» » «Сенім телефоны» сенімді ме?

«Сенім телефоны» сенімді ме?

фото ашық дереккөзден 

Осыдан 15 жыл бұрын, яғни мектеп оқып жүрген кезде директор кабинетінің алдында «сенім жәшігі» деген төрт бұрышты қорап тұратын. Оның ішінде не жазылып жатқанынан біз хабарсыз едік. Ара-тұра мектепішілік іс-шара, жинақтарға наразылық туралы шағымдарды ғана еститінбіз. Кейіннен заман ағымына сәйкес  солбір жәшік қоңырау түріне қарай ауысты. Қазір барлық мекеме, қызмет түрлеріне осы телефонды жүктеп қойған. Әлгінде айтқан «жәшік» кейбір мекемеде әлі күнге дейін бар. Бірақ ондағы шағымдарды тек басшылық білмесе, қара халық әдеттегідей бейхабар. Жылдың қорытынды есебінде де бұл мәселе көтере бермейтін сыңайлы. Оның «сенімділігі» де бәлки осы шығар. Ал бәзбіреулер мұндағы «сенім» сөзіне селқос қарайды. Жалпы «сенім телефоны» сенімді ме? Әлеуметтік қызметтің бір түрі саналатын осы сенім телефоны ел қажетін қаншалықты өтеуде? Сараптап көрелік.

Сенім телефонына азаматтар тығырыққа тірелгенде, жеке басына қатысты мәселе бойынша немесе құқығы тапталып, тиісті орындардың көмегіне жүгінуді құп көргенде қоңырау шалады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық әрекеттерге куә болған жағдайда хабарласады. Күйзеліске ұшыраған адамдар рухани қолдау, психологиялық көмекке мұқтаж болғандықтан да осы телефонның тетігін басады. Қоңыраудың қарсы жауабы ретінде көмек міндетті түрде көрсетілуі қажет. Иә, сенім телефонына хабарласқандарға психологиялық, медициналық, педагогикалық, құқықтық және ақпараттық көмек көрсетілуі тиіс.

Қолдау қажет
Қазақстанда 16 қазаннан бастап отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша бірыңғай сенім телефоны іске қосылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әлімжеттік құрбандары тәулік бойы 111 нөміріне жүгіне алады. Бұл туралы Үкіметтің сайтында хабарланды. 
– Қоңырау қалалық нөмірлер мен ұялы байланыс операторлары үшін тегін болады. Азаматтарға қажетті көмек мәтіндік диалог арқылы да берілетін болады, – делінген хабарламада.

Қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмек көрсету үшін білікті психологтар мен заңгерлер тартылған. Әрбір жағдай бойынша операторлар «шұғыл» қағидатын басшылыққа ала отырып, жеке тәсілмен кешенді көмек көрсететін болады. Бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіне 101, 102, 103 және тағы басқа нөмірлермен тең дәрежеде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және зорлық-зомбылыққа, қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу міндетін қойған болатын. Бұл ретте, 2020 жылдың қыркүйегінен бері «AMANAT» партиясы жанындағы «Бақытты отбасы» жобасы аясында балалардың құқықтары бұзылған және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары бойынша «111 шұғыл қызмет» желісі жұмыс істеп келді. Президент тапсырмасын орындау мақсатында қазан айынан бастап қазақстандықтар тәулік бойы тегін жұмыс істейтін «AMANAT»-тың отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі 111 байланыс орталығы» ұлттық желісіне жүгіне алады. Сондай-ақ бұл қызмет ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жетекшілігімен жүзеге асыруды көздейді.

Күн сайын елімізде балаларға қатысты 6 қылмыс жасалады, 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегеді. Балалар мен жасөспірімдер арасында әлімжеттік мәселесі де өте өткір болып отыр. Оны шешу үшін жан-жақты тәсіл қажет. Уақытылы көрсетілген көмек қайғылы оқиға салдарының 70 пайызының алдын алады. Бұл орталықтағы оператор саны 37 адамға дейін артуда. Алдағы жылы 57 адамға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл қадам бір мезгілде бірнеше өтінішті қатар қамтуға мүмкіндік береді дейді сала мамандары.

«Сенімге» селкеу түспесе...
Бәзбіреулер таныс адамына мұң-мұқтажын, ішкі уайымын айтуға жүрексінеді. Тіпті жақын деген адамының өзіне жан сырын, көрген қиындығын ақтара алмайды. Әлгі жақыны жарияға жар салардай  қорқатынын қайтерсіз. Мұндайда осы сенім телефоны көмекке келеді. Барлық қызмет түрінде «анонимдік» сақталады делінген. Осы сөзге иланады көбі. Елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефондары бар. Бұл тұрақты тексеріліп, бақылауда тұрады. «Сенім» жүйесінің жұмысы жанданса, түрлі келеңсіздіктің уақытылы алды алынып, дер кезінде шара қолдануға септігі тиер еді.

