» » «Ауыл аманаты» жаңа мүмкіндіктер жолы

«Ауыл аманаты» жаңа мүмкіндіктер жолы

qarmaqshy-tany.kz ЖАЛПЫ БІЛЕ БІЛГЕН, ҚОЛДАНА БІЛГЕН ЖАНҒА ҚАЗІР МҮМКІНДІК КӨП. ТЕК НИЕТІҢІЗ БЕН ЕБІҢІЗГЕ ҚАРАЙ ЖОЛ ТАБА БІЛСЕҢІЗ БОЛҒАНЫ. АЛ ҮКІМЕТ ТАРАПЫНАН БЕРІЛЕТІН ТИІМДІ БАҒДАРЛАМАЛАР МЕН ОЛАРДЫҢ ИГІЛІГІН КӨРІП ОТЫРҒАН ЖАНДАР ТУРАЛЫ МАҚАЛАЛАР ГАЗЕТІМІЗДЕ ЖИІ ЖАРИЯЛАНАДЫ. БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ - ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚТАР МЕН ӨНЕГЕЛІ ІСТІ ҮЛГІ ЕТУ. ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ ПЕН АЗ ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕ АРҚЫЛЫ АУДАН КӨЛЕМІНДЕ БІРШАМА КӘСІПКЕР КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТІП, ШАРУАСЫН ШИРАТЫП ОТЫР. БИЫЛ ЖАҚСЫЛЫҚҚА БАСТАР МҰНДАЙ ЖОБАНЫҢ ТАҒЫ БІРЕУІ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ. ОЛ - "АУЫЛ АМАНАТЫ" ЖОБАСЫ.


Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына барша бұқара қатты мүдделілік танытып отыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында ауыл кооперациясы аграрлық саланы дамытуға жол ашатынын айтқан болатын. «Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет» деген еді Президент өз Жолдауында.
Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы No1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар ауданға қарасты елді мекендердің барлығын аралап, «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.
Былтыр Жамбыл облысында басталған қанатқақты жоба биыл еліміздің бүкіл өңірін қамтитын бағдарламаға айналып отыр. Себебі пилоттық жобаның қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өскен. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайып, жұмыссыздық деңгейі 36 пайызға төмендеген екен.
– «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған. Несиелер биылғы жылдан бастап беріле бас тады. Аудан бойынша 48 жоба қорғалып, 48 адам несие алды. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банктен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Біржан Өмірзақов.

Бағдарлама бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады.
– Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр. Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек, – дейді Б.Өмірзақов.

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады. Ол үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы қажет.
«Ауыл аманаты» – оңтайлы бағдарлама, 2,5 пайызбен, бірінші жылға арналған жеңілдікпен және ауылдық жылжымайтын мүлік кепілімен қазірде бірде-бір қаржы ұйымы қарыз бермейді. Біз бұл бастаманы қолдауға, тиімді пайдалануға, нәтижелі іске асыруға дайынбыз» дейді жеке кәсіпкер Айдын Мұсаев.
Аудан тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артуда. Қолынан іс келетін, дөңгелетіп отырған шаруасы бар көптеген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға ризашылығын білдіруде. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Тұрғындар жаңа жобадан игілік көріп, жұмыссыздық деңгейі төмендеп, халықтың әл-ауқатының жақсаратынына сенім мол.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Сурет Нұрболат НҰРЖАУБАЙДІКІ
26 қараша 2023 ж. 323 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10344)

05 қазан 2024 ж.

№78 (10343)

01 қазан 2024 ж.

№77 (10342)

28 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 181

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031