Мереке қарсаңындағы мерейлі еңбек
Елімізде қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің мерекесі. Атаулы күнге «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалының әлеуметтік қамсыздандыру бойынша аудандық бөлімшесі де жоғары жетістікпен келіп отыр.
Филиал 2016 жылы корпорацияға қосылғанымен, ол өз жұмысын 1997 жылы бастап, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық деген атпен Қазақстан Республикасының Қаулысына сәйкес құрылған болатын.
Басында аудан тұрғындарына әлеуметтік жеке код берумен ғана шектелсе, мекеме кейіннен әлеуметтік салада ойып өз үлесін алған үлкен құрылымға айналды. Әлеуметтік сала мемлекет саясатының басты назарында болып, жылдан-жылға қызмет саны да ұлғайып келеді. Бүгінде мекемеде ай сайын 25 төлем түрі бойынша 7816 адамға 761 млн теңге мөлшеріндегі қаржыға тапсырыс беріліп, қаржыландырылу жүргізіледі.
Мекеме құрылғанда бөлім басшысы болып Әділхан Мырзақұлов тағайындалып, сол қызметті өткен жылға дейін абыроймен атқарып, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан. Аға буынның салып кеткен ізін қазір білікті мамандар жалғап отыр. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі аудандық бөлімін бүгінде өз ісінің шебері Зерина Шаймерденова басқарады.
– Қазіргі таңда әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді толықтай цифрландыру, яғни электронды, әсіресе проактивті форматта көрсету болып табылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында 2025 жылға қарай барлық мемлекеттік қызметтердің 100 пайызын электрондық форматқа, оның ішінде кемінде 60 пайызын проактивті форматқа көшіру міндеті қойылған. Проактивті қызмет түрі – қызметті беруші мен алушының байланысын болдырмайды, қызмет көрсету уақытын барынша қысқартады, қағазды құжаттарды жинаудың және уәкілетті органдар қызметкерлерінің қатысу қажеттілігін жояды, – дейді ол.
Ұжымның тылы ардагерлер десек, қателеспейміз. Олар әркез кейінгілерге ақылын айтып, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Осы ұжымда жұмыс істеп, зейнеткерлік демалысына шыққан ардагерлер Зина Құдабаева, Иса Жылқыбаевтың бұл ретте еңбегі зор.
Әлеуметтік сала үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір қызметтің артында сол қаржыны игілігіне жұмсасам деген адамдар мен олардың отбасылары тұр.
– Сол қызметті сапалы көрсету үшін бөлімге келген әрбір тұрғынның сұрағын тыңдап, оларға қажетінше қызмет көрсетіп отырған қызметкерлер Дүйсенкүл Қожағұлова, Лаура Бекенова, Рыскүл Жиенбаева халықтың алғысын алып жүрген майталман мамандар. Сондай-ақ мекемеде жұмыстың қалыпты деңгейде жүруіне үлестерін қосып отырған штаттан тыс мамандардың да еңбегі зор. Әріптестерімді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын және олардың дендеріне саулық, отбастарына аманшылық, береке-бірлік, еңбектеріне абырой, табыс тілеймін, – дейді Зерина Залқызы.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК