Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру басты назарда
2024 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының бұйрығымен «Мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге бағытталған Қадамдық жоспар» (бұдан әрі –Жоспар) бекітілген.
Аталған Қадамдық жоспар мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын және кәсіби дағдыларын арттыруға, олардың кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге, сондай-ақ қызметтік әдеп стандарттарын дамытуға және қоғамға қызмет ету мақтанышын қалыптастыруға ықпал ететін қасиеттердің жиынтығы болып табылады.
Осы маңызды ұмтылысқа жету жолында бес негізгі қасиеттерді мемлекеттік қызметшілердің бойына дарыту көзделген. Олар:
«Құқық білгірі»: мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру заңнаманы түсіндіруді ғана емес, сонымен қатар нормаларды қолдануға ықпал ететін зияткерлік қабілеттерді қалыптастыру;
«Өз ісінің шебері»: кәсіби дағдыларды дамыту арқылы мүмкін болатын құзыреттіліктің жоғары деңгейіне жету;
«Мінез-құлық үлгісі»: кәсіби мінез-құлық стандарттарын белгілеу арқылы қызметтік әдеп нормаларын мемлекеттік қызметшілердің күнделікті іс-әрекетінің ажырамас бөлігіне айналатын мәдениетті қалыптастыру;
«Халықтың қызметшісі»: ақпараттық науқандар арқылы қоғамға, елге қызмет етудің мақтанышын қалыптастыру, сонымен қатар мемлекеттік қызметтің қоғамның әл-ауқаты үшін маңыздылығын насихаттау;
«Көшбасшы»: мемлекеттік қызметшінің кәсіби және жеке басын үздіксіз жақсартуды қамтамасыз етуүшін қажетті қадамдар.
Аталған Қадамдық жоспарды жүзеге асыру мақсатында 2024 жылдың басынан бастап Департаментпен біршама шаралар атқарылуда.
Оның ішінде, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік іссапарларға бару және оларға еңбек демалысын беру, мемлекеттік органды тарату немесе қайта ұйымдастыру, штат санын қысқарту, мемлекеттік орган ішіндегі басқару құрылымын өзгерту, сыйлықақы мен бонустар төлеу, материалдық көмек көрсету кезінде құқықтардың сақталуына талдау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауаптылығын қарау және қызметтік тергеп-тексеру жүргізу мәселелері бойынша семинар-тренингтер өткізілді.
Сонымен қатар, Департамент тек қана құқықтық оқытуларды жүргізумен шектелмей, ұлттық құндылықтарды және еріктілер қозғалысын насихаттау мақсатында да тиісті іс-шаралар өткізді.
Мәселен, 2024 жылдың 17 мамырында Департаменттің және Жаңақорған ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен«Отбасым – үйім, отбасым – тірегім» атты мемлекеттік қызметшілер арасында отбасылық байқау өткізілді. Байқауға мемлекеттік қызмет атқаратын 5 отбасы қатысып,байқауға қатысушылар І,ІІ,ІІІ дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ, 2024 жылдың 10 шілдесінде Департаменттің және Сырдария ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау, дәстүр құндылықтарын жаңғырту және мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған «Дәстүрден тағылым» атты мемлекеттік қызметшілер арасында аудандық конкурс ұйымдастырылды.
Конкурс өткізу нәтижесімен барлық қатысушыларға арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.
Бұдан бөлек, еріктілердің жұмыс нәтижелерін талқылау, проблемалық сәттер мен мәселелерді болдырмау, тиімді жұмыс істеу мүмкіндіктерін одан әрі жетілдіру және еріктілер жұмысындағы оң тәжірибелер бойынша пікір алмасу мақсатында ағымдағы жылдың 17 мамырында Жаңақорған ауданында облысымыздың еріктілері арасында кездесу өткізілді.
Шараға игі істерімен өз үлесін қосып жүрген азаматтар, волонтерлік клубтар мен қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ Департаменттің жанынан құрылған «Еріктілер кеңесі» консультативті-кеңесші органының мүшесі, Департамент өкілі С.Жумаев қатысып, еріктілердің қоғамдағы аса маңызды рөлін, мемлекеттік органдардың волонтерлік ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жасау қажеттілігін және ізгі істермен айналысуға ниет білдіруші мемлекеттік қызметшілердің үлесі күннен күнге артып келетінін атап өтті. Сондай-ақ, шара барысында қатысушылар игілік жолындағы оң тәжірибелерімен алмасып, кеңестің жұмысын жақсарту және оның алдына қойылған міндеттер мен мақсаттарды іске асырудағы тиімді шараларды нақтылау жөнінде ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Айта кету керек, елімізде еріктілердің қызметі айтарлықтай дамуда. Бүгінде қайырымдылық іспен айналысып, қоғамның дамуына өз септігін тигізіп жүрген азаматтардың үлесі артқанын байқауға болады. Еріктілер – бұл өз ынтасымен азаматтық қоғамның игілігі үшін әрекет ететін, өзінің білімін, уақыты мен күшін материалдық сыйақы алуға немесе ақы төленетін жұмысқа емес, бірлескен әлеуметтік күш үшін арнайтын адамдар.
Сондай-ақ, Қадамдық жоспар аясында 2024 жылдың 24 маусымында «Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің құқықтық жағдайы және гендерлік саясат мәселелері туралы диалогтық алаң»тақырыбында шара өткізілді.
Аталған шараға департамент басшылығы, сондай-ақ мемлекеттік қызметте және үкіметтік емес ұйымдарда қызмет атқаратын әйелдерқатысты.
Шара барысында мемлекеттік қызметтегі тең жағдайлар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелері талқыланып, гендерлік теңдік, таланттар бәсекелестігі жағдайындағы жастардың мансаптық ілгерілеуі, кибер қауіпсіздік, жасанды интеллект, инклюзивті қоғамды дамыту бойынша құқықтық негіздерді одан әрі қалыптастыруға және басқа да мемлекеттік қызмет саласын дамытуға бағытталған ұсыныстар айтылды.
Алдағы уақытта мемлекеттік қызметтің имиджін нығайту, мемлекеттік қызметшілердің жұмысының тиімділігі мен сапасын жақсарту мақсатында аумақтық департамент Қадамдық жоспар аясында басқа да шараларды өткізуді жалғастыратын болады.
Т.НУРТАЕВ,
Департаменттің мемлекеттік қызмет
саласындағы бақылау басқармасының
басшысы