Газдалған сусынға салынатын салық артық салмақтан арылта ма?
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Бүгінгінің адамдары тамақ жоқтықтан емес, зиянды азық-түліктердің көптігінен зардап шегіп отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Қазір артық салмақ мәселесі алаңдатпайтын ел аз. Семіздік мәселесіне келгенде қоғамдық денсаулық сақтау саласының белсенділері мен ғалымдар да қарап жүрген жоқ. Олар бұл дерттен құтылудың жолы газдалған сусындарға салық салу деп біледі.
Бірақ артық салмақ мәселесі салық салумен шешілмейтіні, шындап келгенде, адам денсаулығына зиянды тағамдар тізімі тәтті сусындармен ғана шектелмейтіні белгілі. Сондықтан заманауи дерттердің алдын алу – әбден екшелген, жан-жақты ойластырылған кешенді шараларды қажетсінеді. Мысалы, мына деректерге жіті назар аударып көрелік. Әлемнің 50-ден аса елінің салықтарын талдайтын 100-ге жуық зерттеулерге қоса, АҚШ-тағы газдалған сусындарға салынатын салықтардың қаншалықты тиімді екені жөнінде бөлек зерттеулер жүргізілген. Бұл салықтардың тамақтан өтіп кеткен қант пен калория мөлшерін азайтатынын дәлелдейтін сенімді дерек жоқ. Салық дегеніңіз, өз бетінше тұтынушыларды дұрыс тағам түрлерін таңдауға итермелей алмайды, тіпті ықпалы жоқ десек те болады.
Ал ДДҰ мәліметі бойынша, адам денсаулығына қауіпті факторға артық салмақ пен семіздік жатады. Оның ішінде екі типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, астма мен қатерлі ісіктің кейбір түрлері мезгілсіз ажалға соқтырады. Мәселен, кеңінен жария болған «Lancet» журналының өз комиссиясы бар. Осының есебіне көз жүгіртсек, 2019 жылы артық салмақпен күресу үшін денсаулық саласында жұмсалған қаржы мен экономикалық өнімділікті жоғалтудан әлем 2 трлн доллардай шығын шеккен. Бұл – бүкіләлемдік ішкі жалпы өнімнің 3%-ына жуық дерлік орасан қаражат.
Демек, мәселе бұл жерде сусындарға емес, оған қосылатын қанттың мөлшеріне барып тіреледі. Көлемі 330 мл газдалған сусынның бір банкасына 10 шай қасықтай қант қосылатындықтан, бір банка сусынның өзі күнделікті жеуге қант мөлшерінің нормаларынан асып кетеді. Сондықтан газдалған сусындарды ішуді азайту семіздікпен күресуде неге танымал болғаны түсінікті.
Ендеше, газдалған сусындарға салық көбейсе, оның бағасы да қымбаттап, тұтынушыларды қашырады деп ойлауыңыз ғажап емес. Расында, осы идея бүкіл әлемде тәтті сусындарға салынған салықтар толқынын оятты. Мысалы, Калифорния шығанағындағы қалаларда әр унция үшін 1 цент мөлшерінде (егер АҚШ-тың батысында газдалған сусынның әр унциясы 5 цент тұратынын ескерсек, бұл айтарлықтай қымбат) салық салынды.
Дегенмен осының бәріне қарамастан, бүгінде ең тиімді деп саналатын салықтар бар. Айталық, 100 мл қант мөлшеріне байланысты Ұлыбританиядағы сусындарға салынатын сатылы салық орташа есеппен күніне адам басына шаққанда қосылған қант мөлшерін тек 18 калорияға азайтады (шай қасықтан шамалы көп). Шындап келгенде, бұл айырмашылықты екі мармелад, бір шай қасықтай балмұздақ немесе екі картоп қытырлағы, болмаса картоп фриімен-ақ жоққа шығара салуға болады.
Ал енді бұл салықтар неліктен тиімсіз деген мәселеге тоқталып өткеніміз жөн. Осы ретте салықтар тұтынушылардың қалтасына салмақ салады деп ойлаймыз. Бірақ бұл – сирек болатын жағдай. Егер компаниялар салық төлеу сатылымның төмендеуі мен үлкен қаржылық шығындар алып келеді деп есептесе, онда бұл шығынды өз маржаларының есебінен өндіріп алады. Бағаның өсуіне қарағанда, сатылым көлемі азаяды да, пайдасы өседі. Осылайша, Калифорния шығанағындағы жүргізілген зерттеулер бағаның 10%-ға көтерілуі салық салынған сусындардың сатылуын орта есеппен 5-7%-ға қысқартатынын көрсеткен. Сондықтан қосылатын қант немесе тұтынылатын жалпы калория мөлшерін айтарлықтай азайтуға бағытталған саясат тек газдалған сусындар сияқты шағын өнім түрлерін ғана көздесе, тиімді бола алмайды. Себебі адамға артық салмақ қосатын жалғыз ішіп-жем – тәтті сусындар емес.
