Шашыңды жайма, шашбаулым!
Шашты жайып жүруге болмайтынын бәріміз жақсы білеміз, сонда да жаямыз. Неге? Бір ғана себебі бар, ол – сән. Жайылған шаш ажарын ашып, өзін әдемі етіп көрсетеді. Бұл – бүгінгі қаракөздеріміздің түсінігі. Бірақ шашын жайып жүрген қыздарды көрген апаларымыз суық қарайды. Жарайды. Олар көненің көзі. Ескінің адамы. Бірақ жаныңызда жүрген жігіттер де сіздің шашыңызды жайып жүргеніңізді қош көрмейді. Өйткені шашын жайған қыздың тәрбиесінде ақсақтық бар екенін ұғынады. Ешқашан, ешкімнің әкесі қызының шаш жайып жүруіне рұқсатын бермейді. Бірақ қарсылыққа қарамай, тәртіпке бағынбайтындардан бойын аулақ ұстайтын жігіттер тап сіздің жаныңызда жүр. Осындай жағымсыз көрініске сіз де, біз де күнде куә болып жүрміз. Тіпті таңырқамайтын да болдық.
Бірде газетіміздің тұрақты оқырманы Дәмеш апай қалтафоныма хабарлама қалдырыпты. Онда осы тақырып төңірегінде ой қозғаған. Бұл хабарлама менің қалам тербеуіме себепші болды. Жазбаға үңілсек,
– Бұрынғы қыздарымыз тұнып тұрған тазалықтың үлгісі еді, шіркін-ай. Біле білсеңіздер, шаш жамандықты да, жақсылықты да шақыра алады. Өзімнен кішілерге, немере қыздарыма шашты жаймау керек деп айтуымның кемі жоқ. Ешбірі құлаққа ілмейді. Мүмкін газет бетіне шықса, ең болмаса бір оқырманға ой салармыз. Шашта тылсым күш бар. Сіздің бойыңыз шаштан қуат алады, нәрленеді. Тәніңіз бен жаныңызға сұлулық сыйлайды. Рухани күшке кенелтеді. Шашқа ең құнды, ең бағалы зат ретінде қарау керек. Шашта сіздің бар құпияңыз жасырылады. Оны жаныңызға жақын жандармен ғана бөлісу керек. Шашы ұзынның пайым-парасаты, сана-сезімі артады. Ұзын шаш – нәзіктіктің, сұлулықтың нышаны. Шаш – сіздің саулығыңыздан дерек береді. Сыртқы қолайсыздықтардан сақтанған шаш әдемі, қайратты, жылтыр болып өседі. Мен бәріне бірдей орамал байла деуден аулақпын. Бірақ ұзын шашты сәнді етіп өруге, жинақы етіп түюге болады ғой. Көңілдеріңізге келмесін, шашты күйеуі өлген әйел жаяды. Шашын жайып жоқтау айтады. Шаш жаюдың мәні – арымнан, абыройымнан айырылдым дегенді білдіреді. Қосағымды ажалдан арашалап ала алмадым деп қайғырады. Соңғы уақытта түрлі апат, зілзала, өлім-жітімнің көбеюін осы шашты жайып жүргеннен көремін. Шашын жайған қыздан ешкім жинақылықты, тәрбиені байқамайды. Оларға жеңілтек, салақ деген атақ беріледі. Сондықтан да шашты жаймай-ақ сұлу болуға, әсем көрінуге болатынын біле жүріңдерші, – дейді аналық ақ пейілмен.
Иә, қазір шашты қысқарту сәннен қалған ба, қайбір жылдардағыдай емес, шашы шолтаңдағандарды көзіміз сирек шалатын болды. Оған да шүкір. Алайда, сол бір аяулы қолаң шашты жайып жіберіп жүру белең алған. Жайылған шаш күш-қуатты бекер ысырап ету екені санасына кіріп-шықпайды. Мүмкін білмейтін де болар. Бұрын әйелдер үшін бұрымды шешудің өзі ерекше маңызды болыпты. Өрілген шашты шешу өте күрделі жұмыс болған. Оған асықпай, мұқият қараған. Шашын шешкен қыз жинақталған энергияны босатып жатыр деп есептелген.
Ежелден адамдар әйелдің қаруы шаш екенін жақсы білген. Шаш тәндегі күш-қуатты сақтаушы құрал болған. Ұзын бұрым – көрік пен күш. Ертедегі әйелдер шашты ұзын етіп өсірген. Бұрым қылып өріп қоятын болған. Әйел үшін бұрым аккумулятор сияқты рөл атқарған. Шаш ұзын болған сайын, оның иесі ақылды, көреген, күш-қуаты көп болған. Оның адамгершілігі мол, мейірім мен нәзіктігі басым болып тұрған. Қыздың арқасына түсетін ұзын бұрым ерекше күш-қуат беріп, тәні мен рухын мықты қылған. Тұрмысқа шыққан әйелдің шашы екіге жарылып, қос бұрым болып өрілген. Мұнысы, сірә, «жұбым бар» дегендегісі болса керек. Неткен бекзат қағида дерсіз? Әрине, тұрмысқа шықпаған қыздар да қос бұрыммен жүре алады, бірақ олар тұрмыстағы әйелдер сияқты екі бұрымның ұштарын бір-біріне жалғамай, еркін қоятын еді. Ал жас әйелдердің шашын маңдайдан айырып, екі бұрым етіп өрген соң, оның арасын бір сүйемдей етіп ұшынан бір-біріне жалғап қоятыны – «Жұбымыз жазылмасын» деген ақ тілектің белгісі болған. Әрбір іс-қимылдың даналықты дәріптеп тұратынын айтсаңызшы?!
Бір сәтке шашы жайылған қыз бен шашы жиналған қызды көз алдыңызға елестетіңізші? Қайсысы сұлулықтың символы болып көрінеді. Өзіңіз баға беріңіз... Біз тек шолпысы сыңғырлаған, шашпауы жарасқан бұрымдыларымыздың көп болғанын қалаймыз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