» » Қоғамда қайсысы қымбат: Адам ба, ит пе?

Қоғамда қайсысы қымбат: Адам ба, ит пе?

qarmaqshy-tany.kz Республикада ит атуға тыйым салынғалы бері қаңғыбас иттер көбейіп, адамдарға жиі шабуыл жасайтын болған. Ондай жағдайлар әлеуметтік желіде ашық көрсетілуде. Мұндай ауыр жағдайларға балалардың тап болатыны жан ауыртады. Біздің ауданымызда да үй жануарларына таланған жандар аз емес.
Адамның досы
Қазақ дәстүрінің итке көзқарасы басқаша. Оны қазіргідей көпқабатты үйде көршінің мазасын алып, абалатып үйде ұстамаған. Немесе сәндік үшін қалтасына салып, болмаса қолтығына қысып жүрмеген. Қазақ дәстүрінде итті екі жағдайда ұстаған. Біріншісі, аталарымыз төрт түлікпен тіршілігін түтеткендіктен оны ит-құстан малжанды қоруға пайдаланса, екіншісі, аңшылық, саятшылық мақсатында қажетіне жаратқан. Сол себепті де салтымызда итті жеті қазынаның бірі санап, жанына жақын тұтқан. Әлемде иттің сан алуан түрі бар. Қалта итінен бастап, денетұрқы аюға жете қабыл төртаяқтыға дейін табылады. Оларды әдемілік үшін де, күзет үшін де ұстайды. Тіпті төбелестіріп ақша көзіне айналдыратын жағдайлар да аз емес. Бірақ олардың тұқымы әртүрлі болғанымен, ерте заманнан-ақ ит адамның досы саналған. Иттер жайлы айтқанымызда тоқталатын ортақ мәміле де – осы.
Басқа үй жануарына қарағанда, ит иесіне адал. Есті келеді. Аумағын қорғауда таптырмас дос. Кейде таңертең өріске қой, сиырмен бірге кетіп, кешқұрым соларды үйіне қарай үйіріп әкеп жатады. Бұл әсіресе ауыл тұрғындары үшін үйреншікті дүние. Олардың арасында пошымы жағынан ірісі – түркімен алабайы. Қазір осы тұқымдас иттерді Қазақстанның кез келген өңірінен кездестіруге болады. Бұрын ілуде болатын мұндай азулы итті бүгінде көптеген адам қолай көреді. Үй иелері қонаққа немесе сырт кеткен кездерде есектей иттерді қарғыбаудан босатып, темір шарбақтың ішіне бос қоя береді. Бір қиыны, ашулы, ызалы иттер тек иесіне ғана көндігеді. Түркімен алабайы сұсы және ірілігімен ерекшеленсе, өзіміздің төбет дене формасы жағынан қалыс қала алмайды. Бірақ қазақ халқының ежелгі тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан бөрібасары мен құмай тазысы текті қасиетімен өзгешеленген. Екеуі де бейбіт, адамға қарсы шаппайды. Иттің төресі деп осыларды айтамыз. Тазы жайлы мына оқиға еске түсіп тұрғаны.
Бірде бір ағамыз тазыларын серуендетуге қолы босамай, жарыстармен жүріп қалған болса керек. Ауылға келісімен 4-5 құмайын қорадан босатқан бойда сыртқа қарай атыла жөнеледі. Артынан ілесе шыққан ағамыз да жараулы атқа қамшы салып шаба жөнепті. Көз ілеспес жылдамдықпен жүгірген иттердің артынан шаңы ғана қалыпты. Бірнеше күннен бері серуенге шықпаған тазылардың бұл қылығын ит иесі өзі де іштей сезіп келе жатқан еді. Анадайдан қойын өргізіп келе жатқан малшыны көзі шалады. Желмен жарысқан тазылардың алға ытқып кеткені сонша, әп сәтте сол жақтан бір-ақ шаң бергені. Мамыражай жайылып келе жатқан бір отар қой ортасынан қақ жарылып, екі жаққа бөлінеді де қалады. Қапелімде не істерін білмеген малшы, «Кет-ай, кет-айдан» әрі аспай, сасып қалады. Қас пен көздің ортасында отар қой қымқиғаш болады. Тазыларға қуып жетуге тырысып, атты сабалағанымен үлгере алмаған ағамыз өз көзіне өзі сенер емес. Отардың ортасында тамақтан қиылған 4-5 қой теңкиіп, домалаң асып жатыр екен. «Ой, Аллай! Мұндайды кім көрген!» дегеннен басқа ойға ештеңе түспепті. Болған іс болды, қойлардың шығынын өтеді. Бірақ, табиғат жүйрік етіп жаратқан жануардың кінәсі жоқ екенін жақсы түсінді. Бұл оқиғадан соң, тазыларды ауылдық жердегі жолдастарына апарып тастады. Себебі, бұл тұқым желмен жарысуға жаралған, оны серуенге шығарып, аң-құсқа салып тұрмаса, оған обалдық етеді. Мына жағдай – соның нәтижесі.
