» » Табиғатты сүю – иманнан

Табиғатты сүю – иманнан

qarmaqshy-tany.kz Мұсылмандардың табиғат пен адам туралы түсініктері ерекше, өйткені адам да, табиғат та Құдайдың жаратылыстары. Асыл дінімізде адам баласы табиғатты сақтауда жаратқанның алдында жауапты. Осы тұста ғалымдар «Алланы сүю – оның жаратқандарын: табиғатты, адамдарды, жануарларды, өсімдіктерді сүю» деген пікір білдірген.
Адамдардың табиғатпен қарым-қатынасындағы үйлесімділік бұзылса, экологиялық қауіп туындайды. Мұсылман үшін табиғатқа қатысты барлық нәрсенің мәні бар. Ата-бабаларымыздың көп ғасырлық тарихы олардың мекендеген жерлеріне деген қастерлі көзқарасын айғақтайды. Олардың ғылыми білімі болмаса да, өмірлік тәжірибелерінің арқасында табиғаттың бастапқы тазалығы мен үйлесімділігін сақтай алды.
Ардақты пайғамбарымыз сахабаларына қоршаған ортаның маңыздылығын және оған толық құрметпен қарауды үнемі ескертіп отырған. Бірде сахаба Сағд ибн Әби Уаққас дәрет алып жатқан кезінде пайғамбарымыз оның қасынан өтіп бара жатып: «Ей, Сағд, бұл ысырапшылдығыңа жол болсын» дейді. Сағд: «Дәрет алуда да ысырапшылдық болуы мүмкін бе?» деп сұрайды. Сонда екі дүние мырзасы «Иә, тіпті ағып тұрған өзеннің үстінде тұрсаң да, ысырапқа жол берме» деп жауап берген.
Келесі бір хадисінде пайғамбарымыз «Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін» дейді.
Алла елшісі әрдайым сөздерін іс-әрекеттері мен дәлелдей білген. Меккеден көшіп келген кезінде Мәдинаның батпағын кетіру үшін, қала сыртын айналдыра ағаш еккізгені баршаға мәлім. Демек айналамыздағы осынау сұлулықты ағып жатқан өзенді, жасыл алқапты, ну орманды, биік тауларды және оларды мекен еткен жан-жануарды барынша қастерлеп, ғибрат алуымыз керек. Ал біз не істейміз? Қоршаған ортаның сақталуына келген кезде көп ысырапқа берілеміз. Табиғат аясында демалған кезде, өзімізден кейін қоқыс қалдырамыз. Өзіміздің қажеттілігіміз үшін жаңа өсіп келе жатқан жас талды кесіп аламыз. Сосын кінәліні іздейміз. Қолда бардың қадірін білмей, ысырапқа жол береміз.
Мысалы, адам баласының қажеті үшін кесуге болатын ағаш түрлерін өсіруге 100 жыл, кейде одан да көп уақыт қажет екен. Біздің әрекетіміздің салдарынан, бұл жасыл алқаптар қалпына келіп үлгермей жатыр.
Құранда: «Ол – жердегі (яғни жердің асты-үстіндегі) бүкіл нәрсені сендер үшін жаратты. Содан соң (шексіз ілімін, қалауы мен құдіретін) көкке бағыттап, оны жетіқабат аспан етіп мінсіз жүйеге келтірді. Ол – барлық нәрсені толықтай білуші. Кезінде Раббың періштелерге: «Мен жер бетінде (үкім жүргізетін) халифа жаратамын» – дегенде, періштелер (таңырқап): «Сонда жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасайтын және нақақтан-нақақ қан төгетін біреуді жаратасың ба?! Біз бір өзіңе үздіксіз мадақ һәм шүкірлік айтып, мінсіз, кемшілік атаулыдан ада һәм ұлы екеніңді жар салып, бір өзіңді ұлықтаудамыз ғой!» – деді. Сонда Алла оларға «Расында, Мен сендер білмейтін қаншама жайттың қыр-сыры мен хикметін білемін» деді.
Демек, біз өзімізге Раббымыздың тарапынан жүктелген міндеттерді лайықты түрде атқаруымыз керек. Ол үшін өзімізден бастап, өзгелерге үлгі бола білейік дегім келеді.
Ислам МАРАТҰЛЫ,
Байқоңыр қалалық «Жәрімбет» мешітінің бас имамы
13 қаңтар 2024 ж. 295 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 289

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 384

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930