» » Биылдан бастап не өзгермек?

Биылдан бастап не өзгермек?



  Жаңа 2024 жылға да келіп жеттік. Жалпы барлығымыз «жаңа жыл жақсылығымен келсін» деген тілек білдіреміз. «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деп жақсылығы мол жыл боларына сенім артамыз. Биыл нарықта біраз өзгерістер болады. Жаңа бастамалар мен заңдар күшіне енеді. Соның біршамасын қорытып өтсек.
   1 қаңтардан бастап елімізде ең төменгі жалақы 70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін өседі. Нәтижесінде айлығы төмен 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың табысы артады. Айта кетер жайт, Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбекақыны ең төменгі жалақыдан кем емес деңгейде төлеуге міндетті.
Сондай-ақ жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгені құрайды. Биыл 1 АЕК мөлшері 3 450 теңге болды. Айлық есептік көрсеткіш жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылады. Яғни, АЕК өссе, жәрдемақылар мен айыппұлдар да артады. Бұдан бөлек базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі 2024 жылы 43 407 теңге болып бекітіледі.
   Жаңа жылдан бастап елімізде зейнетақы мөлшері ұлғаяды. Жасы бойынша және еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы төлемдері 9 пайызға өседі. Ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 7 процентке көтеріледі. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері 57 853 теңгені құрайды. Қолданыстағы заңға сәйкес, Қазақстанда ерлер 63 жасында, ал әйелдер 2028 жылға дейін 61 жасында зейнетке шығады.
   Мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де ұлғаяды. 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, 4 және одан көп бала туғанда берілетін жәрдемақы 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін өседі.
Бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы мөлшерінде де өзгеріс бар.
Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 7 пайызға ұлғайтылады.
   Биылдан бастап зиянды еңбек жағдайында істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады. Арнайы төлемнің орташа сомасы 200 мың теңгеден асады. Бұл әлеуметтік төлем 55 жасқа толған және кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген, сондай-ақ зиянды жұмыстағы қызметін тоқтатқан жұмысшыларға беріледі. Келесі жылы зиянды өндірісте істейтін 37 мың қазақстандық арнайы төлем алуға құқылы. Төлем зейнет жасына дейін, яғни 63 жасқа дейін төленеді. Арнайы төлем алатын жұмысшылар ауыр жұмыстан жеңіл жұмысқа ауысуы шарт немесе өз қалауымен жұмыстан мүлде шыға алады.
Көпшілік күткен жобаның бірі – балаларға Ұлттық қордан қаржы бөлінуі. 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызға кәмелетке толмаған балалардың арнайы жинақтау шотына аударылады. Алғашқы төлемдер ақпан айында түсе бастайды. Жиналған қаражатты 18 жасқа толған соң ғана алуға рұқсат етіледі. Онда да шоттағы ақшасын баспана сатып алуға немесе оқу ақысын төлеуге жұмсауға құқылы. Бұл ретте ақшаны шетелде білім алу үшін пайдалануға рұқсат етіледі. Есепшоттағы ақша жылдар бойы доллармен жинақталады. Ал төленетін кезде сол күнгі курспен теңгеге аударылады.
   Биылдан бастап жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмысшылары үшін қосымша міндетті зейнетақы жарналарын аударады. Алғашқы жылы зейнетақы жарнасының мөлшері жалақының 1,5 процентін құраса, 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен 5 процентке дейін көтеріледі.
Көпшіліктің талқысына түскен мәселенің бірі – жаппай саусақ іздерін тапсыру. Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар ерікті түрде тапсыра алады. Яғни нақты міндеттеу жоқ. Дактилоскопиялық тіркеу шетелдіктерге ғана міндетті болады. Бастапқыда ішкі істер министрлігі Қазақстанның 16 жасқа толған барлық азаматын саусақ іздерін тапсыруға міндеттеуді жоспарлаған еді. Бірақ кейін заңға өзгерістер енгізіліп, республика азаматтары дактилоскопиялық тіркеуден ерікті түрде өтетін болды.
Елімізде құжат алу бағасы өседі. Оған айлық есептік көрсеткіштің жыл сайын көтерілуі себеп. 1 қаңтардан бастап АЕК 3 692 теңгені құрайды. Осыған байланысты құжат алған кезде төленетін мемлекеттік баж мөлшері де артады.
Жаңа жылдан бастап елімізде ең төменгі жалақының көтерілуіне байланысты МӘМС үшін аударылатын жарналардың сомасы да өзгереді. Елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталады.
   Алдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін барлық кәсіпкер мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндеттеледі. Бұл талап жеке кәсіпкерлігі мен заңды тұлғасы өз қызметін тоқтатқан немесе мүлдем жұмыс істемеген жеке кәсіпкерлерге де қатысты.
    Қазақстанда шағын кәсіпкерлік, соның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін барып тексеруге мораторий аяқталды. 1 қаңтардан бастап орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың тексерісі қайта жанданады.
Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы Қазақстанда балабақшаға кезекке тұрудың бірыңғай базасы құрылады. Ата-аналар Egov.kz порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы баланы кезекке қою үшін бірден 4 балабақшаға дейін таңдап, кейін онлайн берілген өтініштің мәртебесін бақылай алады. Балабақшалардың бірінде орын бола қалған жағдайда дереу ата-анаға хабарланады. Жалпы балабақша таңдаудан бастап, келісімшарт жасасуға дейінгі барлық рәсім электронды форматта өтеді. Бірыңғай деректер базасы мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлудің толық ашықтығын қамтамасыз ету үшін жасалмақ. Бүлдіршіннің денсаулығы туралы қажетті құжаттар денсаулық сақтау министрлігінің деректер базасынан автоматты түрде алынады. Келісімшарт қол қоюға және баланы балабақшаға тіркеу үшін ата-аналарға онлайн режимде жолданады.
   Сондай-ақ осы жылы 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұл өзгерістер 2023-2024 оқу жылынан бастап енгізілген, яғни мамыр айында балалардың қазақ тілінен білімі тексеріледі. Емтихан жазбаша және ауызша өтеді. Тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын мұғалімдер академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып өздері құрастырады. Қазақ тілі пәнінен қорытынды баға емтихан және жылдық бағалау нәтижесі бойынша қойылады. Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын.
   Көктемде Қазақстан аумағында бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі деп жоспарланып отыр. Еліміздің 15 өңірі 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні жергілікті уақытты бір сағатқа артқа жылжытады. Осылайша еліміз бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне көшеді. Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары үшін ештеңе өзгермейді. Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар газбен жүретін автокөлігіне арнайы белгі жапсыруға міндеттеледі. Арнайы белгі – жиегі қара түсті және «GAS» деген жазбасы бар сары теңбүйірлі үшбұрыш. Газбен жүретін, бірақ көлігінде белгісі жоқ жүргізушілерге 3 АЕК немесе 11 076 теңге айыппұл салынады. Сонымен қатар қалаларға кіретін және одан шығатын жолдарға бейнекамералар орнатылады. Олар ауыр жүк көліктеріне артық салмақ үшін автоматты түрде айыппұл салады. Сондай-ақ 220 камераны «Сергек» бейнебақылау жүйесімен біріктіру жоспарланып отыр.
Жоғарыда аталғандардан да басқа өзгерістер легі жетерлік. Біз тұрғындар үшін маңызды дегендерін ғана тізбеледік. Не де болса, өзгерістер игілікке, жаңа заңдар жақсылыққа бастасын дейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
04 қаңтар 2024 ж. 585 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 292

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 387

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930