» » Бейбіт күннің батырлары немесе тасадағы ерліктер

Бейбіт күннің батырлары немесе тасадағы ерліктер


   Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Тілсіз жаумен күн сайын арпалысып, өлім мен өмірдің арасында қызметтік борышын атқаратын өрт сөндірушілердің бір күндік өмірі қалай өтеді? Шұғыл шақырту болмаған кезде немен айналысады? Осы сұрақтарға жауап іздемек мақсатта әр күні қатермен бетбе-бет келетін №10 өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен таныстық.
Күн сайын табиғи апат салдарынан туындайтын немесе қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамау салдарынан туындайтын өрттермен бетпе бет келіп, тілсіз жаудың «тілін табуға» тырысатын маман иелерінің қызметі шын мәнінде оңай емес. Кез келген сәтте тілсіз жау өзіңе тап беріп немесе жалынға оранған заттың үстіңе құлап кетуі, иіс тиіп, ес жоғалтуың әбден мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайларда ең алдымен көмекке ұмтылып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге тырысатын өрт сөндіруші мамандардың еңбегі ерлікпен пара пар. Жалпы бұл маман иесі болу үшін үлкен жүрек қажет екенін аңғардық. Себебі жалынмен арпалысып адам құтқару – осал адамның қолынан келмейді.
Бірде өзім де құтқарушылардың көзсіз ерліктеріне тәнті болған едім. Осыдан бірнеше жыл бұрын кешкі уақытта көршіміздің үйінен қара түтін бұрқ ете қалды. Жедел жиналған көршілер өрт сөндірушілерге хабар берді. Абырой болғанда үйде ешкім жоқ екен. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар сатыны қойып, жалын арасына еніп шатырды аша бастады. Енді бірі үйдегі газ балонын алып шықты. Қимылдары ширақ әрбір құтқарушы үшін бәріміз жанымызды шүберекке түйдік. Себебі өртті бірден ауыздықтау оңай болмады. Тура кинодан ғана көрген көрініс көз алдымызға келді. Сол уақытта олардың ешбірі қорқақтап, тайсалып қалмады. Керісінше асқан шеберлікпен жылдам іске кірісіп, қызыл жалынды құрықтады. Осы уақытта батыл жандар туралы қалам тербеуді ойға алған едім. Сол оқиғадан бастау алған бұл сала мамандарының ерен ерлігі туралы мақала жазудың сәті енді түскендей.
Біз өрт сөндіру бөліміне кіргеннен жұмысқа құлшыныспен кіріскен, көздерінде от ойнаған қызметкерлерді көрдік. Келген себебімізді нақтылаған №10 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау лейтенанты Дулат Алтынбек қызметкерлермен таныстырып, жұмыс барысын түсіндіруді бастап кетті. Әрбір детальды асықпай түсіндіріп, қолданылатын ретін де тәптіштеп айтып өтті. Өрт сөндіруші жұмысымен етене таныс болу үшін киімін де киіп көрейік деп шештік. Алайда қызыл жалынға кірердің алдында бес қаруын сайлайтын өрт сөндірушілердің киімі біз ойлағаннан әлдақайда ауыр екен. Жабдығымен бірге – 18 келі. Олар әдетте форманы киюге 19-20 секунд қана жұмсайды екен. Ереже бойынша шақырту түскеннен кейін 1 минуттың ішінде бөлімнен шығып кетуі тиіс. Ал мұндай жылдамдыққа физикалық дайындық пен шеберлік керек екені анық. Өрт сөндірушілер жаттығу, дайындық залдарында шыңдалатынын айтты. Нәзікжанды болған соң, ауыр форманы кимедік, бірақ күнделікті  қызметтік костюмді киіп, қызметкерлермен қатар сапқа тұрып көрдік. Бұл жерде тәртіптің тиянақтылығы бірден байқалады.
– Алаулап тұрған жалынға әркім өз білгенінше су шашу – бұл өртті ауыздықтай алады деген сөз емес. Өрт сөндіруді ұйымдастырудың да өзіндік жүйесі бар. Қандай жағдайда көбік, қай жеріне су шашу керектігін, жанып жатқан нысанға су шашуды әуелі қай жерінен бастау қажеттігін аға өрт сөндірушілер жедел түрде кеңесіп әрекет жасайды. Қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар назарымыз от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Ал, алауды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы. Сондықтан, біздің күшіміз – бірлікте, бір-бірімізге деген нық сенімде. Ең басты қағидат – осы. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жүректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай қабілеті болғаны жөн, – деді Дулат Төлегенұлы.
Мұнан соң біз өрт сөндірушілерге арналған көліктермен таныстық. Бөлімде қажетті құралмен жабдықталған 3 автокөлік бар. Барлығы да тап-таза, жедел шақыртуға сақадай сай тұр. Ал қызметкерлер арасында әскери тәртіп. Командирдің әр сөзі – заң. Бұлжымай орындалады. Төтенше оқиға болмаса да өрт сөндірушілердің әр минуты, әр секунды санаулы. Жұмыс кестелері тығыз. Жауынгерлер әрқашан қандай жағдайға да дайын болуы керек. Олардың күнделікті өмірі спорт десек болады. Тәулік бойы жаттығады. Ғимараттың ішінде де, сыртында да жедел-құтқару шараларына үздіксіз дайындалады. Онымен қоса, арнайы әзірліктен өткен жетекші офицерлердің дәрістерін тыңдап, теорияны практикамен ұштастырады. Өрт қауіпсіздігі ережелері мен тәлімдерін қайта-қайта пысықтап, техникалық құрал-саймандарының толыққандығын ыждаһатты тексеріп отырады. Қысқасы, шұғыл шақыруға тап-тұйнақтай дайын жүреді.
Көлікті көріп болған соң, диспетчерлік бөлімге қарай бет алдық. Мұндағы жұмыстың маңызы зор. Себебі мамандар хабарлама түскен сәтте дереу дабыл беріп, мекен-жай бойынша өрт ошағына жібереді. Бұл бөлімдегі мамандар «Бізге бұл жерден алыстауға болмайды. Кез келген уақытта қоңырау түсуі мүмкін. Жұмысымыз өте жауапты. Бір минут орныңда болмауың бір адамның өмірін қиюы мүмкін» дейді. Иә, өрт тұтанса, бірден 101 нөмірін тереміз. Ал ол қоңырау диспетчерлік орталықтан мамандандырылған өртке қарсы қызмет бөліміне келіп түседі. Біз барған күні бөлім тыныш болды. Бірақ, өртке қарсы қызметі жауынгерлердің дайындығын сынау үшін жалған дабыл аракідік қағылып тұрады екен. Бұл жолы да солай болды. Қатер дабылдың құлақ тұндырар «құлын дауысы» шырқырай салысымен өрт сөндірушілер бірден іске кірісті. Бір сәтке де қарап қалған жоқ. Олардың әр секунды есептеулі екендігін байқадық. Қимыл-қозғалыстары мұнша жылдам болар ма?! Сәл уақыт бұрын бізбен әңгімелескенде әр сөзін баптап, ойланып айтып тұрған қызметкерлерді танымай қалдық. Шалт қимылдары сөздің емес, істің адамы екендігін дәлелдеп берді.
Статистикаға сүйенсек, өрт сөндіруші мамандығы әлемдегі ең қауіпті жұмыстардың қатарына кіреді. Өрт сөндіруші бұл – қаншалықты шаршаса да, көңіл-күйі болмаса да әрқашан батыл әрекетке дайын тұратын адам. Ол өрттің өшірілуі қанша уақыт алатынын еш уақытта болжап біле алмайды және келесі өртенген ғимаратта оны не күтіп тұрғанынан да бейхабар.
– Шыны керек аяқ асты өрт тұтана қалған жағдайда кез келген адам сол жерді тастай қашуға, үрейге берілуге даяр тұрады. Ал төтенше жағдайлардағы өрт сөндіру мамандары сондай сәтте керсінше жалынның ортасына жүгіре жөнеледі. Бұл оның қызметі ғана емес, міндеті. Сондықтан кейбір жағдайларда азаматтық көмегін ұсынып, көшеде кетіп бара жатқан төтенше жағдайдың куәгері өрттен зардап шегушіні құтқаруға тырысса дереу марапаттап жататыны да содан. Өйткені, өрт оңай жау емес. Нағыз ер азаматтарға, жүректілерге ғана тән мамандық үлкен батылдықты талап етеді. Өртті тез сөндіру үшін, ержүрек адам болу аз, ол үнемі физикалық тұрғыдан дайын болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіру техникасын және отпен күресу амалдарын білетін білікті маман болуы қажет. Өрт сөндірушілер әр минут сайын өз өмірлерін тәуекелге байлап, өзіне қауіп төндіреді. Кез келген уақытта қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан отқа да, суға да түседі. Біздің бөлімде көзге көрінбес ерлігі көп 35 қызметкер жұмыс істейді. Олар өзінен бұрын өзгенің өмірін құтқаруға ұмтылады, – дейді Дулат Алтынбек.
Қарап отырсақ бұл сала мамандарының лауазымы өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Өртті сөндіріп қана қоймай, басқа адамдардың арашасы болып ұмтылатындары үшін құтқарушы қызметін де мамандығына атау ретінде тіркеді. Өрт сөндіруші болғысы келетіндерге жоғары талап та қояды. Бұл қызметке жасы 18-32 жас аралығындағы тепсе темір үзетін, денсаулығында ешқандай кінәраты жоқ жастар алынады. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Әсіресе бүгінгі күні өрт сөндіруші мамандығынсыз қоғамымызды елестете алмаймыз. Себебі аяқ асты тұтана қалатын қауіп алдын ала ескертпейтіндіктен өрттен келетін қауіп жоғары.
Кейбір жағдайда өрт сөндірушілерге айтылар сын да болады. «Мал ашуы – жан ашуы» деп қауіпсіздік ережесін сақтамаған тұрғындар, дүние мүлкі отқа оранған соң бәріне өрт сөндірушілерді айыптап жатады. Қолдарынан келгенінше бар мүмкіндіктерін жасайтын өрт сөндірушілердің қандай қауіппен бетпе-бет келгенін тұрғындар сезінбейтін де секілді. Мәселен, Арыс қаласында орын алған алапат өрттен соң өрт сөндіру қызметкерлерінің мектептің спорт залында сұлай сұлай кетіп, әлдері жеткен жерінде демалып жатқан суреті талай адамды тебіренткен еді. Бірнеше сағат тілсіз жаумен арпалысу оңай емес. Әйтсе де еліміздің Төтенше жағдайлар қызметі халықтың талабына сай болып, төтенше жағдайдың алдын алуға барынша дайын болуға тырысуда.
Өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысқан соң, әрі қарай төтеншеліктердің ғимаратына беттедік. Мұндағы мамандар да өз жұмыстарына тиянақты. Темірдей тәртіптің бар екені сезіледі.
– Біздің бөлімде 5 қызметкер еңбек етеді. Басты мақсат – азаматтық қорғау саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру,  Төтенше жағдайлар министрлігінің Алқа шешімдері мен жедел кеңес тапсырмаларын, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің жұмыс жоспарын және аппараттық жиналыс хаттамаларында көрсетілген тапсырмаларды нақты орындау. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларды жүргізу мен азаматтық қорғау қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын және мәдениетін арттыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды болдырмау да біздің міндетке кіреді. Өткен жылы төтенше жағдайдың алдың алу және жою жөнінде 7 рет комиссия отырысы өткізіліп, 15 өзекті мәселе қаралып, жауапты тұлғаларға тапсырма берілді. Сонымен қатар жыл көлемінде төтенше жағдайдың алу туралы оқу-жаттығу жиындарын, мекеме мен жеке тұрғын үйлерде түсіндірме жұмыстарын, ақпараттық құралдарда насихаттау жұмыстарын жүргіземіз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда 29 өрт оқиғасы тіркелген. Айтқызбай келетін апат болғанмен, әрбір тұрғын қауіпсіздікті өзі қаперде ұстағаны жөн, – дейді аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Өмірбек Сақтабаев.
Әрбір бөлімнің жұмысымен етене танысқан біздер оларға артылған жүктің ауыр, жауапкершіліктің жоғары екенін айқын сезіндік. Сол себепті де оларға деген құрметіміз еселене түсті. Әрбір өрт сөндіруші – біздің жақынымыз. Бірімізге – бауыр, енді бірімізге – аға, тіпті біреуге – әке. Әрбір отбасының ардақтылары бастарын қатерге тіксе де, жұмысына жауаптылық танытып, қызметін адал атқарып жүр. Сондықтан да олар бүгінгі күннің батыры деген атқа әбден лайық. Олар қызметіміз деп қараған іс-әрекеттері адамға екінші өмір сыйлап жатады. Ерлігінің қызмет аясында қалып кетіп, еленбей жататыны сондықтан. Жалпы өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар екен. Бұл – «өрт болмасын» деген сөз. Лайым солай болсын!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
14 ақпан 2024 ж. 232 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 287

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 382

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930