Ескерткішке төртаяқтылар да лайықты
Құрмет, қошемет адамға ғана лайықты десеңіз, қатты қателесесіз. Ол итке де қойылады екен. Жаһанда иттерге қойылған мүсін, ескерткіштер аз емес. Соған қарай олардың өз тарихы, оқиғасы бар. Мысалы, Түркіменбашы Ашхабад қаласында алабай тұқымдас иттің құрметіне қойылған ескерткіштің ашылуына өзі арнайы келіп, іс-шарасына қатысқан. Түркімендер қадір тұтатын алабай қарауылдық, қорғаушылық қызмет атқарады. Ол туралы Гурбангулы Бердымухамедов Орта Азияда бағалы саналатын алабай туралы кітап жазып, баспалап шығарған.
Итке ықылас ағылшындарда да ерекше. 150 адамды өрттен құтқарған питбульге ескерткіш орнатып, ерлігін паш еткен. Егер де төртаяқты адамның досы дер кезінде хабар беріп үлгермегенде, бәлки сонша жан тілсіз жаудың құрбаны болып кетер ме еді, кім білсін?!
Ал әйгілі Хатико ше? Әлемнің түкпіртүкпіріне таралған фильмнің қаралымы да әжептәуір. Одан бұрын иттің адалдығын айтсаңызшы. Киноның басынан бастап соңына дейін көз жасына ерік бермеу мүмкін емес. Қызметте жүріп о дүниелік болған иесінің кеңсесінің алдында 9 жыл тапжылмай жатып күтеді. Ақырында өзі де сол жерде мүрдем қатады.
Хайуанға ескерткіш қоюдан біз де қалыс емес екенбіз. Беда атты неміс овчаркасына биіктігі 3 метр болатын ескеркіш Ақтөбеге жақын Қызылжар ауылының маңында орнатылған. Оны Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлер қойған. Талай мәрте жауынгерлерді ажал аузынан аман алып қалған овчарка сарбаздардың алдына түсіп алып, жарылғыш заттарды іздейтін болған. Бірде ит иесі ауыр жарақат алып, госпитальға түседі. Сол кезде Беда госпитальдың алдынан кетпей, иесін тосып жатуын тоқтатпайды. Берген тамақтан да бас тартады. Мұны көрген басшылық ит иесі жазылып шыққаннан кейін өзімен бірге еліне алып кетуге кеңес береді. Сөйтіп, ақтөбелік қазақ жігіті Беданы өзімен бірге алып келеді. Бұл жаққа келгесін де ақылды ит күзет қызметінде ұрыларды ұстауға септігін тигізеді.
Қауіп қайдан демеңіз?
Үй жануарлары бір қарағанда қауіпсіз көрінеді. Бірақ қауіп қайдан демеңіз? Кейде олардан да сақтанбаса болмайды. Кез келген жерден тап беруі мүмкін. Әсіресе ит қабу жағдайлары соңғы жылдары көбейген. Бейресми деректерге сүйенсек, құтырма ауруынан жылына әлемде 60 мыңға жуық адам мерт болады екен. Аң, құстың осыданақ қаншалықты қауіп тудыратынын бағамдай беріңіз. Бір жақсысы, біздің аудан бұл аурудан әзірге тыныш. Дегенмен ит немесе басқа үй жануары тістеген жайттар кездесіп отыр. Енді фактілермен сөйлейік. Аудандық санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасымен осы жылдың басынан қазіргі мерзімге дейінгі аралықта жануарлар жарақатымен 131 жағдай тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 79-ды құрайды. Жарақат алғандардың 76-сы көшенің иесіз иттерінен болса, 45 жағдай белгілі, яғни иесі барлары болып саналады. Жарақат алушылардың 121-і ит қапқаннан болса, мысықтан да жарақаттанған 1 жағдай тіркеліпті. Тіпті жылқы мен кірпіден де осындай бір жағдайдан орын алған.
