» » ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ «ҚҰНЫ» ҚАНДАЙ?

ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ «ҚҰНЫ» ҚАНДАЙ?

Адам бар жерде құндылық та бірге жүретіні белгілі. Дегенмен оған көзқарас та әртүрлі. Әркімнің өзінің ойына сай құндылығы бар. Құндылықты қарапайым тілмен түсіндірсек, адамзат үшін маңызды, қажетті, пайдалы әрі қымбат нәрсе. Шынында да, қазір нені қадірлеп, құндылық деп қымбат дүниеге балап жүрміз? Сіз үшін басты құндылық не?
Бұл туралы көзқарас адамның ғана емес, тұтас мемлекеттің болашағынан хабар береді. Таяуда Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) ұйымдастырған сараптамалық алаңға жиналған еліміздің жетекші талдау орталықтары қазақстандықтардың қазіргі құндылық бағдарлары туралы өз зерттеулерінің нәтижесін ұсынды. Институт мамандардың зерттеуінде мұның алты негізгі трендін ұсынады. Оған сүйенсек, сауалнамаға қатысқан респонденттердің 98 пайызы отбасы құндылығын жоғары қоятынын айтса, екінші кезекте – достық, яғни, 91 пайызы достықты ту ететінін айтқан. Рес-понденттердің 89 пайызы бос уақытты пайдалануды құндылық деп санайды. «Бұл – заманауи трендтің бірі» деп түсіндіреді институт қызметкерлері. Өз жұмысын құндылық ретінде көретіндер – рейтингте төртінші (88 пайызы) орында. Ал мұның 76 пайыздан астамы дінді, 61 пайыздан астамы саясатты құндылық деп көреді екен.
Рас, қазір әлемде құндылықтар үшін талас жүріп жатқандай. Бірі материалдық, бірі рухани, бірі ұлттық, бірі жалпыадамзаттық түріне ұмтылуда. Материалдық құндылыққа соншалық құмарту көп жағдайда бақытқа жеткізбейді. Өйткені байлық белгілі құндылыққа жеткізетін тек тәсіл ғана.
Иә, біреу үшін атақ, абырой маңызды. Ал енді біріне байлық бақыт сыйлайтындай көрінеді. Кейбірі адалдықты биік қояды. Алла алдында да, адам алдында да, қала берді өзіне де адал болатындар бар мына қоғамда. Қарап қызығасыз.
Қазақта «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қасиетті сөз бар. Құндылық дәстүрлі сипат алғанда ғана – маңызды. Жалпы құндылықты адамзаттық һәм ұлттық деп қарайтындар бар. Заманға сай өзгеріп, құбылып, мүлдем жоғалып кететіндер де аз емес. Демек, ол құндылық емес. Данышпан қазақ «Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар» дегенді баяғыда айтқан. Біз сол озығынан да айырылып бара жатқанымыз жоқ па деген ой келеді. Әрине, қалыпты дүние жоқ. Абай айтқандай, «бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек». Алайда белгілі бір ұлт, халық үшін өзгермейтін құндылықтар болуы қажет. Соны қазір бренд деп жүрміз. Алайда мынау жаһанданудың араны жұтып барады. Түбін ойласаңыз, аза бойыңыз қаза болады. Қош. Кейде айналаңдағы адамдардың әдемі, сәнді киінгенін көріп қызығасыз. Бірақ бір-екі ауыз сөзге тартып, әңгіме қылсаңыз іші бос кеуде. Жан дүниесі жұтаң болғанынан соң да оны сырт келбетімен қаптап қойғысы келеді. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десе де ішкі күйі мен сырты үндесіп тұрса дейсіз.
Бәрінен бұрын құндылық дегенде білімнен аттап өте алмаймыз. Рухани байлықтың негізі – білімде. Сондықтан оның құны өлшеусіз. Әрқайсысымыз үнемі білім алуға, үздіксіз дамуға ниеттенсек, алынбайтын қамал жоқ. Себебі адамның білімін ешкім тартып ала алмайды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
01 сәуір 2024 ж. 312 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10347)

15 қазан 2024 ж.

№81 (10346)

12 қазан 2024 ж.

№80 (10345)

08 қазан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031