Ұстаздардың шығармашылық алаңы
qarmaqshy-tany.kz Жалпы білім саласы үздіксіз ізденуді, тұрақты дамуды талап ететін орта. Заман көші алға жылжыған сайын, ұстаз да түрлі жаңалықпен жарысып келеді. Аудан ұстаздары да жуырда тәжірибе алмасып, әрі ондағы байқауда оза шауып келді. Толығырақ тоқталсақ.
Облыстық «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалы Жаңақорған шипажайында облыстық білім басқармасының қолдауымен және облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің демеушілігімен шығармашыл мұғалімдердің тәжірибе алаңы өтті. Бұл іс-шара биыл 21-інші рет ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын өтетін бұл жиын осы уақытқа дейін 2000-ға жуық ұстаз шығармашылығын шыңдаған. Олар бүгінде егемен еліміздің өскелең ұрпағын оқыту мен тәрбиелеудің озық әдістемесін қалыптастыруға күш жұмсауда.
Алаң жұмысына «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы филиалының оқытушылары мен қызметкерлері, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары, мектеп педагогтері қатысқан.
Тәжірибе алаңының алғашқы күні педагогтердің білімін жетілдіруге бағытталған шеберлік сыныптарымен басталған. Филиал оқытушылары Жанар Жұбауова «Педагогикалық рефлексиядағы зерттеулер: Lesson Study және Action Research», Оразбай Орманов «Педагогтің кәсіби дамуын басқару» тақырыптарында алаң қатысушыларына шеберлік сыныптарын өткізді.
Ал шығармашылық ұстаздардың білімін шыңдау үшін тәжірибе алаңының 2-3 күндерінде түрлі бағытта кәсіби байқаулар мен шеберлік сыныптар, спорттық ойындар мен мәдени іс-шаралар өткізілген. Бұл алаңға біздің ауданнан 8 қатысушы барған. Талап бойынша оның ішінде 1 әдіскер, 1 мектеп директоры, 1 мектеп директорының орынбасары, 5 мұғалім қамтылған. Сондай-ақ, осы байқауларға сарапшылық етуге ауданнан 3 ұстаз арнайы шақырылған.
– Мен бұл «Тәжірибе алаңына» 2017 жылдан бері облыс атынан сарапшы ретінде барамын. Мұндай сарапшылық қызметке Қызылорда қаласынан, Шиелі және біздің ауданның 3 ұстазы тартылған. Біздің басты міндет – байқауда сынға түскен ұстаздардың білімін, кәсібилігін бағалап, сараптау. Жалпы мұндай ортаның, жаңа білімнің әрбір ұстазға берері көп. Себебі мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі мен педагогикалық тәжірибесі жан-жақты білімімен, ұстаздық шеберлігімен, оқытудың жаңа әдістерін меңгеруімен өлшенеді. Бұл алаңға барған әрбір ұстаз білімін шыңдап, өзіне шығармашыл орта тауып, тәжірибесін жетілдіріп қайтады. Одан бөлек, ұйымдастырылған сайыстарға қатысып, жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндігі бар. Биыл аудан ұстаздары біраз сайыста қатарластарын басып озып, біліктіліктерін көрсетті, – дейді ұйымдастырушы-сарапшы Ерсін Байдрахманов.
Сарапшы айтқандай-ақ аудан мұғалімдерінің жетістіктері мақтануға тұрарлық. Мәселен, No105 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Қ.Көшеков «Үздік демо-сабақ – 2024» байқауынан ІІІ орын иеленсе, «Көңілді тапқырлар алаңы» сайысы бойынша «Қармақшы» құрамасы ІІ орын алған.
Тәжірибе алаңының «трендіне» айналған «Алтын көмбе» ойынында әртүрлі тақырыптағы логикалық сұрақтарға жауап беріп, ойын қортындысында «Қармақшы білім» командасы 37 ұпай жинап, жүлделі І орын иеленген. Ойын шарты негізінде жалғыз команда ғана ең көп ұпай санымен І орынға қол жеткізуі керек. «Оқуға құштар мектеп» тақырыбындағы театрландырылған мәдени іс-шара негізінде аудан командасы ІІ орыннан көрінген. Мәдени шаралармен қатар спорттық сайыстар негізінде үстел теннисінен І орын алса, шахмат ойынында ІІІ орынды қанжығасына байлаған. Тәжірибе алаңы барысында өткізілген байқаулар мен шеберлік сыныптардың қорытындысы бойынша үздіксіз ізденіс жұмыстары мен білім бәсекелерінде белсенділік танытқан No27 мектеп директоры Н.Райымов, No105 мектеп-лицейінің мұғалімі Н.Сайлауов, командалық жарысқа жетекшілік жасаған білім бөлімінің әдіскері С.Мұратов және алаң жұмыстарын ұйымдастыру мен сарапшылық етуде белсенділік танытқан No105 мектеп-лицейі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Е.Байдрахманов, «Кәсіби құзыреттілікті дамыту: мүмкіндіктер, тәжірибе мен стратегиялар» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияда баяндама қорғаушы No273 орта мектеп мұғалімі Н.Хамитовтар Құрмет грамотасымен марапатталып, қалған қатысушылар арнайы алғыс хаттарға ие болған. Бұл жетістіктер аудан ұстаздарының біліктілігін, жан-жақтылығын аңғартады.
– Биылғы жыл мен үшін жаңа біліммен басталды. Қаңтардың алғашқы күндері дәстүрлі шығармашылықпен жұмыс жасайтын облыстық мұғалімдер тәжірибе алаңына қатысып қайттым. Осындай мүмкіндік берген аудандық білім бөліміне, өзім жұмыс жасайтын мектеп әкімшілігіне үлкен алғыс білдіремін. Жұмыс өтілім 3 жыл болғанына қарамастан, маған сенім артып осы алаңға Қармақшының атынан шығармашыл мұғалім ретінде жіберді. Тиісінше артқан сенімді, күтілген нәтижені біз команда болып жақсы нәтиже көрсете алдық. Алаңның ең үлкен мақсаты – мұғалімдердің біліктілігін арттыру, ал онда барған әрбір мұғалімнің жетісігі жаңа орта, дос табу екен. Бұлай айтатын себебім 7 аудан және қаладан жалпы саны 100-ге жуық мұғалімдер жиналдық. Сол ортада тәжірибе алмаса, өзара сайыса отыра біз дос таптық. Бір сөзбен айтқанда, облыстық тәжірибе алаңы – достық мекені. Жас маман ретінде ол жақтан үйренгенім көп, алған әсерім керемет. Біршама сайыста жеңіс тұғырынан көріндік. Бұл онда барған команданың ғана емес – аудан ұстаздарының ортақ жеңісі. Себебі барлық жеңіс дайындықпен келеді. Дайындық барысында бір-бірімізді қолдап, толықтырып барын салған команданың әрбір мүшесіне, одан бөлек, бізбен бірге бармаса да, сабақтар жасауда, идеялармен бөліскен әріптестерімізге айтар алғысымыз шексіз. Жуырда аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Мажитқызы кент мектептеріндегі шығармашыл ұстаздардың басын қосып, бізбен кездесу ұйымдастырды. Еңбегімізді бағалап, алғыс хаттармен марапаттады. Әріптестеріме әрдайым осындай құрметтің биігінен көрініп, тұлға тәрбиелеу жолында ізденісте болайық, – дейді No105 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрперзент Сайлауов.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