» » Ел қабырғасын қайыстырған қаралы күн

Ел қабырғасын қайыстырған қаралы күн

qarmaqshy-tany.kz Сенбіде қазақ жұрты таңын қаралы хабармен қарсы алды. Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында үлкен жарылыс болып, ел қайғы жамылды. Апат кезінде шахтадағы 252 адамның 205-і жер бетіне шығарылған. Қаза тапқандар саны – 45. Қалған кеншіге түрлі жарақаты бойынша медициналық көмек көрсетілуде. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қазанды – Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Осы жылы еліміз екінші рет аза тұтып, көк туымыз төмен түсті. Тәуелсіз ел тарихында бұл он үшінші аза тұту болып отыр. Ел Президенті Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты.
– Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының жан-жақты көмек көрсету міндеті, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мұнан соң ел Президенті шахтада болған апаттың салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді. Ең алдымен құтқару жұмыстарының барысы және қазіргі ахуалы туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың баяндамасын тыңдады. Кеншілерді құтқару жұмыстарына 10 бөлімше, 55 тау-кен құтқарушы және 12 техника жұмылдырылған. Жұмыстар бір-бірінен 6 шақырым қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесі аумағында жүргізілуде. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та әртүрлі зардап шеккен азаматтарға толық медициналық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
Соңғы мәлімет бойынша 45 кеншінің денесі табылса, 1 кеншіні іздеу жалғасуда. Мамандар Қазақстан шахтасындағы адам шығынына қарап, ең үлкен рекордтық көрсеткіш көрсетіп отырғанын айтады.
Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берді. Сарапшылар бұған дейін компания ескі техниканы жаңартуға асықпаған. 30 жылдың ішінде өндірістің модернизациясына, өндірістің қауіпсіздігіне қаржы жұмсалмағанын айтады.
Жалпы Қарағанды шахтасында қайғылы жағдайлар көп орын алуда. Опат болғандар саны жыл санап артып келеді. Мәселен, 1995 жылы «Ленин» шахтасында метан жарылып, 13 кенші көз жұмған. Араға үш жыл салып тағы осы кен орнында жарылыс қайталанып, 3 адам ажал құшқан. Одан кейін 2004 жылдың желтоқсан айында Шахтинск қаласындағы шахтада газ жарылып, 23 кенші опат болса, 2006 жылы метан жарылып, жер астында жұмыс істеп жатқан 41 адам көз жұмған. 2008 жылы да «Абай» шахтасында метан жарылып, 21 адамның мәйіті сол күйі табылмаған. 2017 жылдың тамыз айында «Қазақстан» шахтасында кенеттен газ жарылып, 136 адамның 3-еуі көз жұмған. 2021 жылы да бір оқиға орын алып, 2 адам зардап шегіп, 6 адам жер астында қалған.
Биыл тамыз айында да шахтада өрт шығып, 227 адамның 222-сі құтқарылып, 2 адам опат болған. Енді оған «Костенко» шахтасындағы үлкен жарылыс қосылып отыр. Мамандар егер мұндай жағдайлар тоқтаусыз орын ала берсе, бұл шахталар адам өміріне қауіпті екенін айтады. Дерек бойынша елдің көмір өнеркәсібінде 27 мың адам еңбек етсе, соңғы отыз жылда көмір шахталарында орын алған қайғылы оқиғалардан 100-ден астамы опат болған.
Шахтада болған өрт салдарынан қаза тапқан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмысшыларының отбасыларына Мемлекет басшының тапсырмасына сәйкес толыққанды көмек көрсетілетін болады.
Бүгінде елімізде бас мүфтидің бастамасымен барлық мешітте намаздардан соң шахтада қаза тапқан жандарға Құран бағышталуда. Сыр имамдары да апат салдарынан ауыр хәлде жатқандардың амандығын тілеп, дұға жасады.
Ерсін ӘЛІБАЙ
31 қазан 2023 ж. 339 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 300

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 397

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930