Адам жаны қиналғанда, тығырыққа тірелгенде, күйзеліске түскенде сенім телефонына, яғни сіздермен байланысатыны белгілі. Дегенмен негізі қандай мәселемен көбірек хабарласады? деген сұрақтың туындауы да заңды секілді. Психологиялық-сауықтыру орталығының мамандары тығырыққа тіреліп, шығар жол таппай, үміті үзілген жандардың көп хабарласатынын айтады. Кейбірі – жақындарының түсінбейтініне күйінсе, енді бірі – өмірінің мәні жоғалғанын не болмаса зардап шеккенін, құрбан болғанын айтып жатады. Арасында балаларының өміріне алаңдаған ата-ана да қоңырау шалып, көмек көрсетуін сұрайды. Сол секілді телефон қызметіне жүгінетіндер арасында әке-шешесінің шектен тыс қорғауынан шаршаған, бақылауынан жібермеуін сөз еткен балалар да бар екен. Жасы келген қарттар да, жалғызбасты қариялар да жиі хабарласады. Олар іштегі уайымымен бөлісіп, қолдаушысы барын сезініп, бірауыз жылы сөз естігісі келеді. Негізі түсетін қоңыраудың басым бөлігі – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тікелей байланысты. Әсіресе, отбасындағы зорлық-зомбылыққа әйел мен балалар жиі ұшырайды. Оның ішінде ұрып, соққыға жыққаны былай тұрсын, психологиялық, тіпті күш көрсетіп, зорлық-зомбылық әрекет болған жағдайлар да бар.

Қоңырау шалған адамдардың ең бірінші кезекте айтатыны «менің әңгімем жазылып жатқан жоқ па?» деп сұрайды екен. Айта кетейік, сенім телефонының көмегіне жүгінетін тұрғындарға еш уайымдаудың қажеті жоқ. Айтылған әңгіме құпия сақталады.

Статистика не дейді?
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің мамандары сенім телефондары арқылы 27 мыңнан астам әйелге кеңес берген. Демек, осынша адам көмек қолына мұқтаж болған деген сөз. Ал өмірлік қиын жағдайға тап болған 9 мыңнан астам зардап шеккен адам дағдарыс орталықтарына жүгінген.

Дағдарыс орталықтарының сенім телефондарына 5 мыңға жуық қоңырау түсіпті. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің инспекторлары баспанаға 3 мыңнан астам адамды орналастырған. Сондай-ақ әйелдерге 9 мыңнан астам кеңес берілген. Оның 5,5 мыңнан астамы полицияға жүгінді. Нәтижесінде 22 адам қылмыстық жауапкершілікке, 4731 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Суицид сергелдеңі
Сенім телефоны біраз адамға демеу болса, енді бірін өлім аузынан аман қалуына сеп болды. Әрине, күйбең тірлікпен өтіп жатқан өмірде біздің тірлігіміз судың тамшысындай ғана болар. Бірі – байқар, бірі – көзге де ілмес. Мұнда кейде өлім мен өмір арасындағы мәселе де болады. Өзіне қол салғысы келетін адамдар да дағдарыс орталығына хабарласып жатады. Тығырыққа тірелген, шырғалаң, шырмаудан шаршаған жанның жүрегіне үміт отын тұтату үшін бір қоңырауға берілген жауап та жетіп жығылады.

Сенім телефонына шағымданған жандар үшін ең маңыздысы – біреудің оларды тыңдағанын қалайды. Сондықтан жауап беретін операторлар да қоңырау шалған адамның көңіл-күйіне байланысты дауыс ырғағын өзгертіп, ойымен бөлісіп жатады. Себебі Дағдарыс орталығына тәулік бойы хабарласып, клиникалық психологтардан кеңес алуға болады. Ақысыз қызмет көрсетіледі.

Түйін
Жалпы сенім – қоғамның іргесін қалайды. Сенім болмай, ел болу да қиын. Адам әр күніне, ісіне белгілі бір дәрежеде сеніммен қарайды емес пе?! Кей сәтте адамды алға жетелейтін де осы – сенім. Сол себепті «сенім телефонына» сенім жоқ емес, тағы да сол халықтың құлықсыздығы ма деген ойға қаласыз. 

Ақнұр САҒЫНТАЙ
26 желтоқсан 2023 ж. 335 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 292

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 387

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930