– Иесі бар жануарларға басқарма тарапынан жарақаттаған жануарларды құтырма ауруына тексеру және бақылау үшін хабарлама хаты беріліп, хатқа жауап берілуде. Осыған дейінгі тексерілген ит, мысықтардың арасында құтырма ауруына белгілері барлары болған жоқ. Сонымен қатар 45 жағдайдың арасында жарақаттанушының өзінің жеке меншігіндегі иті емес, өзгенің немесе басқа иесі бар азаматтарға «Жануарларды күтіп ұстау» ережесінің бұзылуына байланысты тиісті шаралар көру үшін біздің тараптан қызметтік хаттар жолданып, жауаптары алынуда. Жыл басынан бері құтырма ауруымен ауырған науқастар тіркелген жоқ, — дейді аудандық санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлнар Төлепбергенова.
Басқарма мамандарының айтуынша, былтыр адам денсаулығына зиян келтірген ит қабу, тістеу дерегі 129 жағдайды құраған. Оның ішінде 51 жағдай балалардың үлесіне тиесілі екен. Өткен жылғы мәлімет пен биылғыны салыстырып қарар болсақ, айырмашылық бар және ол биыл өсім беріп отыр. Басқарма тарапынан құтырма ауруының зияны жайлы да сұрап көргенбіз.
– Ол – орталық нерв жүйесінің зақымдануымен және өлім жағдайына әкеп соқтыратын ошақтық ауру. Құтырманың табиғи ошақтары қасқыр, түлкі, қарсақ, шибөрі, үй жануарлары: ит, мысық, жылқы, тағы басқасы. Вирус ауру жануарлардан жарақат алу, тырнақталу, сілекейлену арқылы жұғады. Оның жасырын кезеңі 12 күннен 1 жылға дейін созылуы мүмкін. Алғашқы белгілері – тістелген тыртық орнының ауруы, қызарып ісінуі, жансыздануы. Қорқыныш, үрей, бастың ауруы, тітіркенушілік, тыныс алу мен жұтынудың қиындауы, дене қызуының жоғары көтерілуі де құтырманың белгісінен. Бұл аурудың емі жоқ, алайда алдын алуға болады. Жануарлардан жарақат алған жағдайда құтыруға қарсы екпе курсын алу үшін емдеу мекемелеріне медициналық көмекке қаралуы керек. Әрбір адамды өлімнен құтқарудың жалғыз әдісі – жүйелі түрде құтыруға қарсы екпе жүргізу. Үйде ұсталатын иттер мен басқа да жануарлар ауыра қалған жағдайда, оларды мал дәрігеріне көрсетіп, тексерту қажет, – дейді басқарма басшысы.
Қанша адам ем алған?
Қапқан, тістеген жағдайда зиян шегушілер міндетті түрде медицина мекемесінен ем қабылдайды. Аудандық аурухананың мәліметінде аудан бойынша жыл басынан бері 9 ай көрсеткіш қорытындысымен үй жануарларынан жарақат алған адам саны – 130. Оның ішінде аурухананың қабылдау бөліміне келіп көрінген науқас – 49. Оның ересегі – 30, ал бала саны – 19. Ит жарақатымен 48 адам жүгінсе, мысық тістегені 1 факт. Емхананың хирургия кабинетіне қаралған науқас саны 81 болса, оның ересегі – 29, балалар саны – 52. Мысықпен жарақатталған 3 дерек болса, 77 дерегі ит, 1 дерегі кірпі тістеуден болған. Өткен жылмен салыстырғанда ит қабу, тістеу жарақатымен 121 адам ем қабылдаған. Олардың бала саны – 82 болса, ересегі 39 адамды құраған.
– Қабу, тістеу жарақатымен жүгінген әрбір науқасқа шұғыл түрде көмек көрсетіледі. Жарақатқа өңдеу жұмыстары жүргізіліп, екпе салынады. Науқасқа құтырма ауруы жөнінде мағлұмат беріліп, түсіндірме жүргізіледі. Толық екпе алынғанша, аймақтық дәрігерлер мен медбикелер бақылауда ұстайды. Жыл басынан 9 ай көлемінде үй жануарларынан жарақат алған 130 науқастың барлығы да ем алып шықты, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев.
Ешкімнің басына бермесін
Тән жарасы жазылар-ау, жан жарасы ше? Қапқан, тістеген оқиғалардан осындай қорытынды шығарамыз. Әсіресе, шырылдаған баланың даусын елестету жанға қаншалықты ауыр. Әлгі адамға қарайтын пәлекетің ересек адамға тап берсе де, оңай емес. Бір жойқын арпалыстың орын алары сөзсіз. Ит қапқан осындай жанмен сөйлескенімізде көшеде ит көрсе, әліге дейін жанын шүберекке түйетінін айтады.
