» » Балаларға бұйырған байлық

Балаларға бұйырған байлық

фото ашық дереккөз

Биылғы жылдың басты жаңалығының бірі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының басталуы. Бұл көпті елең еткізген тың жобалардың бірі болды. Бәрінен бұрын баласын алаңдаған ата-ананың көңілі бірленіп қалды емес пе?!

Өткенде «балаларымның тізімде бар-жоғын тексертейін» деп біраз ана Халыққа қызмет көрсету орталығына  жүгірді. Соңғы жылы дүниеге келген балалардың бір бөлігі автоматты түрде базадан шығып тұрса, енді бірі тізімде мүлде жоқ. Білгендері онлайн түрде e-Gov электронды үкімет порталында тіркеп үлгерді. 15 қаңтардан бастап бағдарлама бойынша ақша алатын балалардың тізімі жасалады. Сол үшін осы уақытқа дейін 18-ге толмаған балалардың деректерін eGov-тағы базадан бір тексеріп қою артық болмайды.

Айдың ортасында жоба қаражатына дәмелі 7 миллион баланың нақты тізімі жарияланады. Осылайша ақпан айынан бастап кәмелетке толмаған балалардың шотына қордың инвестиция табысының елу пайызы түсіп отырады.

Ұлттық қор – ұрпақ игілігіне
Мемлекет басшысы әр отбасы елдің ұлттық байлығынан өз үлесін алуы керек екенін айтып: «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа толғанға дейін аударуды ұсынамын. Бұл ретте оны мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді», – деп мәлімдеген болатын.

Жоба бойынша жиналған қаражаттың жұмсалар мақсаты – екеу. Бірі – білім алу бағыты. Бұл ретте отандық ЖОО-мен қатар жиналған ақшаға шетелдік университеттерде де оқуға болады. Ал екінші жол – баспана жолына жарату. Отбасы банктің ресми платформасында көрсетілгендей бұл қаражатты тұрғын үй сатып алуға, ипотекалық несиені мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтеуге, ипотекалық займ алу үшін бастапқы жарна ретінде енгізу, оның ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге, Отбасы банкіндегі депозитті толтыруға пайдалана алады. Мұның барлығы бала 18 жасқа толғаннан кейін ғана мүмкін болады. Заңда қаражатты емге жұмсау мүмкіндігі қарастырылмағанын да қаперде ұстау қажет. Жеке  мүддеге жаратуға мүмкіндік берілмейді.

Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталатын құқық беріледі. Шоттағы қаражат 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар.

Қордың кіріс ақшасы қалай есептеледі?
Жыл сайынғы аударымдарды есептеу үшін Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісі есепке алынады. Инвестициялық табыстың 50 пайызы кәмелетке толмаған балалар арасында теңдей бөлінеді.

Бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталған қаражат Ұлттық қорда сақталады және оны Ұлттық банк түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Одан түскен инвестициялық табыс та балалардың шотына қосымша түсіп тұрады. Әр жылдың 20 қаңтарына дейін бағдарламаға қатысатындардың соңғы тізімі жасалып, 31 қаңтарға дейін есепшотқа ақша аударылады.

Қордан алар қаражат қанша?
Ұлттық қор қоржынынан тиетін үлес бағдарлама басталғандағы баланың жасына байланысты. Бала неғұрлым жас болса, соғұрлым көбірек, ал, ересектеу балаларға азырақ. Мысалы, егер бала жоба басталған кезде 5 жаста болса, оған жыл сайын 13 жыл ішінде, яғни кәмелетке толғанға дейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі есептелетін болады. Қор қаражаты биыл 18-ге толатындарға бірінші тиеді. Алдын ала жасалған есеп бойынша олардың алатыны шамамен 160-170 доллар. Бұл санатқа жататын 250 мыңнан астам қазақстандық жас бар екен. Бағдарламаға толық, яғни, 18 жыл қатысқан балалардың шотына осы уақыт ішінде 3,5-4 мың доллар жиналады деген болжам бар. Алайда, бұл сома Ұлттық қордың табысына қарай өзгеруі мүмкін. Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, қордың 2005-2022 жыл аралығындағы табысы 1,4 млрд. доллар болған. Сәйкесінше, 2024 жылы бағдарлама аясында 18 жасқа дейінгі барлық балаға 695,5 млн доллар теңдей бөлінеді. Жинақталған сомаға салық салынбайтынын айта кету керек. 

Кімге ақша берілмейді?
Биылғы жылдан бастап кәмелетке толған әрбір қазақстандық бала Ұлттық қордан өз үлесін алуға құқылы. Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде қазір 18 жасқа дейінгі 6 млн 700 мың бала бар екен.

Егер 18 жасқа толмаған бала шетелге көшіп, Қазақстан азаматтығынан шықса, онда оған Ұлттық қордан ақша төленбейді. Ал егер бала шетелде тұратын болса, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді. Ал бала азаматтығын өзгертіп, шетелде белгілі бір уақыт тұрып келсе және Қазақстанға оралғаннан кейін республика азаматтығын қайта алса, онда арнайы жинақтаушы шот жаңадан ашылады.

Түйін
Ұлттық қордан берілетін бұл ақша мектеп бітірген әрбір балаға ертеңге деген сенім сыйлайды. Сондай-ақ болашақта әрбір қазақстандық Ұлттық қордағы ақшаның еселеніп көбеюі өздерінің болашағы үшін аса маңызды екенін сезініп, қор ақшасының артуына күш салуға атсалысары анық. Сөз соңында ел табысының шарапатын әр ша­ңы­рақ сезінсе екен дейміз.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
09 қаңтар 2024 ж. 483 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 263

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 362

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930