түсіндіріңіз. Ғаламторды пайдалануға уақыт шектеулерін қойып, балаңызға мезгіл-мезгіл көмегіңізді ұсыныңыз. 
Балаңызбен оның өмірі туралы тұрақты сөйлесіңіз 
Кейде балалар виртуалды бейтаныс адамдармен араласа бастайды, себебі оларға ата-ананың назар аударуы жетіспейді. Сондықтан баламен сенімді қарым-қатынас орнату өте маңызды, сонда балаңыз кез-келген мәселесімен сізге келе алатынын және сіз оны тыңдауға әрқашан дайын екеніңізді біледі. Әңгімелесу кезінде смартфонды алыстатып қойыңыз, оны көзге көрінетін жерде қалдырмаңыз. Психологтар осылай кеңес береді, себебі бала сіздің телефонды өзінен маңыздырақ деп ойлап қалуы мүмкін.  
Ғаламторда нені бөлісуге болатынын талқылаңыз 
Балаға ғаламторда жеке деректермен бөлісудің қауіпті екенін және оның салдары қандай болатынын түсіндіріңіз. Егер бала ғаламтордаөзімен байланысты нәрселерді жарияламас бұрын немесе бейтаныс адамдармен хат алмасу алдында сізбен кеңесіп отырса, бұл тек қана артық болмайды.  
Баланы ғаламторда «жоқ» деп айтуды үйретіңіз 
Балаларды іздеумен айналысатын еріктілер ұйымдары балалардың көбінесе әлеуметтік желіде бейтаныс адамдармен сөйлескеннен кейін оларға ілесіп кететінін айтады. Сондықтан, егер бейтаныс аккаунт ғаламторда достық ұсынса, серуендеуге шақырса немесе виртуалды «сыйлық» ұсынса, баланы ғаламторда қалай «жоқ» деп айтуды үйрету керек.  
Мектептің киберқауіпсіздікке көбірек көңіл бөлуін ұсыныңыз 
Мектеп әкімшілігімен сөйлесіп, оларға киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді ұсыныңыз. Бастапқыда бұл мәселеге информатика сабақтарында назар аударса жеткілікті болады. Бала үйде ғана емес, мектепте де беделді мұғалімнің онлайн қауіпсіздік туралы айтқанын естігенде, ол осы тақырыпқа көбірек назар аударады. 
Баланы өзін қорғауға үйретіңіз 
Артық бақылау мен қамқорлық тек пайдасыз ғана емес, сонымен қатар зиянды, өйткені ол балада дәрменсіздік сезімін оятады. Онымен бірге негізгі нұсқаулықты өткізіңіз: бала өзі өзін қалай қорғай алатынын білсін. Мысалы, құпиялылық параметрлерін орнату, күдікті сайттар мен аккаунттарды бұғаттау және оларға шағым түсіру мүмкіндіктерін пайдалану. 
Өзіңіз үлгі болыңыз 
Егер сіз балаға киберқауіпсіздік туралы үйретіп жатсаңыз, бірақ өзіңіз цифрлық гигиенаны сақтамасаңыз, балаңыздың сіздің нұсқауларыңызды елемеуіне таң қалмаңыз. Мысалы, достарыңызбен кафеде отырып, әлеуметтік желіде нақты орналасқан жеріңізді көрсетіп сурет жарияласаңыз, ал бір күн бұрын балаңызға мұндай әрекеттен аулақ болуды айтқан болсаңыз, бала мұны байқап, ережені елемей қоюы мүмкін. Ал бұл жағдайдың қалай аяқталатыны туралы болжау қиын емес. 
Баланың шешім қабылдауына мүмкіндік беріңіз 
Киберқауіпсіздік және антивирустық бағдарламалық қамтамасыз етуді орнатумен айналысқанда, балаңызды осы процеске тартыңыз. Осылайша, онлайн қауіпсіздік туралы әңгімелер ол үшін қызықты тәжірибеге айналады, ал теориялық материалдар тек жалықтыратын дәріс болмайды. Ғаламтордағы қауіпсіздік ережелерін әзірлеуге де балаңызды қатыстыруға тырысыңыз — ол олардың жасалуына қатысқанын білсе, ережелерді орындауға әлдеқайда ынталы болады. 
Артық кетпеңіз 
Ғаламторда бала киберқылмысқа тап болуы мүмкін деген қағиданы жеткізу маңызды болғанымен, оны шамадан тыс қорқытып, үрей туғызудың қажеті жоқ. Ғаламторда балалардың дамуы үшін көптеген тамаша мүмкіндіктер бар, және егер бала интернеттен қорқатын болса, оларды жіберіп алуы мүмкін.  
Балаңызбен әңгімелесу конструктивті әрі сенімді болуы керек, оның барлық сұрақтарына шынайы жауап беріп, ашық диалогқа дайын екеніңізді көрсетіңіз. Балаңызға сенім артып үйреніңіз.  
Өзіңізді және балаңызды қорғаңыз, Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылықты арттырыңыз! 
27 қазан 2024 ж. 155 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 510

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 582

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031