– Көршінің үйінің қасынан өтіп бара жатқанмын. Дарбазасын қызы ашып қалғанда ар жағынан алабай ит маған қарай жүгірді. Не істерімді білмей қалдым. Бірақ ол үйде қабаған ит бар екенін көршілер білетінбіз. Есігі жабық тұрғасын бірден ұмтылады деп ойламадым. Қолымнан келгені қорғана бердім. Онымен арпалысып жатқанда сол үйдің ересектеу баласы шығып қалып, итін ұстауға әрекеттенді. Мойнында қарғыбауы жоқ екен. Бір кезде енді ұстады-ау дегенде қолынан босап кетіп, маған қайта шапты. Екінші ретте ғана зорға ұстап, үйіне әкетті. Содан жаным аман қалды. Есектей итпен жанталасып жүріп, қолымды аямай тістегенін де сезбеппін. Үйге келгесін қан тоқтамады. Жедел жәрдем шақырып, әрі қарай мені ауруханаға алып кетті. Хирургия бөліміне жатқызды. Онда ем алып, 3 күн вакцина салды. Жарақат алған оң қолым бір айға дейін дұрыс болмай, өзіме келе алмадым. Сол жағдайды еске алсам, жүрегім ауырады. Сол сәт басымнан қайта өтіп жатқандай. Итке полиция айыппұл салды деп есіттім. Ондай адам қабатын итті байлап ұстау керек деп ойлаймын. Үйдің маңынан балалар өтеді. Оларды да талап, қауып жатса, соңы не болмақ? Сол жағы мені алаңдатады. Қайта баласы шығып қалып, мен аман қалдым. Ал адамы болмай қалса, не болатын еді? Психологиялық травма қалады деген рас-ау, – дейді есімін көрсетпеуді сұраған Жосалы кентінің тұрғыны.
Иә заң бойынша қаңғыбас ит, мысықтарды атуға тыйым салынған. Тек белгілі себептерде ғана жансыздандырылады. Бұл жөнінде ветеринария саласының мамандары не дейді?
– 2021 жылы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына қол қойып, қолданысқа енгізілген болатын. Қазіргі таңда қаңғыбас ит, мысықтарды аулап, жансыздандыру жұмыстары аталған заңға сәйкес реттеледі. Осыған байланысты кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. 2022 жылғы 18 мамырдағы №162 бұйрығымен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің әзірлеген «Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың үлгілік қағидалары» бекітілді. Сондай-ақ, бұйрықтың 4-тарау, 25, 26-тармақтарындағы адамға, жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жануарлар, оның ішінде кемінде үш дарақтан тұратын топтасқан жануарлар, емделмейтін аурулармен ауыратын жануарлар заңға сәйкес тыйым салынбаған препараттармен, дәрі-дәрмекпен (эвтаназиямен) ізгілік жолмен жансыздандыруға жатады деп көрсетілген. Бұйрықтың аталған тармақтарында аулау жұмыстарын ветеринариялық стансалардың жүргізетіндігі нақтыланбаған. Осыған байланысты мемлекеттік бюджеттік бағдарламасы да қалыптастырылмаған. Қазіргі таңда жоғарғы тұрған органдармен аулау қызметімен айналысатын мекемелерді нақтылау жұмыстары жүргізілуде, – дейді сала мамандары.
Сонымен қатар, мақала жазу барысында тақырыпқа орай аудандық полиция бөлімінен де мәліметтер сұратқан едік. Олардың айтуынша, ақпараттарды есепке алу-тіркеу кітабына тұрғындарды ит қабу мен мысық тістеудің есепті кезеңде 66 дерегі тіркелсе, оның ішінде кәмелетке толмағандарды 49 ит, 4 мысық тістеу фактісімен тіркеген. ҚР ӘҚБтК-нің 407-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы талаптарына сай, 13 ит иесіне әкімшілік жауапкершілікке тарту шарасы көрілсе, қалғаны бойынша жинақталған құжаттар номенклатуралық іске жолданған.
Бәрін айт та, бірін айт. Сөздің тобықтай түйіні, өз-өзіңізге абай болып жүргеніңіз. Қала берді әлдеқандай жағдай бола қалса, емханаға жүгінуді естен шығармаңыз.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК

30 қазан 2023 ж. 459 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 304

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 401

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930