Суға түсу кезіндегі қауіпсіздік ережелері
Аудан тұрғындары сіздерді су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарын сақтауға шақырамыз. Су – тіршілік көзі болғанымен, тілсіз жау екенін барлығымыз білеміз. Судағы қайғылы жағдайлардың негізгі себебі болып азаматтардың судағы қауіпсіздік ережелерін дөрекі бұзуынан немесе оны білмеуінен болып табылады. Бірінші кезекте тек жабдықталған жағажайлар мен басқа да шомылуға арналған орындарда, ресми құтқару рұқсаты және құтқару қызметі бар жерлерде шомылыңыздар. Жүзе білмесеңіз беліңізден жоғары келетін суға түспеңіздер. Шомылу кезінде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыздар. Түнгі уақытта және мас күйінде суға шомылуға, балалардың ересек адамдарсыз суға түсуіне тыйым салынады.
Әрбір адам суға шомылғалы жатқан су айдындардың қауіпті жерлері мен ерекшеліктерін білуі тиіс, себебі жабдықталмаған орындарда батып кеткен діңгектер, темір кесектері, шыны және тағы басқа заттар болуы мүмкін. Суға шомылар алдында су айдындарын тексеру қажет. Суға шомылуға арналған орын құмды жағалауда және суға түсуге ыңғайлы болуы тиіс. Сондай-ақ суда өсіп тұрған ағаштардың, суға батқан бөрененің, түбінде шұңқыр мен ойықтың жоқтығын тексеріңіз. Ұзақ уақыт бойы суға шомылу да адамдардың денсаулығына қауіпті, суға шомылу ұзақтығы негізінен ауа температурасына, суға және желдің күшіне байланысты екенін атап өткен жөн.
Сонымен қатар тамақ ішкен соң 1,5 сағаттан кейін ғана суға шомылған жөн. Адамдардың суда қайғылы оқиғаларға ұшырауының басты себебі – жүзе білмеуі. Жүзе білмеген адам кенеттен түбі терең жерге барып қалуы мүмкін. Қатты ағын немесе толқынның соғуы салдарынан адамдар тез арада өзін-өзі ұстай алмайды, судан булығады және суға батады. Адамдардың суда қаза болуына әсер ететін тағы бір жайт – су асты ағыны. Ол тіпті тәжірибелі жүзушілердің өзіне ерік бермей тартады.
Сондай-ақ түбі анық көрінетін өзендер мен көлдер, су астындағы жартас шоқысы, тіреуіші, суға батқан зәкір, бөрене және тағы басқа дүниелер болса, сүңгуге қауіпті болып табылады. Көбінесе адамдар кенеттен сіңірдің тартылуы салдарынан суға батып кетіп жатады. Сіңір тартылудың себептері – суда дененің тоңуы, бір қалыпты жүзу кезінде бұлшықеттің ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуінен оның жиырылуы, су температурасының ауысуы.
Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережесі мен қауіпсіздігін қатаң сақтау. Адамның өмірінен артық құндылық жоқ. Сондықтан да, суға түскен кезде қарапайым ережелерді сақтау керек. Сонда ғана тілсіз жаудың алқымынан аман қалуға болады. Қазақтың «Сақтансаң, сақтаймын!» деген аталы сөзінің төркіні де осы.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі