» » Қордағы қаражатты қалай қолданудамыз?

Қордағы қаражатты қалай қолданудамыз?

Ресми түрде жұмыс істейтін адамның басым бөлігінің ай сайынғы зейнетақы қорына ақша түсіп отырады. Бұл – оның келешектегі зейнет жасына шыққанда алуы тиіс қаражаты. Дегенмен 2021 жылдан бастап ел азаматтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салым мөлшері жеткілікті шектен асқан жағдайда оның бір бөлігін қолдана бастады.

Мұндағы «жеткілікті шек» деп отырғанымыз – салымшының қордағы есепшотында қалуы тиіс жинақ ақшасының төменгі мөлшері. Бұл болашақта салымшыны жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін зейнетақымен қамсыздандыру үшін қажет. Сол себепті салымшының есепшотында белгілі бір мөлшерде ақшаның болуы шарт. Одан асқан бөлігін алуына рұқсат етіледі. Ол салымшының жасына қарай белгіленеді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегі бойынша қазақстандықтар 3,8 триллион теңге көлеміндегі жинақтарын өз мақсатына пайдаланған екен. Бұл қаражатты тұрғын үйге, емделуге немесе басқарушы компанияларға аударуына болады. Шекті мөлшерден асқан сомасын алуға барлығы 1,9 млн өтініш түскен. Соның басым бөлігі азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатына жұмсалғанын айтады ресми дереккөздері.
Зейнетақы қорындағы шекті соманы алуды қазақстандықтар осыдан үш жыл бұрын бастады. Сол уақыттан бері биыл жыл басына дейін салымшылардан түскен 1 453904 өтініш тұрғын үй жағдайын жақсартуды көздейді. Осы мақсатта БЖЗҚ 3,3 трлн теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы шамамен 2,3 млн теңгені құрайды. Талдау жұмыстары көрсеткендей, барлық өтініштің шамамен 34,4%-ы азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу мақсатында түскен. Өтініштердің 21,5%-ы тұрғын үй құрылыс жинағын толықтыруға, 16%-ы ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара өтеуге және 15,5%-ы тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарызды ішінара өтеу мақсаттарына жұмсалған. Қазіргі кезде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға берілген өтініштерді қабылдайтын уәкілетті оператор-банктердің қатарында «Отбасы банк» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ бар. Бұл ретте салымшылардың белгіленбеген мерзім ішінде пайдаланылмаған 500,3 млрд. теңге көлеміндегі аударымдары салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына қайтарылғанын да айта кету керек.
БЖЗҚ-дағы шекті мөлшер биыл өзгерген жоқ, өткен жылғы көрсеткіштермен қалды. Қордағы қаражатты қолдануға рұқсат етілген екінші жағдай – емге пайдалану. Бұл мақсатта азаматтардан 477 866 өтініш түскен. Жалпы сомасы 419,3 млрд теңге болатын жинақты қазақстандықтар емделуге жұмсапты. Алынған соманың орташа мөлшері 880 0000 теңге. Өтініштердің 96,5%-ы стоматологиялық, 2,5%-ы офтальмологиялық қызметтерді алу бойынша қабылданған. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының шамамен 1%-ды ғана құрайды.
Айта кететін тағы бір жайт азаматтар өтініш білдіріп ол мақұлданға соң оны пайдалануға белгіл бір уақыт беріледі. Ал осы мүмкіндікті құр жіберіп, қапы қалғандар да бар екен. Мысалы қордағы қаражатты уақытылы пайдаланбаған 37,5 млрд теңге кері қайтарылған. Инвестициялық портфельді басқарушыларға 27,8 млрд теңге аударылғанын да атап өткен орынды. Бұл – жыл басындағы дерек.
Былтыр 1 шілдеден бастап салымшылар өздерінің міндетті жарна түрлері есебінен қалыптастырған жинақтарының 50%-ға дейін жеткіліктілік шегін есепке алмай-ақ, инвестициялық портфельді басқарушыларына бере алады. Сенімгерлік басқаруға берген жинағын салымшы басқа инвестициялық портфельді басқарушыға ауыстырғысы келсе, БЖЗҚ-ға өтініш жазады. Ауыстыру мүмкіндігі жылына бір рет беріледі. Зейнетақы жинақтары «Ұлттық банктің» басқаруында болған кезеңде салымшы зейнет жасына жеткенге дейін инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік беріледі. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруына аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады. Ол зейнетақы активтерін басқару нарығындағы барлық инвестициялық портфельді басқарушыларға берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшенген кірістілігін негізге ала отырып есептеледі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
09 ақпан 2024 ж. 248 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10347)

15 қазан 2024 ж.

№81 (10346)

12 қазан 2024 ж.

№80 (10345)

08 қазан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031