Осы арада АҚШ-тың тек бірнеше қаласында ғана газдалған сусындарға салық енгізілгендіктен, қарапайым тұтынушылар оны салық салынбайтын айналасындағы жерлерден сатып алатыны анықталғанын мысалға келтіре кетуге болады. 2020 жылғы зерттеулер Филадельфиядағы әр унция үшін салынған 1,5 цент сатылымды 46%-ға дейін төмендеткенімен, есесіне оның орны трансшекаралық өнімдермен толтырылған. Кейінгі деректерге сүйенсек, Филадельфия дүкендерінде сатылым көрсеткіші әлдеқайда төмендегені (18%-дан бастап 25%-ға дейін), трансшекаралық сатылымдар кесірінен одан да азайғаны байқалады. Бірақ бұл трансшекаралық сауда-саттық есебінен әлі де төмендей түсуі мүмкін, яғни қант тұтынуын азайтуға тигізіп жатқан септігі шамалы. Жұрт оның орнына «саламатты» сусындарды сатып алып жатқан жоқ.
Енді біреулер газдалған сусындарға салық салу түрлі этностық және әлеуеттік топтардың денсаулығына қатысты айырмашылық мәселесін шешетін тиімді құрал болуы мүмкін деп біледі. Әдетте, табысы төмен орта тәтті сусындар көбірек пайдаланатындықтан, қалыптан тыс семіздік пен соған қатысты денсаулық проблемаларынан зардап шегеді. Ал теориялық тұрғыда осы әлеуметтік орта үшін газдалған сусындарға салынған салық елді әлдеқайда пайдалы сусындарды ішуге итермелеуге тиіс еді. Бірақ бәрі де керісінше болып отыр. Зерттеу деректері ауқатты аудандардағы адамдарға қарағанда, салықтың үлкен бөлігі тұрмысы төмен аудандардағы тұтынушылардың иығына түсетінін, ең қызығы олар бағаның өсуіне аса мән бермегенін көрсетеді. Бұл дегеніміз – табысы төмен жандарға салықтың салмағы түскенімен, уәде етілгендей оның денсаулыққа тигізетін пайдасын көрмейді деген сөз.
Тағы бір қызығы, қоғам белсенділері кейде газдалған сусындарға салынған салықтан түсетін кірісті табысы төмен ортаға қайта бағыттауға болатын бағдарламаларға қарсы шығып жатады. Әрине, мұндай бағдарламаларды табыс салығынан жиналған қаржыларды қайта тағайындау арқылы, тікелей және барынша әділ қаржыландыруға болады.
Көздеген мақсатқа кешенді амалдар ғана жеткізеді.
Біріншіден, құрамында қанты бар сусындарға салықты тек жергілікті деңгейде емес, бүкіл ел бойынша енгізгенде трансшекаралық сатылымдарды барынша шектейді. Екіншіден, сусынның көлеміне емес, құрамындағы қантқа салық салу (тәттісі аз өнімдер үшін төменірек салық өлшемін қарастыру) өндірушілерді сусындарға қосылатын қант мөлшерін азайтуға құлшындыра түспек. Мәселен, Ұлыбританияда өлшеуден өткен, сатып алынатын өнімдерге қосылған қант мөлшерінің 80%-ға азаюы сауда-саттықтың төмендеуінен емес, рецептураның өзгеруімен байланысты болып отыр. Үшіншіден, қанттың немесе тұтынылатын жалпы калория мөлшерін айтарлықтай азайтуға бағытталған саясат тек сусындар сияқты шағын ғана өнімдердің тобын көздегенде тиімді бола алмайды. Себебі бүгінде қант қосылмайтын азық-түлік жоқтың қасы. Сондықтан барлық азық-түлік өнімдері мен сусын түрлеріне қосылатын қантқа салынатын салықтың ауқымы әлдеқайда кеңейтіліп, ол пайдалы баламалармен (мысалы, балғын жемістер мен көкөністер) арзандатылып, әсіресе субсидиямен біріктірілгенде тиімді бола түсетіні даусыз.
Сол сияқты тұтынушылардың көзін ашатын білім беру науқандары, түспен таңбалау саясаты мен өнім туралы ақпаратты ашуды талап ету жұрттың денсаулықты сақтауға келгенде дұрыс таңдау жасау қабілетін көтере алады. Қазіргі таңда тек Чили, Перу, Уругвай сияқты санаулы елдер ғана өнімдердің қаптамасының беткі жағына бадырайтып «қант мөлшері жоғары» деген ескерту, тежеу жапсырмасын қойып, тұтынушыларды шамадан тыс қантты тұтыну қаупі туралы ақпараттандырып отыр.
Қалай десек те, осы мәселедегі қандай да бір саясат өз бетінше немесе басқа амалдармен біріктірілген жағдайда ішіп-жемге қосылатын қант мөлшерін азайта түсетінін анықтайтын қосымша зерттеулер қажет екені анық. Алайда қазірдің өзінде зерттеушілердің, саясаткерлердің мақұлдауына, бұқаралық ақпарат құралдарын жіті назар аударып отырғанына қарамастан, құрамында қанты бар сусындарға салық салу семіздіктің алдын алу, артық салмақтың бетін қайтару сияқты тұтынушылық мінез-құлықтың өзгеруге септесетіні түсінікті болып отыр.
Қысқасы, тәтті сусындарға салынған салықтар семіздік эпидемиясын тоқтата алмайды. Бірақ бұл амалдар безбенделген басқа шаралармен біріктірілген жағдайда ғана көмектесе алатыны айқын.
АЛМАТЫ
egemen.kz