Аға сыйлаудың үлгісі
qarmaqshy-tany.kz Бір кісі айтып еді, өткенде нелерің бар, болған жай болды, өтті, кетті деп. Бірақ сол өткен күннің жарқын естелігі жадыңда сайрап, жақсы көңіл-күй сыйлайтыны бар. Сондай бір жайттың есіме түсіп отырғаны.
1978 жылдың күзі болатын. Ол уақытта аудан орталығындағы мектептер колхоз, совхоздарға күзгі егін жинау мен жазда күрішті отақтан тазарту жұмысына көмекке баратын. Аудан орталығындағы №183 орта мектеп оқушылары Тұрмағамбет ауылына бекітілген. Ол уақытта (Ленин атындағы совхоз) сол шаруашылықтың К.Маркс бөлімшесіне күріш орағына көмекке келдік (қазіргі Алдашбай ахун ауылы).
Оқушыларды далалық үй-жайға орналастырдық. Совхоз бөлімшесінің бригадирі Мұсағалиев Әбдіқали ағай бізді қарсы алып, жалпы жағдаймен, жұмыс барысымен таныстырды. Бригада басындағы алты қанат қараша үй атақты Ленин орденді күрішші Шаймерден Шегебаевтың үйі екен. Шаймерден ақсақал – ұзын бойлы, мұртты, бір қарағанда қатаңдау, сұсты, сөзі нық, мақалдап-мәтелдеп сөйлейтін кісі екен.
Жұмыстың түрі – оқушылар жаткадан қалған күрішті орып, дестеге салады, масақ тереді. Жұмыстың ауырлығы, күннің ыстығы, түн мезгіліндегі масасы шаршатса да, аз күнде балалар қалыптасып үйреніп қалды.
Бірде оқушылардан демалыс сәтінде Шаймерден ақсақал ортамызға келіп, оқушылардың хал-жағдайын сұраған соң бір әңгімені бастап кетті.
– Абай атамыз «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп насихат қалдырған. Маңдай тер, адал еңбек бар жерде береке-бірлік болады. Еңбек адамды есейтеді. Еңбек есейткен жан арман қуады. Арман адамды азаматқа айналдырады. Ел пайдасына жұмсаған еңбегің ешқашан елеусіз қалмайды, балаларым осы естеріңде болсын, – деп өсиет айтқаны бар.
«Алтын да тас, тас та тас,
Алтындай болмас басқа тас.
Алтынға алтын кездессе,
Алтынды алтын тастамас», – дегендей, егіншілердің ала жаздайғы еңбегі, ысырап болмасын, бір масақ қалдырмай теріңдер деп, сөзін өлеңмен аяқтады ақсақал.
Бұл 100 шайыр шыққан ауыл емес пе, әкеміздің ақындығы, жыршы-термешілігі, шежіреге жүйріктігі, Сыр сүлейлерінің өмір тарихын көп білетіндігі байқалып еді.
Бір күні мені аудандық білім бөлімінің шақыртуымен сағат 3-тен қалмай жетуім керек болды. Ертемен тұрып, жолға шықтым. Канал жағасында көлік тосқаныма да әжептәуір уақыт болды. Күз айы болғанымен күн ыстық, ара-тұра канал суына жуынып, салқындап аламын. Жуыр маңда көліктің де қарасы көрінетін емес, үлкен жолға түсіп, ілгері К.Маркс бөлімшесіне қарай бет түзедім.
Ауылға жақындай бере оң жағымыздағы төбе басына үйтам (бейіт) тұрғызып жатқан 3-4 кісі көрінді. Жолығып сәлем бердім. Басқарып жүрген Шаймерден ақсақал екен.
Үлкендерден естігенім: «Бұндай жағдайға кез болғанда аялдап, аз да болса қол көмегіңді бер, білген құраныңды оқы» дейтін. Жоралғымды жасап болған соң жөнімді айтып, ақсақалдан рұқсат сұрадым.
– Жолың болады балам, аруақтан аттап өтпей құрмет жасадың, шақырған жерге уақытында жетерсің, бұл үйтам Алдашбай ахун баласы Асан Мақсымдікі. Ертең мен дүниеден өтсем, менің орным анау төбенің етегінде болады. Алдашбай ахун дүниеден өткенде елде сол жылы шегіртке қаптап, халық егінді қорғап, жаппай күнұзақ егіс басында жүреді екен. Жұртшылық намазға қалай қатысамыз деп дағдарыпты. Намаз болатын күні бәймәлім жұмбақ жағдайда шегіртке біткен топ-топ болып, ауа көшіп, ұшып кеткен соң халық намазға түгелдей қатынасыпты. Алдашбай ахун, баласы Асан Мақсым да қари, білімі теңіз адамдар болатын. Ал, жолың болсын, балам, – деп диқан ата ақ батасын берді.
Уақыт түс ауған шақта жүк машинасына міндім. Көлік Тұрмағамбет ауылынікі екен, ауылдың кіреберісіне мені түсіріп, қырманға бұрылып кетті. Ауылдың бас көшесімен орталыққа қарай жүрдім. Күн ыстық, көшеде жан баласы көрінбейді. Алыстан күнделікті қатынайтын автобус Қармақшыға бұрылып кетіп бара жатты. Қап, үлгермедім-ау дегенше Таржаңбай аға мотоциклімен өте береді. Қол көтеріп тоқтатып, Тұрмағамбет ескерткіші тұсынан автобусқа үлгердім. Сырдарияның қалқымалы көпіріне жеткенде автобус оталмай қалды. Сол сәт «Ақмаржан» мейрамханасынан келе жатқан жүк көлігіне отырып, діттеген жеріме де жеттім. Сонда есіме Шаймерден ақсалдың «Жолың болады, уақытында жетесің» деген сөзі түсті. Иә, тоқтаусыз, көлік ауыстырып уақытында жеттім. Бұл жағдайға осы уақытқа дейін таң қалумен келемін. Одан бері де арада қаншама жылды артқа тастадық. Бірде Қуаңдарияға жол түсіп, Алдашбай ахун ауылынан шыға бергенде сол жақтағы екі үйтам көзіме оттай басылды. «Ертең мен дүниеден өтсем менің орным төбенің етегінде, ал биіктегі үйтам Асан Мақсымдікі болады» деп еді Шәймерден ақсақал.
Екі абыз бір-бірін қатты қадірлеп, сыйлап, құрметтеген екен. Аға сыйлаудың үлгісі осындай-ақ болар!
Уахитбек СҰҢҒАТОВ